Астанаға 20 жыл

Кәсіпкердің Астана күніне тартуы

Қордай ауданындағы Бетқайнар ауылында да көл-көсір қуаныш. Мұнда Астана қаласының 20 жылдығына орай жаңадан бой көтерген «Асыл перзент» балабақшасы пайдалануға берілді. Жалпы жобасы 40 миллион теңгені құрайтын аталған нысанның жылу жүйесі газдандырылған, сондай-ақ, орталықтандырылған су жүйесіне қосылған. Негізінен, аталған ауылда осы уақытқа дейін балабақша мәселесі күн тәртібінен түспей келген екен. Осы проблеманы ескерген Ләззат Оңгелдиева ауылға балабақша салуды жоспарлап, қолда бар қаражатымен іске кірісіп кеткен. Нәтижесінде, жоспары іске асып, ауыл тұрғындарының батасын алуда. Бүгінде 100 бүлдіршінді 4 топ бойынша тәрбиелеп жатқан балабақшада 10 педагог және 16 кіші қызметкер жұмыспен қамтылған.
– Қазіргі таңда кәсіп ашып, ісін өрге қарай дөңгелетемін дегендерге түрлі мемлекеттік бағдар­ла­малар жәрдемдесе алады. Біз де жекеменшік ба
лабақшаға мемлекет тарапынан көмектер бола­тынын біліп, іске кірістік. Жалпы, бұл менің 5 жылдан бері ойлап жүрген ойым болатын. Сәтін салып, Астана қаласының 20 жылдығы қарсаңында ауылымыздың өз балабақшасының тұсауын кесіп отырмыз. Мұнымен тоқтап қалмай, ғимаратымыздың аумағын кеңейту арқылы бүлдіршіндерді көптеп қабылдауға жағдай жасауымыз қажет. Бүгінде балаларды 7 мың теңгеден қабылдап жатырмыз. Сондай-ақ, мемлекет тарапынан әр бүлдіршінге 25 мың теңгеден қосымша қаржы бөлінбек. Бұның барлығын Елбасының мектепке дейінгі тәрбиеге деген қамқорлығы деп түсінеміз, – дейді кәсіпкер әрі құрылыс жұмыстарын жүргізген мердігер Ләззат Оңгелдиева.

Балабақшаның салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан аудан әкімі Болатбек Байтөле жергілікті жұртшылықты құттықтап, ізгі тілегін білдірді.
Сондай-ақ, шарада аудандық мәслихаттың хатшысы Руслан Нұрсипатов та сөз тізгіндеп, тұрғындарды балабақшаның ашылуымен құттықтады. Ал, Бетқайнар ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сейсенбек Сабыров ақ батасын берді. Мұнан соң балабақшаның лентасын аудан әкімі Болатбек Байтөле мен аудандық мәслихаттың хатшысы Руслан Нұрсипатов салтанатты түрде қиып, заманауи жабдықтармен жабдықталған ғимарат ішімен танысты.

«ARAI»-дың тілшілер тобы

ПІКІР