Кәсіпкерлердің құтты орнына айналған Фронт кеңсе

0 13

Кәсіп ашып, нәсібімді молайтамын деушілер үшін облыста қолдау көп. Яғни мемлекет тарапынан ақпараттық көмек, құжаттарды кедергісіз рәсімдеу, жеңілдетілген несие сынды түрлі қолдау тетіктері қарастырылған. Соның бір айғағы «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының базасынан ашылған «Бизнеске арналған Үкімет» орталығы. Өткен жылдың қазан айында облыс әкімінің бастамасымен ашылған орталық жыл басынан бері 1 850 қызмет көрсеткен.

Қазіргі таңда кәсіпкерлер орталық арқылы өздеріне қажетті қызмет түрлерін «Бір терезе» қағидатына сай ала алып отыр. Бизнес өкілдері үшін онда облыстық кәсіпкерлік палатасының, «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының, «Тараз», «Атамекен» шағын қаржы ұйымдарының, «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясының, екінші деңгейлі банк менеджерлері, кәсіпкерлердің құқығын қорғау бойынша сарапшылық топтың өкілдері, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері сапалы қызмет көрсетуде.

Орталық директоры Ғабит Әзімханның айтуынша, онда бизнеске арналған мемлекеттік қызметтің сан түрін ұсынып, кеңестер беру, бизнес-жобаларды кәсіби сүйемелдеу өздерінің негізгі бағыттарына жатады.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке бизнестің дамуына кедергілерді азайту шараларын қолға алуды тапсырған болатын. Бұл бағытта бизнеске қатысты барлық саланың жұмысы өзара үйлесу керек. Өз кезегінде, орталық осы үйлестіру жұмыстарын өз деңгейінде жүргізіп жатыр деуге толық негіз бар. Мұндағы қызметкерлер бірлесіп кәсіпкерлердің өзекті мәселелерді шешіп, өңір тұрғындарына мемлекеттік қолдау шараларын да түсіндіруде. Сондай-ақ қайтарымсыз гранттар мен шағын несие беруде тиімді кеңестер беруде, – дейді Ғ.Ғаниұлы.

Айта кетерлігі, орталық ғимаратында кәсіпкерлер үшін барлық жағдай жасалған. Өзіне-өзі қызмет көрсету аймағы да бизнесмендердің «Электрондық Үкімет» порталындағы қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз етуде. Ашылған уақыттан бері мұнда ұсынылатын қызметтің ауқымы да айтарлықтай кеңейген. Нақтырақ айтқанда, ағымдағы жылы қызмет көрсету бойынша жоспар 1 500 қызметті құраған. Дегенмен жыл басынан бері орталық қатысушыларымен мыңға жуық қызмет көрсетіліп отыр.

Ашылғалы өз тиімділігін дәлелдеген орталықта алыс ауыл, аудандардан ат арылтып келетіндердің қатары көбейген. Кәсіптің көкжиегін кеңейтемін дегендер нақты ақпараттарға қанығып, мемлекеттік қолдаудың түрлі тетіктерін тиімді пайдалануда. Сол секілді «Бизнеске арналған Үкімет» Фронт кеңсесіне қайырылып, сондағы мамандардың сүйемелдеуімен несие алғандардың бірі Ербол Мұраталиев. Тараз қаласының тұрғыны орталық қызметкерлерінің берген кеңесінің нәтижесіне «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның еншілес ұйымы саналатын «Тараз» микроқаржы ұйымы арқылы 7,5 миллион теңге несие алыпты.

– Қазіргі таңда облыста кәсіп ашу үшін түрлі мемлекеттік бағдарламалардың тетіктері қарастырылған. Мен оған Фронт кеңсеге бас сұққанда көз жеткіздім. Сондағы мамандар арқылы Тараз» микроқаржы ұйымы арқылы 7,5 миллион теңге несиеге қол жеткізіп, «құмды блок» құрылыс материалын шығаратын аппарат сатып алдым. Айта кетерлігі, бұл қаржыны 7,5 жыл 6 пайыздық үстемесімен төлеймін. Шындығында, бұл мен секілді кәсібін енді бастап жатқан бизнес иелері үшін өте тиімді. Бүгінде жұмысым алға басып келеді. Қазіргі таңда 3 адамды тұрақты жұмыспен де қамтып отырмын, – дейді кәсіпкер Е.Мұраталиев.

Шынтуайтында, қазіргі қоғамда «Бизнес ашқым келеді. Бірақ немен айналысатынымды білмеймін. Бизнес-жоспарды қалай жазамын» дейтіндердің қарасы қалың. Ал ол бойынша әр жерден, әр сала маманынан кеңес алу біраз уақытты талап етеді. Бизнесмендердің осындай бас қатырар мәселелерін бір жерден шешіп, өзіне қажетті ақпаратқа қанығу үшін «Бизнеске арналған Үкімет» орталығының маңызы зор.

– Жалпы орталықта «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы кәсіпкерлерге бизнес-жоспарды әзірлеу, мемлекеттік бағдарламалар бойынша кеңес беру, несие алуға құжаттарды дайындау, ЖК және ЖШС қызметін ашу, тоқтата тұру және жою, жер учаскесін алуға көмек көрсетеді. Ал «Тараз», «Атамекен» шағын қаржы ұйымдарының, «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясының, екінші деңгейлі банк менеджерлері өз салалары бойынша кеңестер береді. Сонымен қатар орталықта облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму, жер қатынастары басқармаларының да мамандары қызмет көрсетсе, Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы «Egov.kz» сайтындағы жұмыс бойынша кеңестерімен бөліседі, – дейді орталық басшысы Ғабит Әзімхан.

Айлин ҚАЙЫПБЕК,

М.Х.Дулати атындағы

Тараз өңірлік университетінің 1-курс студенті

Leave A Reply

Your email address will not be published.