Сұхбат

«Кәсіпкерлікпен айналысатын жастар нартәуекелге бара білуі керек»

«Оқшау ой» айдарының бүгінгі қонағы –
Тараз қалалық мәслихатының хатшысы,
«Құрмет» орденінің иегері Батырбек Құлекеев

– Батырбек Әбдірәсілұлы, әңгіме­міз­дің әлқиссасын ең алдымен Тараз қалалық мәслихатының қазіргі тыныс-тіршілігінен бастасақ… Қалың бұқа­ра сіздерге қандай сауалдармен көбірек қайырылуда?
– Жалпы, Парламент болсын, барлық деңгейдегі мәслихаттар болсын, олар халық пен атқарушы билік арасындағы алтын көпірдің ауыр жүгін арқалап жүр. Аталған органдардың заң шығару немесе бюджетті бекіту сынды негізгі жұмыстарынан бөлек, қоғамдық мәселе­лер­ге көбірек көңіл бөліп, азаматтардың арыз-шағымдары мен талап-тілектерін тыңдап, мүмкіндігінше мәселелерін шешіп беруге күш салады. Қалалық мәслихатта қазір 25 депутат бар. Оларды тұрғындар сайлағаннан кейін, әр депутат өз сайлаушыларының мұң-мұқтаждығына көңіл бөліп, әлеуметтік мәселелеріне жіті назар аударып, қолдан келген көмектерін аямауда. Өйткені, депутаттың негізгі мін­деті­нің бірі – халық пен әкімшілік орган­дар­дың арасын байланыстыру. Мен де бір сайлау округінің депутатымын. Әр округтің өз проблемасы бар. Негізі­нен сайлаушылар, жол, су, жаяу жүргін­шілер жолағы сынды мәселелерді көтереді. Әсіресе, ықшамаудандардың көпқабатты үйлерінің шатыры, суы, кәріз жүйесі, жертөлесі сынды коммуналдық саласында әлі де шешімін күткен мәселе көп. Кейбір жерде жарық жоқ. Міне, осындай мәселелермен біз күнделікті айналысамыз.
– Биыл өзіңіз «Қоршаусыз қала» жобасын бастама етіп көтеріп, ол туралы жергілікті басылым беттерінде кеңінен айттыңыз. Осы бастаманың қазіргі аяқ алысы қалай болып жатыр?
– Бұл жоба ілгеріректе Алматы қала­сын­да қала әкімі Бауыржан Байбек­тің ұйытқы болуымен дүниеге келген еді. Қарап отырсақ, қоршауды алып тастау­дың тиімді тұстары көп-ақ. Мәсе­лен, кейбір нысандардың жобалық-сме­та­лық құжаттамасына көз жүгіртсек, ғи­ма­рат­тардың сыртына 5-10 миллион тең­ге­ге қоршау жасалынады. Кімге керек бұл? Облыстағы ең маңызды мекеменің бірі – облыстық әкімдіктің алдында қор­шау бар ма? Жоқ. Ал біз мектеп, ауру­ха­на, колледж, университет, бәрінің сыр­тын айналдыра қоршап аламыз. Бірін­ші­ден, «Қоршаусыз қала» біраз қар­жыны үнемдесе, екінші жағынан бұқа­ра­мен арадағы ашықтықты, етене жақын байланысты қалыптастырады. Әрі ғимарат сәулетінің ажарын ашады. Бізге ең бірінші болып М.Х.Дулати атындағы ТарМУ басшылығы қолдау білдіріп, Төле би көшесіндегі корпустарының қоршауын алып тастады. Одан кейін ТарМПУ, Жамбыл политехникалық жоғары колледжі, «Һибатулла Тарази» мешіті қоршауларын құртты. Қазір қала әкімінің қадағалауымен бұл жоба жалғасуда. Осы кезге дейін қырыққа жуық мекеме қоршауын алып тастады. Сондай-ақ, мүмкіндігінше жаңадан салынатын ғимараттардың жобалық-сметалық құжатына да қоршауды кіргізбеу керек-ақ. Одан да соған кеткен қаржыға тал ексек немесе көгал төсеп, төңірегін гүлмен көмкеріп қойсақ қандай керемет болмақ. Қалада аулаға кіріп, гүлзарды талқандап кететін мал жоқ қой. Ал, кіретін ұры сенің қоршауыңа да қарамайды.
– Кезінде сіз әкімдік қызметті Талас ауданынан бастадыңыз. Одан кейін Байзақ, Жуалы аудандарының басшылық тізгінін ұстадыңыз. Әкім болып тұрған кезде қолға алып, бірақ аяқтай алмай, «Әттеген-ай» дегізген бастамалар болды ма?
– 1999 жылы сол кездегі облыс әкімі Серік Үмбетов мені Талас ауданына әкімдік қызметіне жіберді. Әрине, әкім болып барып отырған соң бірден халықтың әлеуметтік жағдайын ойлайсың. Ол жылдарда бәрімізге белгілі, жағдай сәл қиындау еді. Газ бен жарық жиі өшетін. Қайбір жылы жылдап газ болмады. Тіпті, кейбір елді мекендерде көгілдір отын дегеніңіз атымен жоқ болды. Осындай қиын шақта мені аудандағы Амангелді газ кенішінің әлеуеті қатты қызықтырды. Неге осы кенішті ашып, ел игілігіне пайдаланбасқа деген ой мазалай берді. Сөйтіп, Үкімет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа, облыс әкімі Серік Үмбетовке хат жазып, Мәжіліс депутаттары марқұм Қаратай Тұрысов, Шерхан Мұртаза ағамызға керек қағаздарын жіберіп, тіпті, өзімнің туған бауырым, сол кездегі экономика министрі Жақсыбек Құлекеевке де түн ортасында болса да хабарласып, құжаттарды дайындап, кен орнын ашуға болатынын қалайда дәлелдеуге тырыстым. Ақыры, 15-20 келідей тартатын қағаздарды көтеріп, Астанаға жол тарттым. Ол жақта Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Даниял Ахметовтің де көп көмегі болды. Осы мәселеге қатысты Елордада үлкен жиындар өтті. Серік Әбікенұлының да еңбегі аз болмады. Әйтеуір абырой болғанда мұндай кен орнының тиімділігіне Астананың көзі жетіп, қомақты қаржы бөлініп, оны кейін Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының өзі келіп ашты.
Одан кейін өңірдегі фосфор өндірісі тұралап қалғаннан кейін кеншілер қаласы атанған Жаңатас, Қаратау қалаларынан жұрт үдере көшті. Қос қала жартылай бос қалды. Сондай тұста қазіргі «Қазфосфат», бұрынғы тау-кен комбинатының басшыларымен біраз айқайласуға тура келді. Себебі, өзімнің негізгі мамандығым тау-кен инженері, шахтер болғандықтан шахтаның, фосфор өндірісінің не екенін бір кісідей-ақ білемін. Сондықтан, комбинат жұмысын мүмкіндігінше тоқтатпай шахталардың жұмысын қайтадан жандандыру жөнінде өз ұсыныстарымды алға тартып, облыс әкіміне, тиісті министрлікке мәселені төтесінен қойдым. Қазір Құдайға шүкір, комбинат жабылмағандықтан, оның үстіне Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіровтің іскерлігінің арқасында зауыт жылдан-жылға жұмысын жандандырып, жоғарыда аталған қалалардың да еңсесі қайта тіктеліп келеді.
Байзақ ауданын басқарып тұрғанымда да жүйесін таппаған жобаларым болған жоқ деп сенімді айта аламын. Негізі тізе берсек, атқарылған жұмыс көп-ақ. Бірақ, негізгісі Байзақта сырт елдерден атамекенге аяқ басқан өз қандастарымызға қолдауды барынша аямадық. Олардың да іскерлік қабілеті жоғары, жердің жағдайын жақсы біледі. Сондықтан, әрқайсысына шама келгенше 5, 10, 20 гектарға дейін жер беруге тырыстық. Бүгінде жағдайлары жаман емес. Тірлігі жүріп, тұрмысы тіктелген. Біздің қоғамда ол азаматтарға оралман деп қарап, сәл шеттету қалыптасып кеткен. Олар да өз бауырларымыз ғой елін аңсап келген. Сондықтан, мен өзім оралман деген тіркеске мүлдем қарсымын.
Жуалының халқы еңбекқор. Қазақ адамның мінезін сипаттарда таумінезді деп тауып айтқан ғой. Таулы-жоталы өңірде мекендегендіктен бе, жуалылық­тар таумінезді келеді. Келіспейтінін, өз ойын бетке тіке айта алады. Батыр Бауыржан Момышұлы, от ауыз, орақ тілді Шерхан Мұртаза, Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаевтай батырлар шыққан өңір емес пе, қанша дегенмен. Осындай қазақы менталитеті басым аудандарда қолдан келгенше еңбек еттік.
Ерекше еске түсетіндері, Талас, Байзақ аудандарында жаңа мешіттердің бой көтеруіне күшімді салдым. Бұл ретте көмектесіп, қол ұшын берген елге белгілі азаматтар мен кәсіпкерлердің көмегі көп болды. Одан кейін шамам келгенше өзім әкім болған аудандардың бәрінде балабақша ашуға қатты көңіл бөлдім. Әлі есімде, Байзақ ауданында бір күнде алты балабақшаны пайдалануға бердік. Қаладағыдай керемет болмаса да орындары жеткілікті, жақсы жабдықталған нысандар тұрғыза алдық. Арасында асарлатып, ел болып бұл бағыттағы жұмыстарға дем бердік. Елдің болашағы үшін бала тәрбиесінен нені аяймыз. Әр нәрсені сылтау етеміз ғой, негізінде балабақша ашудың еш қиындығы жоқ.
Қысқасы, еңбек жолымның 18 жылын әкімдік қызметке арнаппын. «Мына тірлік бітпей қалды-ау» дейтіндей өкінер жағдайым жоқ. Қолдан келген, қаржылық мүмкіндік жеткен жобалардың бәрін тиянақты тындырдым деп ойлаймын.
– Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы көпшілікке ой салған үлкен бастама болды. Ондағы «Туған жер» жобасы да елге қозғалыс әкеліп, ауылдарда қазір жұрт сүйсінер жұмыстар атқарылуда. Дегенмен, ағайынды Құлекеевтер кіндік қаны тамған қарашаға қарайласуды сәл ертеректен бастаған екенсіздер…
– Әрине, осыдан жиырма жылдай уақыт бұрын өзіміз туып-өскен ауылға ат басын бұрып, ауылдастарға қарайласып тұруды ниет қылғанбыз. Бұған дейін де ауылдан қол үзген емеспіз. Бауырлар ойласа келе, өскен ауылымыз Талас ауданының Талапты ауылына балабақша салып беруді ұйғардық. Кішігірім болса да ел игілігіне жарады. Ең бастысы, балалар мектепке дейінгі біліммен қамтылды. Жұрт та риза. Сосын жастар құр босып жүрмесін деп, бос жатқан жерді тегістеп спорт кешенін тұрғыздық. Талас ауданында сол жылдары біздің алпыс үйлік аядай ғана ауылда табиғи газонды алаң болды. Олимпиадалық талапқа сай ринг қойдық. Біраз жылға дейін жаттықтырушылардың жалақысы мен кешеннің барлық шығынын өз қалтамыздан төлеп тұрдық. Алғашында салып берген дүниемізді өкіметке өткізе алмай, сол бізге ауыр тиді. Себебі, қабылдап алу бір бөлек, оның ары қарайғы шығындарын жауып отыру бір бөлек мәселе. Мемлекеттің қабылдап алуы қиындап кеткен соң, жауып қоюға арымыз бармай бар шығынды өзіміз көтеруге тура келді.
– Рухани жаңғыру тұрғысынан дәл қазір ауылға не жетпей тұр. Азаматтық пікіріңізді білдірсеңіз.
– Егемендік алып, өз қолымыз өз аузымызға жеткеннен кейін біраз мықты жігіттер дінге бет бұрып, мешіт салу үрдісінде сең қозғалды. Әрине, Тәуелсіздікпен бірге жоғалып кете жаздаған асыл дінімізді қайта тапқандай болдық. Сондықтан, мешіттердің орны ойсырап тұрған тұста, кәсіпкерлік қазіргідей дамымаған кезде қалталы азаматтардың мешіт салудан аянбауы ерлікпен тең еді. Бірақ уақыт өте келе, мешіт ашу мақтанға айналып кетті. Олай дейтін себебім, кейбір ауылдарда халық саны аз болса да екі-үштен Алла үйін ашып тастады. Жалпы, мешіт салуға еш қарсылығым жоқ. Бірақ, мешітке деген мұқтаждық жоқ болса, ауылдың басқа да әлеуметтік мәселесіне зер салуға болады ғой. «Мешіт те керек әрине, бірақ, балабақша салып берсеңдерші» деп кезінде кейбір жігіттерге өзім де ой салғанмын. Тіпті болмаса спорт зал ашсын. Шындығында мешітке қарағанда спорт зал құрылысына аз қаржы кетеді. Кейіннен жаны жомарт азаматтар расымен де тоқтамға келіп, біраз ауылдан спорт кешендері, балабақша бой көтергенін көрдік. Елбасының тапсырмасымен мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында балабақша ашып жатқан азаматтар жетерлік. Бұл – жақсылықтың нышаны, қуантатын дүние.
– Жалпы, сіздердің жастық шақ­та­рыңызда қол еңбегі көп болды ғой. Спортпен айналысуға мүмкін­­діктен бұрын, уақыт та тапшы болға­нын аға буын өкілдерінен естіп жата­мыз. Қазір­гі жастарда уақыт та, мүмкіндік те көп…
– Спорт нысандары көптеп ашылса екен деп жүретінім сол ғой. Мәселен, менің жастық шағым жетпісінші жылдармен тұспа-тұс келді. Ауыл шаруашылығында тіршілік қайнап тұрған заман. Бойым ұзын болғандықтан үлкен шалғыны құлаштап ұрғанда шөп шабудан алдыма жан салмайтынмын. Тіпті, чемпион да болғанмын. Қой қырқудан да мектептің чемпионы атандым. Айтайын дегенім бізде спортпен айналысуға уақыт болмады. Көбіне қара жұмыста жүрдік. Қазір жаппай шөп шауып, қой қырқып жарысып жатқан жастар бар ма? Қазір шөпті техникамен шауып, қойды машинкамен қырқады. Сол себепті, жастардың денсаулығы шынығып, уақы­тын тиімді өткізіп, қылмыс атаулы­дан бойын аулақ ұстауы үшін спорт нысандарын ашудан аянбасақ екен деймін. Жастар физикалық тұрғыдан бос болып қалса, одан болашақта қандай тұлға шығады. Осы жайт көп толғандырады мені.
– Байқауымызша бүгінгі жастарға көңіліңіз толмайтын секілді. Өскелең ұрпаққа аға буын ретінде қандай ақыл-кеңес берер едіңіз?
– Менің қайран қалатыным, қазір көп жас бірден биік мансапқа жеткісі келеді. Еңбектен қашпау керек. Мейлі, ол ауыр жұмыс болсын, жеңіл болсын, неғұрлым төменнен сатылап көтерілгеннің өмірлік тәжірибеге тигізер септігі мол. Мен үшін қалталы әкесінің, я бір туысының мүмкіндігімен жақсы қызметке жетіп, бизнесін дөңгелеткендер емес, бос жерден жұмысын бастап, жоғарылап, жоқтан бар жасап, бір-екі рет сүрініп қайта тұрғандардан мықты адам шығады. Сондықтан, мен қазақ жастары, жалпы, қазақ халқы өте іскер халық деп айта аламын. Жасыратыны жоқ, жалқаулық та бар. Дегенмен, қолымыздан келмейтін нәрсе жоқ. Қазір сауданың да тасын өрге домалатып отырған қандастарымыз бар. Құрылыста да кіл өзбектер еді, қазір қазақ жігіттері де құрылысты меңгеріп алды. Білімге деген қабілетіміз де өзгеден кем емес. Сол себепті, бүгінгі жастар білім алудан қашпауы керек. Бәрінің бірдей басшы болуы мүмкін емес қой. Сондықтан, бір саланың білікті маманы болғысы келген жас өз мамандығын тереңірек оқып, білуге, үйренуге келгенде енжарлық танытпаса оның болашағы жарқын.
Одан бөлек, бүгінде мемлекет кәсіпкерлікке үлкен қолдау білдіріп, түрлі бағдарламаларды жүзеге асырып, шаруа халық шапағатын көріп отыр. Осындай сәт туып тұрғанда жастар кәсіпкерліктен қашпаса екен. Мен де өз балаларыма, немерелеріме кәсіпкерлікпен айналы­су­дан қорықпаңдар деп үнемі айтып отырамын. Нартәуекел керек. Қазір жүргізем десең жұмыс та, кәсіп те көп. Кішкентай ғана бизнестен бастап, соны аяғына дейін апару жолында аянбай еңбек етіп, жанкештілікпен тірлік істеген адам ғана жеңіске жетіп, жұмысының жемісін көреді. Бірден шытырлаған ақшаның астында қаламын деу бос әңгіме. Айталық, бизнесіңе мың теңге салып, оны мың бір теңге қылып қайтар­ға­ның­ның өзі алғашында үлкен олжа. Халқымыздың «Шығын шықпай, кіріс кірмейді» деген сөзінің жаны бар.
Білім алу дегеннен шығып жатыр, қазір технология қарыштап дамып жатқанын білесіздер. Осыған орай, біздің жастар ІТ саласын терең меңгергені абзал. Байқасаңыз, телефон, компьютер жөндейтін немесе программистердің көбі өзге ұлт өкілдері. Мен оларды қызғанып отырғаным жоқ. Дегенмен, неге қазақ жастары сондаймен айналыспасқа?
Жалпы жастарға айтарым, еш­нәр­се­ден қорықпау керек. Көз қор­қақ болғанымен қол батыр екенін кіш­кен­тайы­мыздан санаға сіңіріп өстік. Бүкіл енжарлықты бойдан алып тастап, тәуекелге бел буған жас қана мықты азамат болып қалыптасатынын өмірдің өзінен көрдік. Мәселен, бір шаруа бастасаң орта жолда білімің мен білігің жетпей көмек керек болса, интернетте сол айналысып отырған тірлігің туралы небір ақпарат толып тұр. Ізденуге ерінбеу керек. Мен әкім болмай тұрып қаладағы құрылыс бөлшектері комбинатын басқардым. 4 000 адам жұмыс істейтін, қазір тоқтап тұр. Үй соғатын комбинат, монолит құрылыс мекемесі де, сүт, спирт, вино зауыттары да әлдеқашан жабылған. Енді олардың жұмысын қайта жүргізіп, бұрынғы әлеуетіне келтіру үшін үлкен қаражат керек, әрине. Қаржы табылып, ашылды дейік, бірақ, солардың жұмысын жүргізетін маман бар ма? Жастардың ішінен білікті технолог, я инженер табыла ма? Яғни, жастар жаппай заңгер, экономист болуға талпына бермей, техника, технология саласына қарай бейімделіп, өмірдің әртүрлі соқпағына дайын жүрсе, жаңағыдай жабылып қалған комбинаттардың жұмысын жандандыруға көп септігі тиер еді.
Жоғарыда айттым ғой, өмірде жолы болмай, сүрініп, қайта тұрған адам ғана нағыз мықты болып қалыптасады. Яғни, бақ адам басына бірден біте қоймайды және ол мәңгілік тұра бермейді. Сондықтан, қолда барда, мүмкіндік барда әр нәрсенің қадіріне жетіп, бағалай білген жөн.
– Жұмыс болған жерде міндетті түрде сынаушылар табылып жата­ты­нын жақсы білесіз. Жалпы, өзіңіз сынды қалай қабылдайсыз?
– Халқымыз «Сын түзелмей, мін түзелмейді» деп айтады ғой. Шыны керек, біз көп қазақтар ызақормыз. Сынды қабылдай алмаймыз. Солардың бірі менмін. Кезінде Таласқа алғаш әкім болып барғанда 45-те едім. Жастау болғанға ма, сын естісем қатты намыстанып қалатынмын. Сынға қалу кімге ұнасын. Қазір енді Пайғамбар жасынан асқан адаммын. Кез келген сынды дұрыс қабылдап, сабырға жеңдіруге тырысамын. Жас кездегідей артынша қызбалықпен жауап қайтару деген қылықты қойдық. Жалпы, сыннан қорытынды шығара білгеннің еш зияны жоқ. Жастарға осы қасиет те керек.
– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Жасұлан СЕЙІЛХАН

ПІКІР