"Кәсіпкерлік"

Кәсіпкерлікті кәсіп еткен келіншектер көп

Тараз қаласындағы «Достық» үйінде «Әйелдер бизнесінің мүмкіншілігі. Болашаққа көзқарас» тақырыбында халықаралық әйелдер форумы өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Тимур Жанке қатысып, сөз сөйледі.

– Облысымызда әйелдер көшбасшылығын жетілдіру, саяси мәртебесін арттыру, шағын және орта кәсіпкерліктегі әйелдер үлесінің ұлғаюына ықпал ету және қолдау көрсету мақсатында көптеген шаралар атқарылып келеді. Осындай нақты қолдаулардың арқасында шағын және орта бизнес саласында көптеген инвестициялық жобалар жүзеге асырылып, әйелдер қауымы ішкі жалпы өнімнің артуына айтарлықтай үлес қосуда. Бұл мемлекетіміздің шағын және орта бизнесті дамыту арқылы ел әлеуетін көтеру, оның ішінде әйелдердің қоғамның қозғаушы күші бола білуіне айрықша көңіл бөлуінің нақты жемісі. Соның нәтижесінде шағын және орта бизнес саласының тірлігі тіктеліп, көші түзелді. Осы орайда, жүйелі жұмыстары, тындырымды тірліктерімен өзгелерге үлгі-өнеге көрсетіп, көптің алдында жүрген әйелдер қауымының да қатары жыл өткен сайын артып келе жатқанын айта кетуіміз керек. Мәселен, облысымызда 60 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі бар болса, оның 40 пайызы әйелдерге тиесілі. Бұл облысымызда кәсіпкерліктің дамуы әйелдер қауымының іскерлік белсенділігімен тығыз байланысты екенін көрсетеді, – деді Тимур Амантайұлы.

Ұрпақ тәрбиесімен айналысып қана қоймай, қоғамдық өмірге белсене араласып, қала берді ұлт, мемлекет мүддесі үшін жанын сала еңбек етіп жүрген іскер әйелдердің халықаралық деңгейдегі форумына Түркия, Қырғыз елдерімен қатар, еліміздің Ақмола, Оңтүстік Қазақстан облысынан да өкілдер келіп қатысты. Жиында Оңтүстік Қазақстан облыстық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы, «Асыл Арман» компаниясының негізін қалаушы және жетекшісі Айнұр Арқабаева «Бизнестегі және өмірдегі серпінді стратегия» тақырыбында баяндама жасап, пайымды пікірлерімен бөлісті. Ал, Жамбыл облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы, «Мейірім» медициналық орталығының директоры Гүлдара Нұрымова өңірде кәсіпкер әйелдер тарапынан атқарылған шаруалар жайын кеңінен әңгімеледі. Бұдан бөлек, Қырғыз Республикасының өкілдері, «Мейрам групп» холдингінің басшылары Еркінай Елікбаева мен Әсел Ыдырысова кәсіпкерлік саласын одан әрі жетілдіру және осы салаға қатысты жобалардың жүзеге асырылуы төңірегінде ой қозғады. Облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Айгүл Ақшалова «Әйелдер кәсіпкерлігінің мүмкіндіктері, мәселелері және оларды шешу амалдары» тақырыбында сөз қозғады. Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Мәріпбек Шәкербек ауылдық жердегі кәсіпкер әйелдер үшін жасалып жатқан жағдайларды тілге тиек етті.

Басқосуда сондай-ақ, «Еуразиялық қайта құру және даму банкінің» менеджері Алма Қасымова, Ақмола облысы бойынша іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Гүлмира Құсайынова, «Берлускони» компаниясы басшысының орынбасары Гүлжан Қалматаева, тағы да басқа белсенді әйелдердің баяндамалары тыңдалды.

Форумда қатысушылар тарапынан әйелдердің индустриалды аймағын ашу секілді бірнеше ұсыныстар да айтылды.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

ПІКІР