Жамбыл жаңалықтары

Кәсіподақ ұйымдарының көкжиегі кеңеюде

Written by Aray2005

Өткен аптада облыстық аумақтық кәсіподақтар бірлестігінде Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайым мен облыс әкімінің орынбасары Тимур Жанкенің қатысуымен Жамбыл, Түркістан облыстары және Шымкент қаласы кәсіподақтарының аймақтық жиыны өтті.

Басқосуға Түркістан, Жамбыл облыстарының және Шымкент қаласының барлық салалық кәсіподақ ұйымдарының басшылары қатысты.
Жиында алғаш болып сөз алған облыстық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Төлепберген өткен жылдың 28 наурызында Жамбыл облысының әкімдігі, «Жамбыл облысының Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі және Жамбыл облыстық кәсіпкерлер палатасы арасында 2018-2020 жылдарға арналған үшжақты меморандумға қол қойылғанын хабардар етті. Сонымен қатар қабылданған үшжақты келісімді жүзеге асыру мақсатында Жол картасы жасалып, бұл бағытта жұмыстар жанданып жатқанын атап өтті.
Сонымен бірге аймақтық кәсіподақтардың өткен жылы атқарған жұмыстары мен алдағы міндеттеріне де тоқталды.
– Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің ұйымдастыруымен жыл ішінде әр саладағы 64 бастауыш кәсіподақ ұйымдарымен кездесулер өткізіліп, оған қатысқан 550 кәсіподақ мүшесінің түрлі сауалдарына жауап берілді. Сонымен қатар кәсіподақ мүшелерінің заңды құқықтары мен мүдделерінің қорғалуына да басты назар аударылып отыр. Мысалы, облыстағы ең ірі, 66 мыңнан астам мүшесі бар білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының құқықтық қызметінің жұмысы нәтижесінде экономикалық тиімділік 2015 жылы – 66 миллион теңгені, 2016 жылы – 43 миллион теңгені, 2017 жылы – 141 миллион теңгені, ал 2018 жылдың 11 айында– 180 миллион теңгені құрады. Яғни, құқықтық қызметтің қорғау жұмысының нәтижесінде аталған қаржылар кәсіподақ мүшелерінің қалтасына қайтарылды.
Сонымен қатар аумақтық кәсіподақтар бірлестігі тарапынан «Еңбек адамының қоғамдағы ролі» тақырыбында облысымыздың барлық аудандарында түрлі іс-шаралар өткізілді.
Қазір кәсіподақ ұйымдары бар кәсіпорындар мен мекемелерде 1 282 еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлар жұмыс атқаратын 964 өндірістік кеңес бар, онда 1 035 келісім комиссиялары қызмет атқарады.
Осы арада өткен жылы құрылған «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалы құрылып, жұмыс атқаруда. Оның қазір 16,5 мың мүшесі бар. Бұдан бөлек облыс аумағында әр сала бойынша 12 бастауыш кәсіподақ ұйымдары жаңадан ашылып,
1 000-нан аса кәсіподақ мүшелері облыстық кәсіподақтар қатарының санын арттыруда.
Кәсіподақтар орталығы өз жұмысында Кәсіподақтар федерациясының қабылдаған акциялары бойынша тиісті жұмыстар атқаруда. Атап айтсақ, «Еңбек шартын жасаңыздар!», «Қауіпсіз еңбек», «Еңбек қауіпсіздігі мәдениетін бірге көтереміз!» атты акциялар бойынша әлеуметтік әріптестермен бірлесе жоспар құрылып, жұмыстар жүргізілуде, – деді Мейрамбек Мылтықбайұлы.
Жиын барысында кәсіподақтардың өткен жылы атқарған жұмыстарының нәтижелері сараланып, бірқатар баяндамалар тыңдалды. Ал облыс әкімінің орынбасары Тимур Жанке кәсіподақ ұйымдарының қоғамда маңызы зор екенін баса айтты.
– Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына кәсіподақ ұйымының қосып отырған үлесі зор. Кәсіподақ ұйымдарының қоғамдағы ролі қандай екені баршаға мәлім. Бүгінде бірлестік үшжақты келісім аясында еңбек қатынастарын реттеу бойынша бірқатар жұмыстар атқаруда. Күн тәртібіндегі өзекті мәселелер осы келісім шеңберінде қаралып, өз шешімін табуда. Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауындағы ең төменгі жалақы көлемін көбейту бойынша да атқарушы органдар мен кәсіподақ ұйымдары кәсіпкерлік палатасымен бірге жоспарлы түрде жұмыстар жүргізуде. Бұл шаралардың алдағы уақытта өз жемісін беретіндігіне сенім мол, – деді Тимур Амантайұлы.
Өз кезегінде сөз алған Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайым еңбек адамының құқығын қорғау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әлеуметтік жағдайын көтеру мәселелеріне кеңінен тоқталып, алдағы уақытта кәсіподақ ұйымдары атқаратын жұмыстар мен негізгі бағыттарды айқындап берді.

Айжан Өзбекова

ПІКІР