Кәсіпорынның әлеуетін кабинетте отырып көтере алмаймыз

0 0

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте өнеркәсіп пен шағын және орта бизнесті дамыту мәселелері қаралды.

Облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеров хабарлағандай, ағымдағы жылдың қаңтар-ақпан айларындағы өнеркәсіп өндірісінің нақты көлем индексі өткен жылдың көрсеткішінен 84 пайызға жоғары деңгейде қалыптасады деп болжануда. Дегенмен, химия өнеркәсібіндегі көрсеткіш көңіл көңшітпейді. Оған «Қазфосфат» ЖШС пештерінің бірінің істен шығуы және «Talas Investment Company» ЖШС зауытындағы бірқатар жөндеу жұмыстары себеп болып отыр. Ал азық-түлік саласындағы көрсеткіштің төмендеуі ресейлік арзан қанттың келуіне байланысты Тараз және Меркі қант зауыттарының жұмысының тұралауымен түсіндірілді. Бұл орайда, мәселені шешу үшін заңнамалық деңгейде тиісті шаралар қабылдау қажеттігі айтылды.
Сондай-ақ, «Амангелді ГӨЗ» ЖШС бүгінде өзінің жалпы қуаттылығының бар-жоғы 20 пайызында ғана жұмыс істеуде. Осы тұрғыда кездесіп отырған кедергіні ҚР Энергетика министрлігімен бірлесіп шешу, қажетті шикізатпен қамтамасыз ету мәселесі көтерілді. Ал «Жамбылгипс» ЖШС қоймаларында жиналған екі мың тонна дайын өнімді сату да қиындық туғызуда екен. 2018 жылдың маусым айында жұмысын тоқтатқан «Хантау» цемент зауыты Қазақстанның инвестициялық қорына өткен. Бүгінде жаңа инвесторлар іздестірілуде.
Сонымен қатар жиында тиісті ереженің өзгеру салдарынан ҚР Қорғаныс министрлігі үшін дайындалатын 80 мың пар аяқкиім дайындау туралы Индустрия және инфрақұрылым министрлігі мен «ТаразКожОбувь» ЖШС арасындағы келісімшарттың өз күшін жойғандығы туралы айтылды.
Ағымдағы жылы жалпы құны 88 миллиард теңге болатын 18 инвестициялық жобаны іске асыру көзделуде. Оның 11-і индустриалдық картаға енгізілген. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында «Қазфосфат», «Talas Investment Company», «Супер фарм», «Меркі» ірімшік зауыты, «Агроспецстрой» және «Mark of Perfection» ЖШС кәсіпорындарында өндірісті кеңейту жоспарлануда.
– Өнеркәсіп экономиканы дамыту жолында негізгі күшке ие. Әрбір басшы кабинетте отырмай кәсіпорындармен тығыз жұмыс жасап, олардың мәселелерін зерделей отырып, шешуге көмек көрсету қажет. Қант зауыттарының жұмысын жандандыру бойынша ұсыныстарды әзірлеңіздер, олардың шаруалар алдындағы борыштарын өтеу жоспар-кестесінің орындалуын бақылауды күшейту қажет. Министрліктермен тығыз байланыста жұмыс істеп, аяқкиім тігуші кәсіпорынмен келісімшарт орнату керек. Басты міндет – адамдардың табысын арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және жалақыны көбейту, – деп атап өтті өңір басшысы.
Қазіргі таңда шағын және орта кәсіпкерлік саласында өңірде белсенді 70 100 субъект тіркелген. Оларда 125 мың адам жұмыс істеуде. Олармен 2019 жылы шығарылған өнімнің болжамдық көрсеткіші 500 миллиард теңгені құрап отыр. Ағымдағы жылы белсенді субъектілер санын 76 мыңға дейін жеткізу көзделуде. Ал олардың өңірлік жалпы өндірістегі үлесін қазіргі 20,5-тен 23 пайызға дейін арттыру жоспарланып отыр.
Облыс әкімі жауапты тұлғаларға «Бизнестің жол картасы-2020» және «Еңбек» бағдарламалары аясында өткен жылы берілген гранттардың тиімді игеруіне талдау жасауды тапсырды. Ағымдағы жылы осы орайда бөлінген қаражат көлемін арттыру жайын қайта қарау қажет.
Сондай-ақ өңірлік үйлестіру кеңесі мақұлдаған 11 жобаны инфрақұрылыммен қамтамасыз ету де маңызды.
Басқосу барысында Б.Сапарбаев субсидия алған ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің 20 пайызын жергілікті қайта өңдеу кәсіпорындарына немесе 10 пайыздан аспайтын үстеме бағамен тікелей нарыққа жіберуі туралы ұсынысты қолдады. Бұл әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын олардың негізсіз өсуіне жол бермей, реттеуге мүмкіндік бермек.
Сондай-ақ, Бердібек Сапарбаев Doing Business бизнес жүргізу жеңілдігі бойынша рейтингтегі облыстың көрсеткіштерін жақсарту бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.