Сараптама

Кәсіптік білім беру кедергісіз жүргізіледі

Written by Aray2005

Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова «Облыстағы техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамыту бағытындағы оң өзгерістер» тақырыбында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне брифинг берді.

Спикер алдымен облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тікелей тапсырмасымен өңір­дегі кәсіптік-техникалық білім беру саласында бірқатар оң өзгерістер енгізілгенін атап өтті. Мәселен, техникалық және кәсіптік бі­лім беруді дамытуға биылғы жылы 7 миллиард 37 миллион 983 мың теңге бөлінген. 2017-2018 оқу жылында облысымыздағы тех­никалық және кәсіптік білім беретін 49 колледжде 93 мамандық, 137 біліктілікті арттыру бойынша 26 890 студент білім алуда. Оның 13 531-і яғни, 50,3 пайызы мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде оқиды екен.
– Облыс әкімі Асқар Исабекұлының тікелей тапсырмасы бойынша облыстағы еңбек нарығының қажеттілігі аудандар мен Тараз қаласы әкімдері және тиісті басқармалардың ұсынысы негізінде және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының ұсынған қажеттілігі ескеріле отырып жинақталды.
Биылғы 2018-2019 оқу жылына техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына 5 024 орынға мемлекеттік білім гранты бөлінді.
Берілген мемлекеттік білім тапсырысына сәйкес, техникалық мамандықтар саласы – 294 орынға, медицина саласы – 225 орынға, ІТ саласы – 125 орынға, ауыл шаруашылығы саласы – 75 орынға артты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 31 орынға көбейіп отыр, – деді Рахия Сейтбекқызы.
Басқарма басшысы бұдан бөлек, баспасөз мәслихаты барысында осы жаңа оқу жылынан бастап, техникалық және кәсіптік білім беру саласында мемлекеттік білім беру тапсырысына қатысты білім мекемелерінің, жұмыс берушілер мен білім алушылардың жауапкершіліктерін арттыруға бағытталған екі өзгешелік енгізілгенін атап өтті. Оның біріншісі, жұмыс беруші мен техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері арасында келісімшарт жасалған. Мұнда, мемлекеттік тапсырысты қалыптастыру барысында жұмыс берушімен, мейлі ол кәсіпорын, шаруа қожалық болсын берілген қажеттілік бойынша оқу бітірген түлекті алған мамандығы бойынша жұмысқа қабылдауға міндеттеледі. Яғни, жұмыс беруші түлекті бітірген мамандығы бойынша тұрақты жұмыс орнымен, тиісті құрылғылармен және ҚР заңнамаларында белгіленген ең төменгі 1 айлық жалақыдан кем емес жалақымен кемінде 1 жыл бойы қамтамасыз етуге міндеттеледі. Бүгінгі күнге, облыс бойынша мұндай 330 келісімшарт жасалған және бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда. Екінші өзгерістің де берер жемісі мол.
– Екінші бағыт бойынша, білім басқармасы мен техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері арасындағы келісімшартта еңбек нарығының қажеттілігін ескере отырып, техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды тапсырыс беруші өндіріс орындарының талаптарына сай мамандар дайындау міндеттеледі, – дейді Р.Тұрмаханбетова.
Спикер сондай-ақ, ағымдағы жылы облыста техникалық және кәсіптік білім беру саласын автоматтандыру мақсатында zhambyltipo.kz автоматтандырылған ақпараттық жүйесі іске қосылғанын айтып, БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді.

А.ОРЫНБАСАРҚЫЗЫ

ПІКІР