"Шамшырақ"

Кәсіптік-техникалық білімнің берері мол

Written by Aray2005

Бүгінгідей индустрияның маңызы артқан жаһандану заманында мемлекет техникалық және кәсіптік мамандар даярлау ісіне баса көңіл бөлуде. Бұл – заман талабы туындатқан өзекті міндет үдесінен шығудың бірден-бір жолы. ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Жұмыс берушілерді тарту арқылы және халықаралық талаптар мен цифрлық дағдыларды ескере отырып, техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламаларын жаңарту керек. «Баршаға тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасын жүзеге асыруды жалғастыру қажет. Мемлекет жастарға алғашқы мамандықты береді. Үкімет бұл міндетті орындауға тиіс», деп атап көрсеткен еді.

Жалпы, елімізде кәсіптік-техникалық білім беру жалпы білім беретін мектептер мен лицейлерде, колледждерде, тікелей өндірісте, оқу өндірістік комбинаттары мен орталықтарда, белгілі бір мерзім аралығындағы оқыту курстарында жүзеге асырылатыны белгілі. Біз сөз еткелі отырған кәсіптік-техникалық білім беретін мекемелер – облыстың әр ауданында орналасқан арнаулы орта оқу орындары туралы болмақ. Кеңес дәуірінде «СПТУ» атауымен ел жадында қалған бұл оқу орындары, негізінен, ауыл шаруашылығы және өндіріс салалары үшін білікті жұмысшы кадрлар даярлаумен айналысқан.
Кезінде тракторист, машинист, механизатор, слесарь, дәнекерлеуші, ветеринария саласы секілді ауыл шаруашылығына қатысты мамандықтар бойынша кадр дайындап, талай жасты еңбек дүбіріне араластырған оқу орындары бүгінгі таңда да өзектілігін жойған жоқ. Аталған білім ордалары оқушылардың теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастыра отырып, болашақ мамандардың кәсіби біліктілігін қалыптастыру бағытында жұмыс жасайды.
Мәселен, Жамбыл ауданындағы №17 Жамбыл колледжінің директоры Талап Әбдібековтің айтуынша, аталған оқу орнында «Дәнекерлеу ісі», «Автокөліктерге техникалық қызмет көрсету», «Фермер шаруашылығы» бейіндері бойынша 186 студент білім алуда екен. Олардың өз ісінің нағыз маманы болып шығуына мұндағы 24 оқытушы жауапты. 2018-2019 оқу жылында оқуға 75 студент мемлекеттік тапсырыс негізінде қабылданған. Өрнек ауылында орналасқан аталған колледжге оқуға келген студенттер 240 орындық оқыту корпусы және 50 балаға арналған жатақханамен қамтылыпты. Мұнда асхана, шеберхана және оқу полигоны секілді бірқатар нысандар да бар. Осындай оқу орнының бірі – Мойынқұм ауданының Мойынқұм ауылында орналасқан №8 Мойынқұм колледжі. Мұндағы 151 білімгер ауыл шаруашылығы өндірісіндегі тракторист-машинист, электронды есептеу машинасының операторы, электромонтер, электргазымен дәнекерлеуші мамандықтары бойынша білім алып жатыр.
Колледж директорының оқу өндірісі жөніндегі орынбасары Ермак Жұмабеков қазір қолда бар лицензияға қосымша екі біліктілік бойынша мамандықтарға сұраныс беріліп, аспаз мамандығы бойынша құжаттар дайындалып, материалдық база жасақталып жатқанын айтты.
Былтырғы оқу жылында электр жабдықтарын жөндейтін және қызмет көрсететін электромонтер біліктілігі бойынша 24 білімгер оқуды тәмамдаған. Қазіргі таңда жұмыспен қамтылғандар саны 83,3 пайызды құрап отыр. Ал жұмысқа тұра алмағандардың есебіндегі студенттердің көпшілігі әскер қатарына шақыртылғандар болса, енді бірі бала күтіміне байланысты үйде отырғандар.
Осы жылы аудандық жұмыспен қамту орталығы қайта даярлау бағдарламасы бойынша 95 адамды 3 мамандық бойынша оқытып беруге сұраныс жасап, қазіргі таңда бұл қанағаттандырылуда. Жалпы, биыл колледж 13 мекемемен келісімшарт жасасты. Соның ішінде ферма шаруашылығы мамандығы бойынша білім беру ісі дуальді оқыту жүйесіне көшіріліп, бұрнағы жылы осы мамандықты 25 студент бітіріп шықты, – дейді Ермак Балғабайұлы.
Арнайы пән оқытушысы Жаңабек Кенешов студенттер жылына бір ай өндірістік тәжірибеден өтетінін сөз етті. Ал ферма шаруашылығы мамандығы негізінде білім алып жатқан оқушылар дуальді оқыту жүйесі бойынша аптасына бір-екі күн «Үркер», «Асқар» секілді шаруа қожалықтарының егістік жеріне барып, аудару, қопсыту, өңдеу, тырмалау секілді әдіс-тәсілдерді меңгеріпті.
– Білімгерлер электронды есептеуіш машина операторы мамандығын дуальді оқыту бойынша «Қанат», «Заңғар» жеке кәсіпкерліктері және жеке сот орындаушы мекемелерімен жасасқан келісімшарт аясында тәжірибеден өтті. Бұл жүйенің мәні студенттердің оқу орны мен өндірісте қатар оқытылуында жатыр. Мұның өзі болашақ маманға кәсіпорында жұмыс істеу барысында қажетті біліктілікке, мамандыққа деген қызығушылықты арттыруға көмектеседі. Дуальді оқытуды енгізудің өз артықшылықтары көп. Нақтырақ айтсақ, жаңа жүйе мамандарды жұмыспен қамту мәселесін үшжақты шешуге мүмкіндік береді, – дейді Жаңабек Жарылқасынұлы.
Қоғамда ауыл шаруашылығы өндірісіне қажетті мамандардың жетіспейтіні жасырын емес. Ал кәсіптік-техникалық мамандар даярлайтын кез келген оқу орындары қай шаруашылыққа немесе өндіріс орындарына қандай мамандық қажет екенін алдын ала зерделеу жұмыстарын жүргізіп барып студенттерді оқытса, бұл мәселенің шешім табатыны хақ. Бүгінде кәсіптік-техникалық мамандар даярлау ісін өндіріс орны мен колледждердің бірігіп қолға алуының мәні – еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар тапшылығын жоюда екенін ескерген жөн.

Н.Болатұлы

ПІКІР