Қоғам

Қасқыр мен тендер

Written by Aray2005

Қаңтардың қақаған аязы мен қарлы бораны келді дегенше шаруалардан «күндіз күлкі, түнде ұйқы» қашатыны белгілі. Себебі осындай сәтте ашынған қасқыр қораға түсіп, түлігіңді түк қоймай қырып кететін жағдайлар жиі кездеседі. Осыған байланысты биылғы қыста түз тағысын «тұсаулау» үшін қандай шаралар қолға алынып жатқанын құзырлы мекемеден білген едік.

Облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы берген мәліметке сүйенсек, биыл қасқыр атуға 4 миллион 380 мың теңге қаралыпты. Алайда бұл қаржыны бекіту қаңтар айына қалдырылған. Және жылдағы дәстүр бойынша қасқыр аулайтын мердігерлер де әлі күнге белгіленбеген.
– Биылға 4 миллион теңгеден аса қаржы бөлінеді деп күтілуде. Оған 365 бас түз тағысының көзін жою күтілуде. Бірақ бұл қаржы толықтай сол мақсатта жұмсалатыны анық емес. Былтыр бөлінген 5 миллион теңгеге 420 бас қасқыр ату жоспарланғанымен, тек 140 түз тағысының көзі жойылды. Жоғарыдан келген бұйрық солай болып, игерілмеген ақша басқа мақсатта жұмсалды. Енді биылға қаралып отырған 4 миллион теңгенің қаншасы қасқыр атуға жұмсалатыны белгісіз, –
дейді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының жануарлар дүниесін қорғау және балық шаруашылығы бөлімінің басшысы Сапарбек Сыдықов.
Маманның сөзіне сүйенсек, биылға қаралған қаржы толықтай қасқыр атуға жұмсалмайтын секілді. Тіпті, түз тағысының көзін жоюға бір тиын да жұмсалмауы мүмкін. Олай дейтініміз, жылда тендер жеңімпазы атанатын «Қасқырбай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің берген мәліметіне сүйенсек, уақыт өткен сайын өңірдегі көкжалдар саны азайып келе жатқан көрінеді. Сол себепті биылға бөлінген ақша қорықшыларды мылтық, дүрбі секілді қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге жұмсалуы да ғажап емес.
Дегенмен, басқарма биылғы қыста үлкен қасқырдың құнын 12 000 теңге, аналық қасқырды 19 400, бөлтірігін 600, ал шибөрінің құнын 480 теңге деп бекітіп қойған. Және қасқыр аулаған мердігер «тұзаққа» түскен түз тағысын терісімен қоса аудандардан құрылған арнайы комиссияға өткізуі тиіс.
Әрине, қомақты қаржы жүрген жерде жүйелілік пен тәртіп болғаны жөн. Алайда, қаңтар айының соңына қарай бөлінетін қаржыңа қасқырлардың қарап отырмайтыны анық қой. Ашыққан түз тағысы сенің тендеріңді түсіне ме? Әлде, «мердігер әлі белгіленбепті» деп малыңа тиіспей, қораңды айналып өте ме?
Мойынқұм ауданындағы жеке қожалық иесі Ерлан Құдабаевтың бұл мәселені көтеріп жүргеніне талай жылдың жүзі болған.
– Ауданымыздың көп бөлігін жазық дала алып жатқандықтан, сәл қар жауса болғаны аязды боран басталады. Бұл кезде мал түгілі жайылымда адам адасады. Сондықтан боранды күндері төрт түлігімізді қорада ұстауға тырысамыз. Алайда ашыққан қасқырлар адамнан да, басқадан да қорықпай қораға түсіп, түлікті тартып кетіп жатады. Әрине, қолдан келгенше қақпан қойып, мылтығымызды сайлап отырамыз. Бірақ халық қалың ұйқыда жатқанда қораға түсетін қасқырды әрдайым байқап қала алмайсың. Содан еңбегің еш кетіп, төрт түлігің қасқырдың жемі болып жатады. Егер жергілікті билік тарапынан ең болмаса оқ-дәрі, жағармай, қыс айына қосымша мылтық берілетін болса, қасқырды ауыл жігіттері-ақ қырып тастар едік. Бірақ оған рұқсат жоқ. «Мердігер тендермен ауласын» дейді. Ал ол мердігер қашан келеді және қай аймақтағы қасқырларды атады, ол тағы белгісіз. Тіпті, жайылымда мылтық асынып жүрсең қорықшылар келіп тексеріп, мазаңды алады. Осыдан кейін қалай өз малыңды қорғайсың? Бұл мәселені айта-айта шаршадық, – дейді ашынған шаруа.
Иә, шаруаның сөзін орынсыз дей алмаспыз. Өйткені төлінен өсірген төрт түлігін қасқырға жем қылып, қарап отыру кімге оңай тисін? Оған қоса Ерлан Құдабаевтың мердігердің қай аумақтағы қасқырларды аулайтындығына алаңдауы да заңдылық. Олай дейтініміз, жылда тендермен белгіленген аңшылар орман қоры аумағындағы қасқырларды атып, қарапайым малшылардың қыстауын елеусіз қалдырып жатады. Бұның есебін олар «бюджеттен бөлінген қаржы соған ғана жетеді» деп түсіндіруде. Ал келер жылға қаралған қаржы басқа мақсатта жұмсалып кету мүмкіндігін ескерсек, биылғы қыс қалай болатындығын ойлаудың өзі қорқынышты.
Басқарма мамандарының айтуынша, аңшылықтың ең алдымен орман қоры аумағында жүргізілуі сирек жануарлар санының азайып кетпеуі үшін жасалатын көрінеді. Бюджеттен арнайы ақша бөлінуінің негізгі мақсаты да осы екен. Алайда қарапайым шаруалардың жайын сонда кім ойламақ? Демек, малшылар өз күнін өзі күйттеу үшін қазірден қам жасай беруі қажет секілді.
Осындай сәтте «мүмкін, қасқыр аулауды тендерсіз ұйымдастырып, байырғы ескі жүйені қолданған дұрыс па?» деген де ой келеді. Яғни, бұрындары кімде-кім қасқыр атып, оны қорықшыларға өткізетін болса, оған 2 000-5 000 теңге аралығында сыйақы төленетін. Бұл жүйеде тендердің де, мердігердің де қажеті шамалы. Және облыстық қазынадан миллиондап қаржы бөліп, арнайы комиссия құрып, бас қатырудың да қажеті жоқ.
Әрине, байыбына бармай байбалам салудан аулақпыз. Алайда қарапайым халыққа еш пайдасы жоқ қаржыны бөлу, мердігер үшін «майшелпек» болып тұрғанын ескерген жөн. Өйткені жаз жайлауға, қыс қыстауға көшіп, малмен бірге жел өтінде жүрмеген кәсіпкер малшылардың жағдайын қайдан білсін? Осыны құзырлы мекемелер ескеріп, жылда ақшаны желге шашқанша бұл мәселені бір жүйеге келтіретін кез келген секілді.

Саятхан Сатылғанов

ПІКІР