"Тылсым"

Қасқырдың қасиеті

Written by Aray2005

Әрбір жаратылыстың өзінің киесі болады. Халық ауыз әдебиетіндегі Алаша ханның баласы Жошыны мерт қылған да осы ақсақ құланның киесі. Саятшылықтан емес, ысырапшылдықтан көзі қарауытқан хан баласының жебесінен төлін қорғаған құлан оны теуіп өлтіреді. Сондағы Алаша ханның даналығы баласының қазасын естірткен Кетбұғаның күйінен жан-жануарлардың киесі барын ұғынып, «құлан шуы» мезгілінде аңшылық жасамауға бұйрық етеді.
Әрине, халық ауыз әдебиетінде мұндай аңыздар көп. Алайда осы өмірде орын алып жатқан кейбір оқиғаларды естіп, «О, тоба!» деп жатасың. Міне, сондай таңғажайып тылсым жайтты Шу ауданындағы Абай ауылының тұрғыны Жайсан ақсақал бастан кешірген.

Қария күнде таңсәріден малын төскейге жайып шығады. Бір күні қарт үлкен жыңғылдың маңынан апанда жатқан қасқыр бөлтіріктерін байқайды. Дереу малдың басын қайырып, ол маңнан алыстап кетеді. Осыдан кейін кейіпкеріміз қасқыр апаны маңына мал жаймайтын болған. Күнделікті дала төсінен көрініп қалатын аналық қасқыр да бұдан кейін қарияның малына тиіспепті. Осылайша күн артынан күн өтіп, бір күні ақсақал науқастанып қалғанда төрт түлікті түзге балалары жайып кетеді. Әкесі ескертуді ұмытып кеткеннен кейін, балалар жаңа төлдеген қозыларды дәл апанның аузына апарған екен. Аяғымен келген тұяқты көзі шалған өсіп алған бөлтіріктер алқымнан алып, апанға тартып кетеді. Екі қозыны көкжалдың азу тісінен арашалап алып қала алмаған балалар бұл жайтты ауыл ағайындарына айтып, бөлтіріктерді өлтіруге бекінеді. Алайда бұны естіген Жайсан қария қасқырларды жөніне қоюды бұйырып, ауылдастарына тоқтам айтады. Ақсақалдың бұл сөзіне құлақ аспағандар мылтық асынып, атқа да қонған екен. Бірақ Жайсан қасқырдың киесі болатындығын ескертіп, егер әлгі бөрілер ауылдың басқа малдарына тиетін болса, құнын өзі төлеп беруге серт береді. Осылайша қария қасқырларды төніп тұрған қауіптен аман алып қалады.
– Шындығын айту керек, әлгі күннен кейін менің екі қозымнан басқа малдарға қасқырлар тиген жоқ. Арагідік апанның маңына барып, бөлтіріктердің амандығын байқап қойып жүрдім. Бұны сыртымнан аналық қасқыр да бақылап жүргенін сезетінмін. Содан арада бір жетіге жуық уақыт өткенде сіздерге өтірік, маған шын, таңғажайып оқиға орын алды. Таңертең малды жайылымға шығарайын деп қораға барсам, шарбақтың маңында екі қозы жатыр. Бастапқыда екі қозыны жетектеп алып, кімнің малы екенін сұрап бүкіл ауылды аралап шықтым. Алайда «менікі» деген бір адам болмады. Содан қозылардың жүнін ашып, мұқият қарасам, желкесінде тістердің орны байқалады. Терең емес, бірақ бір жануар тістеп алып жүргені анық байқалады. Содан бірден әлгі бөлтіріктер бір апта бұрын тартып кеткен қозыларым еске түсті. Іштей «бұл аналық қасқырдың кешірім сұрап, екі қозымның орнына әкеліп тастаған құны ғой» деп түсініп, таңғалдым. Түс ауа төбе басынан аналық қасқыр да бір-екі мәрте көрініп, «алғысымды алды ма?» дегендей жорта жөнелді.
Қасқырдың ерекше қасиеті жайлы үлкендерден бұрын көп еститінмін. Енді міне, сондай жайтты өзім де бастан кешіріп, түз тағысының қасиетіне қайран қалдым, – дейді қария.
Иә, шын мәнінде таңғалатын оқиға. Осы сәтте, ел аузында жүрген бір аңыз әңгіме еске оралып отыр. Бірде бір малшы Бөрібасар атты итімен жайылымда жүріп, қасқыр апанына кезігіп қалған екен. Қасқырдың қас жауына айналған иті қожайынының бұйрығына қарамастан жас бөлтіріктерді талап тастапты. Бұл жағдайға қатты қаймыққан малшы кешқұрым үйіне келіп, қасқырлардың киесі барын, олардың кекшіл келетінін әбден ой елегінен өткізеді. Осылайша таң ата көз ілген малшы оянса, қасында жатқан баласы жоқ. Содан далаға жүгіріп шықса, есік алдында ойнап жүрген қызының дәл қасында аналық қасқыр тұрғанын көреді. Малшы бұл бөрі кешегі бөлтіріктердің анасы екенін бірден түсініп, енді перзентім ажалдың тырнағынан құтылмайды деп ойлайды. Сол сәтте малшы мен қызына отты жанарымен кезек-кезек қарап тұрған қасқыр кері бұрылып, орман ішіне кіріп кеткен екен. Баласын бауырына басып, өксіп жылаған әке түз тағысының «баладан артық бұл өмірде ештеңе жоқ екенін және бір жолға кешірім еткенін» ұғындырғанын түйсініп, қасқырдың осынау қасиетіне тағзым етіпті.
Расында да, көкжалдың кешірім жасағаны еріксіз бас шайқатады. Тілі болмаса да тірлігімен түсіндіріп, жан-жануарлардың да бойында аналық мейірімнің болатынын көрсеткен қос оқиғада да қасқырлардың ерекше қасиетіне қайран қалдырады. Бұл әзірге бүгінгі ғылым түсінік бере алмайтын тылсым күш. Жазылмаған табиғат заңдылығы.

Саятхан САТЫЛҒАНОВ

ПІКІР