«KASPI bank» тартуы

0 0

Облыстық жедел жәрдем стансасының автопаркі 10 жаңа автокөлікпен толықты. Жамбылдық дәрігерлер мен пациенттер үшін мұндай маңызды тартуды «Kaspi.kz» акционерлік қоғамы жасады.
Сыйға берілген көліктерді «СарыарқаАвтоПром» ЖШС Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің техникалық ұсыныстарын ескере отырып, «Chevrolet Damas» моделі негізінде әзірлеген.
Көліктер облыс орталығы мен аудандардағы жедел медициналық жәрдем стансаларына таратылады.

– Осындай қиын кезеңде біздің дәрігерлерімізге қолдау білдірген демеушілерге үлкен алғысымызды білдіргім келеді. Жедел медициналық жәрдем стансасының автопаркін толықтыру бригаданың науқасқа жету уақытын қысқартуға, жедел медициналық көмектің сапасын арттыруға мүмкіндік береді, – дейді облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Хамит Мырзақасымов.
Стансаның фельдшерлері жаңа жедел жәрдем көліктерін кәсіби тұрғыдан жоғары бағалады.
– Көлік жедел жәрдем бригадасына қажетті барлық заттармен жабдықталған. Жиынтыққа жеңіл зембілдер, пульсоксиметр, портативті ӨЖЖ аппараты, дефибриллятор, электрокардиограф сынды құрылғылар енген. Кейде біз үлкен көлікпен шағын аудандардағы үйлерге кіре алмаймыз. Ал бұл көлікпен мекенжайға жету оңайырақ, – дейді облыстық жедел жәрдем станциясының фельдшері Вероника Моисеева.
Айта кетейік, облыста қазіргі таңда барлығы 139 жедел жәрдем бригадасы жұмыс істейді. Жаңа көліктер бригада санын 149-ға арттыруға ықпал етіп отыр.
Облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Хамит Мырзақасымов аймақта жаңа бригадалар құру үшін мамандардың да жеткілікті екендігіне сендірді. Сондай-ақ ол жақында осындай демеушілердің арқасында өңірге тағы 18 көлік келетіндігін айтты.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.