БАСТЫ БЕТ

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне ресми кірісу рәсіміндегі сөйлеген сөзі

Written by Aray2005

Аса қадірлі Елбасы!
Құрметті отандастар!

Ең алдымен, маған зор сенім артып, қолдау көрсеткен барша Қазақстан халқына алғыс айтамын!
Бұл сайлау, шын мәнінде, демократия талаптарына сай өтті. Сайлау алаңында нағыз ашық бәсекеге түсу мүмкіндігі болды.
Барлық саяси күш өкілдері қатысты. Саяси бағдарламалар сайысқа түскен әділ дода болды.
«Сайлау – бұл қатысушылардың пікірі ғана жеңіске жететін жарыс» дейді.
Расында, әділ пікір.
Осы өте маңызды саяси бәсекеде біздің халқымыздың даналығы, парасаты жеңді.
Сондықтан бұл жеңіс – халқымыздың жеңісі!
Біз бір ел болып, халық болып Қазақстанның алдағы даму жолын бірге айқындадық.
9 маусымда Қазақстанның жарқын болашағы үшін дауыс берген әрбір азаматтың пікірі – біз үшін өте маңызды!
Өйткені халқымыздың татулығы, ынтымағы, бірлігі – біздің ең басты құндылығымыз. Осы құндылықты көздің қарашығындай сақтау – баршамызға ортақ парыз.
Сондықтан Президент ретінде халқымызға мынаны айтқым келеді:
Еліміздің әр азаматының мүддесін қорғау– менің басты мақсатым. Оларды саяси көзқарастары мен ұстанымдарына қарай бөлуге жол бермеймін!
Түрлі саяси және қоғам қайраткерлерінен келіп түскен құнды ұсыныстарды, бастамаларды мен өз жұмысымда міндетті түрде ескеремін.
Ашық және әділ жұмыс істейміз.
Біз үшін ең маңызды міндет – заңға сай адал қызмет ету.
Біздің бір ғана Отанымыз бар!
Тағдырымыз – бір!
Біз халқымыздың жарқын болашағы үшін бәріміз бірге еңбек етеміз!
Ақиқатын айтуымыз керек, бұл сайлауда біздің азаматтарымыз Елбасының стратегиялық бағдарын қолдап дауыс берді!
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бүкіл әлем мойындаған даму моделін жасады. Қазақстанның көк туын дүние жүзінің түкпір-түкпірінде желбіретті.
Осы күндері менің атыма азаматтарымыздан көптеген өтініш-тілектер келіп түсуде.
Олардың бәріне ортақ бір ғана тілек бар: Елбасымыздың жолын, Стратегиясын сақтау және оны одан әрі нығайту.
Шын мәнінде, халықтың дәл осындай өтініш-тілек айтуы – заңды, орынды.
Себебі қазіргі дамыған Қазақстан – бұл, ең алдымен, Елбасының арқасы.
Елбасы – қазақ мемлекетінің негізін қалаушы ұлы тұлға. Ол жаһандық деңгейдегі мемлекет қайраткері.
Әлем тарихына дәл осылай жазылды.
Елбасының халқымыз үшін және әлем қауымдастығы үшін сіңірген орасан зор еңбегін әрқашан құрметтеу – бәрімізге ортақ парыз.

Құрметті отандастар!

Сайлау науқаны барысында мен еліміздің көптеген өңірінде болдым. Менің саяси тұғырнамам – бұл біздің азаматтарымыздың басты сұраныстарына жауап.
Бірінші кезекте мен Қазақстанның үшінші жаңғыртылуын, Бес институттық реформа мен мемлекетіміздің басқа да аса маңызды стратегиялық құжаттарын жүзеге асыру бойынша жұмыс істейтін боламын. Басқаша айтқанда, мен Елбасының стратегияларын жүзеге асыруға ден қоямын.
Еліміз орнықты дамудың жаңа деңгейіне шыға алуы үшін жаңа қадамдар мен жаңа шешімдер қажет. Олар таяу арада жария етілетін болады.
Екіншіден, өткір әлеуметтік проблемаларды шешумен нақты айналысуды, аса мұқтаждарға көмек көрсетуді жоспарлап отырмын.
Үкіметке аталған салада сезінетіндей нәтижелерге қол жеткізу үшін шаралар дайындауды тапсырамын.
Үшіншіден, қазақстандық кәсіпкерлерді қолдайтын инвестициялар тартып, оларды қорғайтын, іскерлік белсенділікті ынталандыратын, кең көлемді орта да қалыптастыратын боламын.
Төртіншіден, менің мақсатым – қоғамның бірлігін қамтамасыз етіп, әр азаматтың құқығын қорғау.
Және соңында ең бастысына тоқталайын. Қашанда және қай жерде де Қазақстанның ұлттық мүддесін қорғайтын боламын.
Бүгінде әлем жедел өзгерістер дәуіріне аяқ басты. Технологиялар, экономика және әлеуметтік тәртіп ауысуда. Адамдардың, әсіресе жастардың дүниетанымында өзгерістер бар.
Қазақстанның алдында жаңа сын-тегеуріндер мен қатерлер бой көрсетуде. Көптеген жыл бойы халықаралық саясатпен айналысып келген мен жаңа дәуірдің алға ұмтылысын айқын сезініп отырмын.
Сауда соғыстары, халықаралық қатынастардағы қысымдар, қауіпсіздіктің бұрынғы механизмдерінің бұзылуы, өңірлік жанжалдардың көбеюі – осының бәрі жаңа геосаяси өмір шындығы.
Алдағы бірнеше жыл бедерінде заманымыздың басты сұрағы: қандай елдер прогресс сапынан орын ала алатынына, қайсысы әлемдік дамудың жиегінде қалатынына жауап берілетін болады.
Экономикалық, әлеуметтік және саяси прогресс – бұл біздің заманауи сын-тегеуріндерге бірден-бір дұрыс жауабымыз.
Біз әлемге ашықпыз, үздік табыстарға, жетекші технологияларға ұмтылып отырмыз. Адамдардың игілігі үшін жасампаз өзгерістер– менің прогресті түсінуім, міне, осындай.
Сонымен қатар билік адамдардың талап-тілегіне құлақ асуға, проблемаларды жергілікті жерде шешуге, азаматтар алдында тұрақты есеп беріп тұруға міндетті.
Уәде бермей, орындау шарт! Мұндай ережені барлық Үкімет мүшесі және әкімдер ұстанулары тиіс.
Президент ретінде мен үшін экономикалық дамудың жалпы цифрлары емес, барлық азаматтарымыздың нақты әл-ауқаты аса маңызды болып табылады. Сондықтан стратегиялық мәселелер бойынша шешімдер қабылдауда халықтың басым бөлігінің ұстанымдары қаперге алынатыны сөзсіз.
Біздің мемлекеттік биліктің формуласы: күшті, өкілетті Президент – ықпалды, жұмыс істеуге қабілетті Парламент – халыққа есеп беретін Үкімет. Нақ осындай саяси жүйе күрделі геосаяси жағдайларда мемлекетіміздің талаптарына барынша толық сәйкес келеді, алдымызда тұрған стратегиялық міндеттерді шешуге ықпал етеді.
Сонымен қатар қоғамды саяси трансформациялау процесі жалғасатын болады.
Саяси түзетулер түбегейлі экономикалық қайта құрылымдаулармен сәйкесуі тиіс, олай болмаған жағдайда реформаларда тежелулер орын алуы ықтимал. Мұны әлемдік тәжірибелер айқын көрсетіп отыр.
Мемлекеттік басқару жүйесіне меритократия негізінде тек лайықты, білімді адамдар келулері керек. Кадрлар іріктеуде басқа қағидат болмауы тиіс.
Тұтастай алғанда, бізге биліктің халық алдындағы жауапкершілігін арттыру қажет. Ерекше назар азаматтық қоғамды дамытуға аударылатын болады.

Қадірлі қауым!

Менің сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарым – бұл үлкен міндеттің алдындағы халықпен кеңесу болды.
2019 жылдың 13 мамырында #BIRGE жалпыхалықтық акциясы басталды.
Оның басты мақсаты – ел дамуындағы ең маңызды міндеттерді анықтау.
Қазақстанның барлық аймақтарынан түрлі ұсыныстар жиналды.
Бүгінге дейін 540 мыңға жуық ұсыныс-тілек келіп түсті.
#BIRGE акциясына қатысып, азаматтық белсенділік танытқан барша халыққа шын жүректен алғысымды білдіремін.
Енді біз қоғамдағы өзекті мәселелерді айқын көріп отырмыз.
Оның шешу жолдарын білеміз.
Бүгін халықты, ең алдымен, не мазалайды?
Ең бірінші, азаматтар барлық жерде әділдік орнауын қалайды.
Әлеуметтік саясаттан бастап мемлекеттік органдардың халыққа әділ қызмет көрсетуін талап етеді.
Халықты толғандырып отырған басты мәселе – табыс көлемінің азаюы.
Халықаралық қаржы нарықтарының тұрақсыздануы, теңгенің девальвациясы халықтың табысына кері әсер етті.
Миллионнан астам азаматтарымыз банктен несие алуға мәжбүр болды.
Табысы жоғары және төмен азаматтардың арасындағы алшақтық – біздің қоғамды мазалайтын тағы бір өзекті мәселе.
Әрине, мұндай құбылыстар бүкіл әлемде бар, дегенмен тоқмейілсіп отыра беруге болмайды.
Сондықтан дәл осы өткір әлеуметтік-экономикалық және саяси мәселені шешу үшін орта мерзімді кешенді шаралар қабылдау қажет.
Қоршаған ортаның қазіргі мүшкіл халі – көпшіліктің көкейіндегі мәселе.
Сондықтан елімізге бірыңғай экологиялық саясат қажет.
Қоршаған ортаны қорғау жүйесіне серпін беретін жаңа Экологиялық кодекс қабылдау керек.
Келесі өзекті мәселе – халықты сумен қамтамасыз ету.
Таза ауызсу әрбір үйде, әрбір отбасында болуы міндет.
Тағы бір маңызды, халықты мазалайтын мәселе. Бұл – жолдардың сапасы.
Сол себепті автожолдардың жағдайын жақсарту – біздің негізгі мақсаттарымыздың бірі.
XXI ғасыр талабына сәйкес, цифрландыру кең ауқымды міндет болып табылады. Ол өмірдің барлық саласын: мемлекеттік қызмет көрсетулерден бастап, болашақ экономиканың жаңа салаларын құруға дейінгі аралықты қамтуы тиіс.
Саяси прогресті қоса алғанда, елдің дамуы цифрландырумен тікелей байланысты. Ол мемлекет пен қоғам арасындағы қарым-қатынас мазмұнын сапалық тұрғыдан өзгертеді. Сондықтан Елбасы бекіткен «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы орындалатын болуы тиіс.
Біздің азаматтарымызды билік пен қоғам диалогын дамыту мәселесі қатты толғандырады. Мұндай диалог пікір алуандығын мойындау негізінде құрылуы тиіс. Түрлі пікірлер, бірақ біртұтас ұлт. Міне, басты бағдарымыз. Сондықтан мен Қоғамдық сенімнің ұлттық кеңесін құрған жөн деп шештім. Кеңеске, жастарды қоса алғанда, бүкіл қоғам өкілдері кіретін болады. Ұлттық кеңестің алғашқы кеңесі осы жылдың тамызында өткізіледі.
Билік өзінің халық алдындағы уәдесін орындауға міндетті. Оның басты миссиясы осыған саяды. Тек осылай ғана ұлт бірлігі мен елдегі тұрақтылықты нығайтуға болады. Сондықтан менің сайлауалды тұғырнамамды жүзеге асырудың тақырыптық жоспары жасалады. Халықтың озық идеялары, ұсыныстары осы құжатта көрініс табады.
Келесі маңызды бағыттарға баса мән беруіміз керек.
Бірінші бағыт. Халықтың табысын арттыру.
Тұрақты және қарқынды экономикалық өсім арқылы ғана бұл мәселені шешуге болады.
Ең алдымен, өсім бізге не үшін қажет екенін терең түсінуіміз керек.
Азаматтарымыз өз елінде алаңсыз өмір сүріп, еңбек етіп, ұрпағын тәрбиелеп, халқымыздың жетістіктеріне бірге қуанып, мақтан тұту үшін экономикалық өсім болуы тиіс.
Таяу арада Үкіметтің кеңейтілген отырысында біз еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған нақты міндеттерді айқындаймыз.
Екінші бағыт. Сыбайлас жемқорлықты жою.
Бірінші қыркүйекке дейін жемқорлықтың деңгейін мейлінше төмендетуге бағытталған реформалар топтамасы дайындалады.
Жемқорлық – мемлекеттің дамуын тежейтін кесел. Бұл қоғамдағы өзара сенімге, жалпы мемлекетіміздің қауіпсіздігіне қатер төндіретін құбылыс.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі жұмыс жүргіземіз.
Үшінші бағыт. Сот және құқық қорғау жүйесін реформалау.
Сот – заң үстемдігінің кепілі. Сондықтан судьялардың жоғары кәсіби және адамгершілік талаптарына сай болуы – бұл үлкен міндет.
Судьялар мен осы қызметке үміткерлерді бағалау және іріктеу жүйесін қатаңдату керек.
Сот – әділдіктің соңғы шегі болуы тиіс.
Құқық қорғау жүйесінің басты міндеті – халықтың сеніміне ие болу.
Төртінші бағыт. Жаңа жұмыс орындарын ашу және халықты лайықты жалақымен қамту.
Ұлттық табысты әділ бөлу мәселесі бұл – стратегиялық маңызды дүние.
Мемлекеттік бюджеттің қаражатын, ең алдымен, келешегі зор мақсаттарға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бөлу қажет.
Бесінші бағыт. Тұрғын үй мәселесін шешу.
Түрлі санаттағы азаматтардың қолжетімді баспанаға ие болуына айрықша назар аударамын.
Біздің алдымызда Бірыңғай тұрғын үй саясатын жасақтау міндеті тұр.
Үкімет осы бағытта нақты шаралар қабылдайды.
Алтыншы бағыт. Әділетті әлеуметтік саясат.
Біз адам капиталын дамыту саясатын жалғастырамыз.
Бұл бағытта, ең алдымен, не істеуіміз қажет?
Жаппай білім беруді қолдау.
Барлық тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсету.
Бұл мәселелер бойынша біздің тұтас бағыт-бағдарымыз бар.
Біз мұғалімдердің және дәрігерлердің мәртебесін көтеретін жаңа заңдар қабылдаймыз. Олардың құқығын қорғап, материалдық жағдайын жақсарту үшін тиісті жағдай жасаймыз.
Жетінші бағыт. Өңірлерді дамытудың жаңа бағдары.
Біздің қағидамыз баршаңызға мәлім:
Қуатты аймақтар – қуатты Қазақстан.
Азаматтарымызды толғандырған нақты мәселелер жергілікті деңгейде шешілуі тиіс.
Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін нығайтамыз.
Аймақтағы қордаланған мәселелерді шешуге халық белсене араласатын болады.
Сегізінші бағыт.
«Рухани жаңғыру» құндылықтары біздің басты рухани бағдарымыз болып қала береді.
Тарихқа құрметпен қарау, Отанға адал болу, ғылым-білімге деген ұмтылыс – мұның барлығы біздің халқымыздың бойындағы асыл қасиеттер.
Бұл қасиеттер біздің халқымыздың бірлігін және ұлтымыздың жасампаздығын нығайтады, бәсекеге қабілетті ел болуға жол ашады.
Қазақстанды болашаққа бастайтын – жастар.
Сондықтан бұл бағдарламаны жас ұрпақты тәрбиелеуге бағыттауымыз қажет.
Тоғызыншы. Сыртқы саясат.
Қазақстан әлемде үлкен беделге қол жеткізді, өзін бейбітсүйгіш, ашық ел, халықаралық істерде сенімді және жауапкершілікті әріптес ретінде танытты.
Біз конструктивті, теңдестірілген, көпвекторлы, сыртқы саяси бағытымызды жалғастырамыз. Әлемдік аренада ұлттық мүддемізді нық ілгерілететін және қорғайтын боламыз. Еліміздің сыртқы саяси қызметі Отанымызға, ұлттық бизнеске, әр азаматқа нақты пайда әкелетін болады.
Оныншы. Жас ұрпаққа ерекше қайырылғым келеді.
Сіздердің алдарыңызда Қазақстан дамуында шешуші рөл атқару, прогрестің қозғаушы күші болу міндеті тұр. Елбасы 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялады. «Жастар – ел тірегі» арнайы жобасы жұмыс істей бастады.
Біз жастардың «Жас кәсіпкер» бизнес-бастамасын дамыту бағдарламасын жүзеге асырудамыз, жастар стартаптарын қолдайтын боламыз. Жастарды жұмысқа орналастыру бағдарламаларын енгіземіз.
Менің міндетім – сіздерге өздеріңіздің ең үлкен армандарыңызды жүзеге асырып, жеке «табыстар тарихын» қалыптастыруларыңызға барлық мүмкіндікті туғызу.
Мемлекеттік қызметтің барлық деңгейіне жас талантты басқарушыларды ілгерілету үшін «Президенттің кадрлық резерві» қалыптастырылатын болады.
Біздің жастарымыз мақсаткер, еңбексүйгіш, креативті, сондықтан Қазақстанның болашағы сенімді қолда.

Қымбатты отандастар!

Алдымызда ауқымды жалпыхалықтық міндеттер тұр.
Мақсатымыз – айқын, жолымыз – ашық!
Қазақстан жаңа мүмкіндіктер мен перспективалар еліне айналды.
Оның игілігін жастар мен келешек ұрпақ көреді.
Біз бабалар дәстүрін қастерлейтін, жаһанның озық жетістіктеріне ұмтылатын халықпыз.
Бұл – біздің күш-қуатымыздың діңгегі.
Біз алдымыздағы барлық қиындықтарды бірге еңсереміз.
Біз қуатты әрі гүлденген Қазақстанның өркендеуі үшін бірге еңбек етеміз.
Антқа адал болу, сертке берік болу – менің халық алдындағы парызым.
Қазақстанның жарқын болашағы үшін, халық үшін аянбай еңбек етуге серт беремін.
Баршаңызға амандық, құт-береке тілеймін.
Қасиетті Отанымыз – Қазақстан Республикасы жасай берсін!

Egemen.kz

ПІКІР