Қатар жүрген қаламдасым еді

0 0

Кеше ғана сияқты еді бәрі де. Жастық шақты бірге өткізген қызықты да думанды күндеріміз бұрынғы Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі Қазақ Ұлттық университеті) бітіріп келген біздердің облыс баспасөзінің қара шаңырағы – «Еңбек туына» (қазіргі «Aq jol» газетіне) бірімізден соң біріміз келіп, табалдырық аттағанымыз күні кешегідей көз алдымызда. Сондағы сымдай тартылған, сыпайы да сырбаз, кербездігі мен бекзаттығы қатар өрілген, ақсүйектің баласына көбірек ұқсайтын өрімдей ақсары жігітпен ақылшы аға, сенімді серіктес, жанашыр әріптес, етене жақын бауырмал әрі сырлас боларымызды кім ойлаған ол кезде. Бұл айтып отырған адамым – қазақ журналистикасының белді өкілдерінің бірі, қалам қайратымен елге ерте танылған белгілі журналист Болат Мәуленов.

Біз төртеу едік.Төртеуіміз қатар жүргенде бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай болатынбыз. Жұбымыз жарасқан, басқалар таңырқай қарасқан, арман-мақсат жолында бірге қанат қағысқан, қиындықта тізе қосып, жеңістерді жалғаған қаламдастар болып, еңбек көрігін қыздырдық. Ең бастысы, журналистік жолда ақ желкенімізді бірге көтердік, жастықтың жалауын биікте желбіреттік.
Олар кімдер десеңіз – Болат Мәуленов, Мұрат Сыздық, осы жолдардың авторы және журналистикаға жаны жақын досымыз Жанболат Егембердиев болатын. Төртеуміз түгел атқа қонғанда жер қайысқан қол емес, жүректері дүрсілдей бірге соққан қимас адал достар болып, өмір теңізінде бірге жүздік.
Болат ағамның облыс баспасөзіндегі қадамы сәтті басталды. Бұрынғы Қазақ мемлекеттік университетін аяқтаған ол бірден «Еңбек туы» газетіне шақырту алды. Журналист ретінде алғашқы күндерден оқырман жүрегіне жол тапты. Өндірте жазды. Сүбелі, сүйекті дүниелерімен көрінді. Оған бір ғана мысал айтсақ та жеткілікті.
Аталған басылым облыс журналистері арасында еңбек адамдары туралы үздік шығармаларға байқау жариялады. Талай аламанда алдарына жан салмаған сақа журналистер осы бәйгеде төбе көрсетті. Мүйізі қарағайдай атақты қаламгерлер сапына кешегі университет түлегі, жас қалам иесі де келіп қосылды. Қаламын суытып үлгермеген, үлкен додаларға түсіп көрмеген қаламдас досым басқаларды шаң қаптырды. «Мұз бен гүл» деп аталатын көркем очеркі бас бәйгені жеңіп алды.
Басылым басшысы Баттал Жаңабайұлы ағамыздың кадр таңдауда қателескен кездері кемде-кем. Бұл жолы да солай болды. Жас маман сенімді ақтады. Ақтап қана қойған жоқ, сан журналистің арасынан жүйріктігімен көзге түсті. Талай мықтының мысы басылды. Болат секілді жас толқынмен үлкендер жағы санасатын болды. Жаңа ойлар мен тың идеялар дүниеге келіп, басылымның бұқара арасындағы абырой-беделі арта түсті. Жастар жаңа леп әкелді. Мұса Рахманбердиев, Болат Мәуленов, Доқтырхан Тұрлыбек және қатарға жаңа қосылған Мұрат Сыздық секілді жас журналистер орда бұзып, қамал алатын қарым-қабілеттерімен көрінді. Бұл толқын басылымның бет-бейнесін түбегейлі өзгертті.
Облыстық газетте жас қаламгердің тамаша кезеңдері өтті. Шығармашылық жолда табысқа тоқмейілсіп қалмады. Үнемі ізденіс үстінде жүріп, оқырмандарын шымыр да тартымды туындыларымен сүйсіндіріп отырды. Барлық бөлімде жемісті еңбек етіп, жарқын жетістіктерімен елге танылды. Аға тілші, одан соң бөлім редакторы болып, «Еңбек туына» лайықты қолтаңбасын қалдырды.
Одан кейінгі жылдары облыстық телеарнада қызмет етіп, бұл саланың да салмақты тұлғасына айналды. Директордың шығармашылық жұмыстар жөніндегі орынбасары қызметін атқарып, жаңа жобалардың дүниеге келуіне барынша атсалысты. Шабыттана еңбек етті. Телеарнаның түлеген, түбегейлі өзгерістерді бастан өткерген бұл кезеңде Болат ағамыздың төккен тері мен қосқан үлесі айрықша болғандығы сөзсіз.
Бөкең облыстық радиода еңбек жолын жалғады. Елге жылдам ақпарат тарататын ұжымдағы жұмысы жеміссіз болған жоқ. Жаңалыққа жаны құмар тыңдарманға басшы ретінде үлгі көрсетіп, татымды дүниелер ұсынды. Елге жағымды есті хабарлардың тұсауын кесіп, ғұмырын ұзартты.
Республикалық «Aıqyn», «Ауыл» және «Қазақстан-Заман» (қазіргі «Qazaqstan dáýіrі») газеттерінде өмірінің елеулі бөлігін өткізді. Бұл басылымдардың облыстағы меншікті тілшісі болып, осы өңірдің тынысын кеңінен қамтып отырды.
Болат ағамыз соңғы жылдары М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Университет тынысы» газетіне басшылық етті. Студент жастарға даналық дәрістерін үйретті, ағалық өсиеттерін айтты, білген-түйгендерін көрегендікпен жеткізді.
Басында төртеу едік. Төртеудің екеуі – Жанболат пен Мұрат қырықтан асқан шағында мезгілсіз өмірден өтті. Екі достан қапыда айырылып қалдық. Қатарымыз сиреп, Болат ағамыз екеуміз қалған едік. Қатар жүрген қаламдасым, қадірі артқан қанаттасым, алға зымыраған уақыт көшінде мұраттасым әрі серіктесім болған менің Болатым осыдан қырық күн бұрын кенеттен бақилыққа аттанды. Аңырап мен қалдым. Қайғыдан қабырғам қайысты. Тұла бойым астаң-кестең болып кетті. Жүрегім қан жылады.
Әріптес досым өз арының алдында адал болып, саналы ғұмыр кешті. Адал өмір сүргендіктен еңсесі түскен жоқ. Жалтақтап, жағымпаз болмады. Өмірде көлгірсімеді. Адамдарға тік қарап, тура жолдан айныған жоқ. Жаман жерді басқан жоқ, жаман жолмен жүрген жоқ. Жұбайы Шолпан екеуі өмірдің қызығын аз көрген жоқ. Шаңырағынан шаттық үзілмеді. Ұлы Думан мен келіні Ақмарал отбасы абыройын төмендеткен емес. Болат ағам немерелері Нарбұлан мен Шахмарданның еркелігіне еш шаршаған жоқ. Шаршауды білмей бекзат қалпында бұл дүниемен қоштасып, мәңгілік сапарына аттанды.
Пейіште нұрың шалқысын, асыл аға, абзал дос!

Мақұлбек Малдарбеков,
Қазақстанның Құрметті журналисі

Leave A Reply

Your email address will not be published.