Қатерлі індет қайта күш алды

Сондықтан сақтық шараларына барынша мән беру қажет

0 6

Бүкіл әлем халқы күресіп келе жатқан коронавирус кеселінің қаупі әлі де сейілмей тұр. Өткен жылғыға қарағанда жағдай жақсарғанымен, індеттің соңғы шыққан штамдары тарап барады. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев аппараттық кеңесте аталмыш кеселмен күрес жұмыстарын жауапты мамандармен бірге талқылады.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 13 шілдедегі жағдай бойынша облыс аумағында жалпы COVID-19 індетінің 10 381 жағдайы тіркелген. Соңғы тәулікте 52 адамның індет жұқтырғаны анықталған. Бүгінге дейін облысымызда 9 631 азамат сауығып шығып, осы індеттен 85 адам көз жұмған. Қазір облыс сары аймақта тұр.
– Бекітілген жоспарға сәйкес, ағымдағы жағдай бойынша облыстағы ауруханаларда 2 075 инфекциялық төсек қоры, оның ішінде 202-сі реанимациялық төсек қоры, оған қоса 170 төсек-орынға арналған карантиндік стационарлар жұмыс атқаруда.
Эпидемиологиялық жағдайға байланысты COVID-19-бен ауыратын науқастарды емдеу үшін қосымша резерв ретінде 2 685 инфекциялық, оның ішінде 299 реанимациялық төсек қоры ашылып, жұмылдырылатын болады. Бүгінгі сағат 07.00-дегі жедел ақпарат бойынша инфекциялық стационарларда –
937 (төсек-орындар 45 пайызға толған), оның ішінде 54-і реанимацияда (төсек-орындар 27 пайызға толған) науқас ем қабылдауда. Карантиндік стационарларға 20 адам орналастырылған. Инфекциялық стационарлардағы науқастардың денсаулық жағдайлары тұрақты бақылауда.
Ағымдағы жылдың 6-13 шілде аралығында КВИ белгілері бар науқастар саны көбеюде. Жалпы соңғы 3 күнде КВИ диагнозымен 6,3 пайызға өсім бар.
Облыс бойынша 18 жастан жоғары 582 000 адам коронавирус инфекциясына қарсы вакцинациялауға жатады деп жоспарланған. Қазіргі таңда 241 581 тұлға екпе алды.
Жалпы облыс бойынша 23 медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету ұйым­дарын­да 43 егу пункті бар, олардың ішінде 15-і қалада, 28-і аудандарда орналасқан.
2021 жылдың 1 ақпанынан бастап облысқа
10 000 доза «QazCovid-in» – отандық вакцина (5 000 адамға), 231 700 доза «Спутник V» вакцинасының 1-компоненті және 158 700 доза 2-компоненті,
60 000 доза (30 000 адамға) «Хаят Вакс», 34 000 доза (17 000 адамға) «КоронаВак» вакцинасы келді. Жалпы өсіммен 241 581 тұлға 1-компонентімен, оның ішінде 4 989 тұлға отандық, 190 295 тұлға «Спутник V», 29 910 тұлға «Хаят Вакс» вакцинасымен және 16 387 тұлға «КоронаВак» вакцинасын алды, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев.
Жиында қаралған екінші мәселе – оқушылардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру бойынша мәлімдеме жасаған облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Талғат Жамалов:
– Биылғы оқу жылының соңында 1 мен 10-сынып арасындағы оқушылар саны 217 402 баланы құрады. Жалпы облыста балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру 5 бағытта іске асырылады. Біріншіден, Қазақстан Республикасының Бас санитарлық дәрігерінің 2021 жылдың 3 маусымдағы №26 қаулысына сәйкес, жергілікті санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, оқушыларды лагерьлерде демалыспен қамту шаралары жүргізілуде. Екіншіден, белгілі категорияға жататын, яғни көпбалалы, аз қамсыздандырылған отбасы балаларының жазғы сауықтыру демалысына жергілікті бюджеттен 555 миллион 877 мың теңге қарастырылған. Үшіншіден, түрлі бағыттағы жарыстардың, байқаулардың халықаралық, республикалық және облыстық 179 жеңімпазы Ақмола, Алматы, Түркістан облыстарында орналасқан «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығында демалуға жіберілмек. Төртіншіден, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, қалалық жерде тұратын 27 мыңнан астам оқушы ауылдық жерде тұратын ата-әжелерінің үйінде демалуда. Бесіншіден, өңіріміздің тарихи маңыздылығын ескере отырып, балаларды тарихи-мәдени орындарымен таныстыру экскурсияларын ұйымдастыру шаралары өтуде, – дейді.
Жиын қорытындысында облыс әкімі індетті таратпау мақсатында сақтық шараларын қатаң ұстанып, карантиндік шектеулерді жіті қадағалауды тапсырды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.