Akorda.kz

Қауесеттер мен арандатушылық ақпараттарға тосқауыл қою керек

Written by Aray2005

Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысы өтті. Оған облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың əкімдері, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен құқық қорғау құрылымдарының басшылары бейнебайланыс арқылы қатысты.
Мемлекет басшысы өз сөзінде індеттің таралуын ауыздықтау үшін Төтенше жағдай жəне карантин режімін бұзғандарға қатысты шараларды қатаңдату қажеттігін айтты.
– Қатаң санкцияларға көшетін уақыт жетті. Сонымен қатар тəртіп бұзушылықтың алдын алу мақсатында тіркелген деректерді БАҚ-та кеңінен жариялау керек. Халық баратын қоғамдық орындарда санитарлық тазалық талаптары сөзсіз орындалуы тиіс. Мұндай жағдайда «үнемдеуге» жəне «оңтайландыруға» жол жоқ. Мемлекеттік комиссия Қарулы Күштерді Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент жəне басқа да ірі қалалардың көшелерін дезинфекциялауға тарту тəртібін айқындауы қажет, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдерден, оның ішінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерден келген барлық адамдарды карантинге жатқызуды тапсырды. Мемлекет басшысы Төтенше жағдай жəне карантин кезіндегі жұмыс тəртібін əзірлеп, оны барлық азаматтар мен бизнес өкілдеріне жеткізу, сондай-ақ халыққа медициналық мекемелердің жаңа жұмыс режімін түсіндіру керектігін атап өтті.
Білім жəне ғылым, Мəдениет жəне спорт министрліктеріне жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру үшін онлайн-режімде жарыстар, дəрістер мен өзге де білім беру шараларын өткізу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.
– Құқық бұзушылықтың көбеюіне, ең алдымен, ұрлыққа, тонауға, талан-таражға салуға, биліктің заңды талаптарына бағынбауға жол бермеу керек. Осыған байланысты қоғамдық орындардың күзетін, оларды жарықтандыру жəне бейнебақылаумен жабдықтау шараларын күшейту керек. Бұған полицияның бүкіл құрамын жұмылдыру қажет, – деп тапсырды Президент. Бас прокуратура мен Жоғарғы сотқа заңдылықты, құқықтық тəртіп пен қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету алгоритмін əзірлеуді, соттардың ісін төтенше жағдайға көшіруді ұсынды. Мемлекет басшысы жұмыссыз жастарға «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында тиісті жалақы төлей отырып, оларды су тасқынына қарсы іс-қимылдарға, көктемгі егінге, құрылысқа жəне басқа да жұмыстарға тартуға шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, дағдарыс жағдайында жұмыс істеп тұрған əрбір кəсіпорын, əрбір жұмыс орны аса маңызды. Осыған орай фискалды органдарға дағдарыс кезінде кəсіпкерлерге ешқандай қысым жасамай, өздерінің жұмыс əдісін қайта қарауды тапсырды. Бұдан бөлек қауесеттер мен арандатушылық ақпараттарға тосқауыл қою жұмыстары ерекше бақылауға алынуы тиіс.

– Бүгінде алдыңғы шепте өз бастарын үлкен қатерге тігіп, демалыссыз жұмыс істеп жатқан біздің азаматтарымыз – дəрігерлер, полиция қызметкерлері жəне басқа да мамандар өз отбасыларын сирек көреді. Соған қарамастан, өздерінің азаматтық жəне қызметтік борыштарын толық орындап жүр. Сіздерге шынайы алғысымды білдіремін. Үкімет пен əкімдерге қосымша қаржы тауып, коронавирусқа қарсы күрес жұмыстарына тартылған дəрігерлерге, полиция қызметкерлеріне жəне өзге де мамандарға 1 айлық көлемінде сыйақы беруді тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы.
Президент төтенше жағдай кезінде айыппұлдар мен өсімпұлдарға қатысты бұған дейін қабылданған тыйымдардан бөлек, дағдарыстан зардап шеккен халықтың барлық займдары бойынша қарыздың негізгі бөлігін жəне сыйақысын тоқтата тұру қажет деп санайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдайға байланысты табыс көзінен айырылған қазақстандықтарға ай сайын 1 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (42 500 теңге) төлей бастауды тапсырды. Жалпы, мұндай көмекке кемінде 1,5 миллион адам ілінеді.
– Мемлекеттік комиссияға төлемдердің тиімді əрі ашық механизмдерін əзірлеуді тапсырамын. Арнайы құрылған өңірлік штабтар нақты көмек алушылардың тізімін жұртшылықтың жəне «Атамекен» ҰКП қатысуымен жасайды. Сонымен қатар бизнес, оның ішінде шағын жəне орта кəсіпкерлік жұмыс орнын сақтап қалу шараларын қабылдауы, қызметкерлерін жұмыстан шығармауы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент күрделі жағдайды жеке басына пайдаланатын алаяқтыққа, алыпсатарлыққа жол бермеу керек деп санайды. Осындай жағдайлардың алдын алу үшін барлық елді мекендерді қажетті заттармен қамтамасыз етуді талап етті.
– Бұл жұмыстарды жүйелі атқару үшін əлеуметтік маңызы бар тауарлардың тізімін бекітіп, сол арқылы бағаны мемлекеттік реттеуді енгіземіз. Барлық облыстар мен қалаларда азық-түлік жəне ең қажетті тауарлардың қоры жеткілікті. Əр аймақтың əкімі ең қажетті тауарлардың нақты есебін жүргізуі қажет, – деді Президент. Мемлекет басшысы ұялы байланыс пен интернетке, əсіресе ағартушылық ресурстарға, əлеуметтік желілер мен мессенджерлерге қолжетімділікті арттыруды тапсырды. Төтенше жағдай кезінде тұрғындардың қарызына қарамастан, байланыс қызметін үзбеу керек. Бұдан бөлек мемлекеттік комиссия коммуналдық қызмет төлемдерін төмендету үшін жүйелі жалпы республикалық шаралар əзірлеуі қажет. Президент сөзінің басым бөлігі кəсіпкерлікті қорғауға арналды.
– Қазіргі күрделі жағдайдан зардап шеккен шағын жəне орта кəсіпкерліктің барлық несиелері бойынша негізгі қарыздары мен сыйақыларын төлеуді тоқтата тұру – оларды нақты қолдау механизмдерінің бірі. Іскерлік белсенділікті салық тұрғысынан ынталандыру жəне бағаның тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін кешенді шаралар əзірлеуді, шағын жəне орта кəсіпкерлікті барлық салық жəне міндетті төлемдерден 3 ай мерзімге босатуды тапсырамын. Осы кезеңде оларға айыппұлдар мен өсімпұл жүрмеуі керек, – деді Мемлекет басшысы.
Қаржы министрлігіне мемлекеттік сатып алуларды жүзеге асыру кезінде мемлекеттік органдардың келісімшартта көрсетілген міндеттемелерін толық орындауын бақылауды күшейту тапсырылды. Іс жүзінде көрсетілген қызметтер мен атқарылған жұмыстардың барлық төлемдері 5 күн ішінде аударылуы қажет. Мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік компаниялар орындаушыларға айыппұл салмауы жəне сенімсіз орындаушылардың тізіміне қоспауы тиіс. Қысқа мерзім ішінде отандық тауар өндірушілердің реестрі жасалып, мемлекеттік сатып алулардың арнайы режімі енгізіледі. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» арнайы бағдарламасы – іскерлік белсенділікті жəне жұмыспен қамтуды қолдаудың тағы бір құралы болуы тиіс. Президент теңгенің айырбас бағамын тұрақтандыру үшін Ұлттық банкке, Үкіметке жəне квазимемлекеттік компаниялардың басшыларына квазимемлекеттік сектордағы субъектілердің экспорттық пайдасын міндетті түрде еліміздің валюта нарығында сатуын қамтамасыз етуді тапсырды.
– Осындай күрделі жағдайда мемлекетті басқару түбегейлі өзгеруі тиіс, өзімізге жауапкершілік алып, батыл əрі тиімді шешімдер қабылдауымыз керек. Мен Үкіметтің əрбір мүшесіне, əкімдерге ерекше режімде жұмыс істейтін уақыт келгенін жеткізгім келеді. Қазіргі жағдайдың қаншалықты күрделі екенін түсінбейтін, ескі əдіспен жұмыс істеп, өз ісіне немқұрайлы қарайтындар орындарын босатуы керек, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен əкімдерге шұғыл шаралардан бөлек, жағдайды тұрақтандырғаннан кейінгі уақытты ескере отырып, жүйелі бағдарламалар əзірлеп, қабылдауы қажет екенін айтты.
– Қазіргі қалыптасқан жағдай күрделі болғанымен, аса ауыр деп айтуға болмайды. Біздің барлық мүмкіндігіміз бен қорымыз бар. Ең бастысы, қолайсыз жағдайға дер кезінде дайындықты бастадық жəне не істеу керек екенін білеміз. Салықтық жеңілдіктер мен жергілікті деңгейдегі қолдауларды есептемегенде, дағдарысқа қарсы шараларға бөлінген қаржының жалпы көлемі 4,4 триллион теңгені немесе 10 миллиард долларды құрайды, – деді Президент.
Мемлекет басшысы сөзінің соңында барлық қазақстандықтарды бірігуге, осы күрделі жағдайдан сабақ алуға жəне ахуал тұрақталғаннан кейінгі жағдайда қажет болатын жаңа жүйелі əдістер іздеуге шақырды.
– Əрбір дағдарыстың екі жағы бар. Біріншіден, бұл, əлбетте – қауіп, екіншіден, бұл – мүмкіншілік. Індет, дағдарыс дегеніміз – уақытша, өтпелі құбылыс. Біздің алдымызда тұрған мақсат – мүмкіндікті барынша пайдалану, осы дағдарыстан аман-есен шығып, одан да мықты болу. Біз əрқайсымыз өз міндетімізді жауапкершілікпен орындасақ, бұл қиындықтан тезірек шығамыз деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Отырыс барысында қалыптасқан жағдайға байланысты Премьер-Министр Асқар Маминнің, Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевтың, Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың, Нұр-Сұлтан қаласының əкімі Алтай Көлгіновтің, Алматы қаласының əкімі Бақытжан Сағынтаевтың есептері тыңдалды.

akorda.kz

ПІКІР