Қауіпсіздік саласының қос қыранына құрмет

0 5

Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлерінің кәсіби мерекесі күні тәуелсіздіктің тыныштығы, егемен еліміздің ырысты ынтымағы мен берекелі бейбітшілігі жолында жан аямай еңбек етіп, қызмет бабында қаза тапқан әулиеаталық қос азаматтың құрметіне Таразда еңселі ескерткіш бой көтеріп, рухтарына тағзым етілді.

Бүгінгідей әлемдік саяси ахуал аумалы-төкпелі заманда елдің тұрақтылығы мен шекараның беріктігін сақтау үлкен жауапкершілікті жүктеп отырғаны белгілі. Ол жауапкершіліктің ауыр салмағын абыроймен арқалап, күнделікті өз өмірін бәйгеге тігіп, терроризм және басқа да қылмыстық оқиғалардың алдын алуда кеудесін оққа да, отқа да тосып, елді ішкі және сыртқы жаулардан қорғап, қоғамдық тәртіпті сақтауға ант беріп, сол антын адал атқарып жүрген сала сайыпқырандарының еңбегінен-ақ байқауға болады. Еліміз тәуелсіздік алғалы бері жалпы саны 700-ге жуық құқық қорғау органдарының, соның ішінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 30 қызметкері қызмет бабында қаза тапқан екен. Бұл қызметкерлердің ел қауіпсіздігін сақтаудағы ерен ерліктері мен еңбектерінің сөзсіз дәлелі. Осыдан он жыл бұрын, 2011 жылдың 12 қарашасында Тараз қаласында орын алған қайғылы оқиға әлі күнге ел есінде, жұрт жадында. Бір емес, бірнеше азаматтың өмірін қиып, олардың отбасыларына қара жамылдырған қандықол қылмыскерді қолға түсіру барысында Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті облыс бойынша департаментінің қызметкерлері, атап айтқанда, аға лейтенант Мұхтар Халиев пен аға лейтенант Сергей Касьяненко ерлікпен қаза тапқан еді. Кеше осы қос азаматқа Ыбырайым Сүлейменов көшесінің бойынан еңселі ескерткіш бой көтеріп, оның ашылуына жиналған сала ардагерлері мен әріптестері гүл шоқтарын қойды. Сондай-ақ 1 минуттық үнсіздік жариялап, рухтарына құрмет көрсетті. Ескерткіш алаңының ашылуына облыс әкімі Бердібек Сапарбаев арнайы қатысып, ел тыныштығы жолында ерлікпен қаза тапқан азаматтар ешқашан ұмытылмайтынын жеткізді.

– Әрбір мемлекет, ұлт үшін ең бірінші кезекте қауіпсіздік керек. Егер қауіпсіздік болатын болса, тұрақтылық болады, сол тұрақтылықтың арқасында елдің жағдайы, тұрмысы жөнделеді. Өздеріңіз білетіндей, осыдан он жыл бұрын біздің қаламызда қайғылы оқиға болды. Соның салдарынан алты азамат қыршынынан қиылды. Олардың екеуі осы қауіпсіздік департаментінің қызметкерлері. Біз енді ол азаматтарымыздың ерліктерін еш уақытта ұмытпауымыз керек. Олар өз өмірін біздің күніміздің бейбіт, қауіпсіз болуына арнады. Бүгінгі ашылып отырған ескерткіш ең алдымен Мұхтар мен Сергейге арналады. Өсіп келе жатқан ұрпақ осы екі азаматтың ерлігімен тәрбиеленіп, ертең өзінің мемлекетін, ұлтын қорғасын. Сондықтан облыс басшылығының атынан департамент қызметкерлеріне арнайы алаң арнап, ескерткіш салғандары үшін рақмет айтамын. Ең негізгісі – елімізде әр уақытта бейбітшілік, тұрақтылық болсын, – деді облыс басшысы Бердібек Машбекұлы.
Небәрі бір жетіде бой көтерген ескерткіш ел аумағы бойынша Ұлттық қауіпсіздік қызметкерлеріне арналған алғашқылардың бірі екен. Оның ашылуына қызмет бабында қаза тапқан Мұхтар Халиевтің әкесі де арнайы қатысып, өз лебізін жеткізді.
– Елінің тыныштығы үшін жанқиярлықпен еңбек еткен ұлыма деген құрметтеріңіз үшін отбасымның атынан үлкен алғыс айтамын. Бұдан былай елімізде жаманшылық пен қайғылы жағдайлар болмасын. Әрқайсыларыңыздың тілеулеріңізді тілеп үйде отырған отбасыларыңызға амандық тілеймін. Дендеріңіз сау болсын. Еліміздің тыныштығы, жарқын болашағы баянды болсын, – деді Ермекбай Халиев.

Нұржан Қадірәлі

Leave A Reply

Your email address will not be published.