Қауіпті вируспен күресте бірлік қажет

0 2

Өткен 2020 жыл күллі әлем елдері үшін жұқпалы дертпен күрескен оқиғамен есте қалды. Сол індеттің біздің елге еніп, ресми түрде төтенше жағдай жарияланғанына 1 жыл болды. Сол жағдай баса айтылған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауы «Парламенттің кезекті сессиясының жұмысы күрделі кезеңде басталып отыр.

Елімізде жер-жаһанға зор қауіп төндірген пандемияға қарсы күрес әлі де жалғасуда. Біз азаматтардың өмірін және денсаулығын қорғау үшін бар күш-жігерімізді біріктірдік. Осындай сын сағатта ынтымағы жарасқан халқымыз жұдырықтай жұмылды», деп басталған еді. Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында қарусыз майдандағы күрес бірлікпен жеңісті боларын айтып, дәрігерлерге, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне, әскери қызметшілерге, еріктілерге, кәсіпкерлерге және осындай шақта бейжай қалмаған барша азаматтарға шын жүректен алғыс жеткізген еді.
«Ұлттық денсаулық сақтау саласын одан әрі дамыту жөніндегі шаралар барлық медицина мекемелерін қажетті құрал-жабдықтармен толық жарақтандыруға, науқастарға арналған орындар қорын 50 пайызға жаңартуға, ескірген инфрақұрылымды ауыстыруға, өмір ұзақтығын болжамды 75 жасқа дейін жеткізуге мүмкіндік береді», деген еді Қасым-Жомарт Кемелұлы өткен жылғы Жолдауында. Міне, содан бергі 1 жылға жуық уақыт аралығында облысымызда 114 дана медициналық техника сатып алынған. Оның ішінде 3 КЩС анализатор, 3 компьютерлі томограф, 42 көпфункционалды төсек, 34 реанимациялық төсек, 2 АСТ Коагулометр және 3 цифрлы рентген аппараты, 2 экстракорпоральді мембранды оксигенация аппаратымен өңірдің емдеу ұйымдары жабдықталған. Бұл жөнінде толығырақ облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтен сұрадық.
– Осы бір жыл ішінде медициналық құрал-жабдықтар және медициналық мақсаттағы бұйымдарды алуға жергілікті бюджет есебінен 1,18 миллиард теңге бөлінді. Сонымен қатар жергілікті бюджет резервінен қосымша қажеттілікке және пандемияның екінші толқынының дайындығына байланысты 2,119 миллиард теңге қаражатқа 1 литотриптор, 1 лазерлі литотриптор, 4 эксперт класс УДЗ аппараты, 1 универсалды эндовидеохирургиялық кешен аппараты, 15 фетальді монитор, 190 модельді 1 видеоэндостойка аппараты, 170 модельді 3 видеоэндостойка аппараты, 2 хирургиялық аппарат, 1 флюрограф аппараты, 240 көпбейінді төсек,
2 дефибриллятор – монитор аппараты, 30 науқастарды мониторлау аппараты, 70 инфузомат, 70 перфузор, 10 хирургиялық сорғыш аппараты, 3 ЭКГ аппараты, 100 пульсоксиметр, 2 синоптофор аппараты, 2 амблиокор аппараты және 100 рециркулятор сатып алынды және емдеу алдын алу ұйымдарына жергілікті бюджеттен 344 миллион теңге бөлініп, жалпы саны 642 медициналық құрал-жабдық алынды.
Республикалық бюджет қаражаты есебінен облысқа жедел жәрдем стансасына лизинг бойынша 66 жедел жәрдем көлігі, өкпені қолдан тыныстандыратын 53 аппарат алынды.
Демеушілік көмек есебінен 122 оттегі концентраторы, 14 өкпені қолдан тыныстандыру аппараты емдеу ұйымдарына берілді. Ал дәрілік заттарға келсек, Бірыңғай дистрибьютормен стационар шеңберінде облыстың медициналық ұйымдарына 478 миллион теңге сомасына дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар жеткізілді.
Бүгінгі күнге қалдық қоры: антикоагулянттар – 76 7147 шприц және 46 139 құты, антибиотиктер – 52 448 таблетка және 565 501 құты. Кортикостероидтар 56 914 құты, вирусқа қарсы препараттар – 38 548 таблетка және 330 құты, дене қызуын түсіруге арналған дәрілік заттар 2 488 құтыны құрайды, – деді басқарма басшысы.
Оның айтуынша, бүгінгі күнге бірыңғай дистрибьютормен амбулатория шеңберінде облыстың медициналық ұйымдарына 1,2 миллиард теңге сомасына дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар жеткізілген. Дәрілік заттардың 2 айлық қоры бар.
Айта кетейік, пандемия басталғалы бергі 1 жыл ішінде бүгінге дейін облысымызда 6 192 адам індет жұқтырып, 5 897 науқас емделген. Ал 64 азаматымыз осы індеттен қаза тапты.
Коронавирусқа шалдыққан науқастарды сауықтыру мақсатында реабилитацияның 3-кезеңі бойынша «Атлетик» спорт кешенінен 120 орынға арналған орталық та іске қосылып, бүгінде жұмысын жүргізуде. Қазіргі таңда облысымызда COVID-19 инфекциясына полимеразды тізбекті реакция талдауын жүргізу арқылы тестілеу 9 зертханада өткізіледі. Жалпы облыс бойынша тәуліктік қуаттылық 2 740-ты құрайды.
Қазір өңірде ақпанның 1-інен бастап аталмыш індетке қарсы вакцина егу жүргізілуде. Осындай күрестің нәтижесінде бұл «жауды» да жеңеріміз анық.

Қамар Қарасаева

Leave A Reply

Your email address will not be published.