Uncategorized

Қауын-қарбыз саудасы қыза бастады

Бірақ, тұтынушылар қауіпсіздігін ойлап жатқан ешкім жоқ

Жаз шыққалы көне шаһардың сауда нүктелерінен жеміс-жидек және бау-бақша өнімдерін саудалаушылар көбейді. Әсіресе, ірілі-ұсақты базарларда қызу саудаға түскен қауын-қарбызға деген жұрттың қызығушылығы ерекше. Енді бірер күнде осы жеңсік астың арнайы орындар тұрмақ, қала көшелерінің жиегінде тау-тау болып үйіліп жататыны анық. Десе де, мезгілінен ерте піскен қауын-қарбыздың адам ағзасына тигізер зияндылығына мән беріп жатқан кім бар? Осы орайда, біз облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің есігін қағып, мән-жайды білген едік.

Мекеменің тағам объектілерін санитариялық-гигиеналық қадағалау бөлімінің бас маманы Махфуза Давилова құрамында шамадан тыс нитраттар көп мөлшерде кездесетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің адам ағзасына зиянды екенін, оған диқандардың жерді өңдеуде, көк-сөкті өсіріп-баптағанда улы химикаттарды шектен тыс қолданғанда жол берілетінін айтады.

Бір анығы, құзыр­лы мекеменің қызметкер­лері өз бетінше көк-сөктің жеуге жарамдылығын анық­тау үшін тексеру жүргізе алмайды екен. Тұрғындардан шағым түскен күннің өзінде сауда орны немесе дүкен иелеріне тексеру жүргізілетіні туралы алдын ала ескерту жасайтын көрінеді. Тараз қаласы әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің сектор меңгерушісі Сәрсен Тасқараевтың айтуынша, арнайы шығарылған қаулы бойынша, қаладағы бірқатар ықшамаудандар және Абай даңғылы-Самарқанд, Прманов-Байтұрсынов, Ниетқалиев-Рысбек батыр көшелерінің қиылысы секілді орындарда ғана көкөніс, жеміс-жидектің сатылуына рұқсат етіліпті. Ал, көк-сөктің кез келген жерде бей-берекет саудалануы заңсыз. Айта кету керек, осы жылдың 5 айында нитраттар құрамын анықтау үшін көкөніс, жеміс-жидек өнімдерінің 517 сынамасы зертханалық жолмен тексеріліп, оның ішінде талапқа сай келмейтіні анықталмаған. Қауын-қарбыздан улану фактісі де бағымызға орай тіркелмегенін білдік. Бірақ, облыс көлемінде жіті ішек ауруларының эпидемиологиялық жағдайына талдау жасалғанда дертке шалдыққандардың 2,5 пайызының жеміс-жидектерді жумай тұтынғаны белгілі болған.

Әйтсе де, біз «Ауыл-Береке» базарына барып, өнімдердің қандай жолмен саудаланып жатқанына назар аудардық. Базар бақылаушысы Қуандық Жолдасовтың айтуынша, мұндағы қауын-қарбыз Түркістан облысынан келеді екен.

Тағы бір білгеніміз, базарда саудаланып жатқан кез келген ауыл шаруашылық өнімінің қауіпсіздігіне осындағы «ҚазВетАгро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жауапты көрінеді. Серіктестік директоры Мұрат Қалманбаев мұнда тек жеуге жарамды өнімдер сатылатынына сендірді.

– Серіктестік қарамағында 7 адам жұмыс істейді. Біз тек қана көкөніс, жеміс-жидек қана емес, балық, ет және сүт өнімдері секілді ауыл шаруашылық тауарларына сараптама қорытындысын бере аламыз. Негізінен, көкөніс жеткізуші кәсіпкерлердің қолында тұрғылықты жерінен өнімнің жеуге жарамдылығын растайтын құжаты болуы қажет. Мұндай құжатты Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің Тараз қалалық аумақтық инспекциясының инспекторлары талап етеді. Егер құжаттары заңды болса, бізге жібереді. Біз олардың өнімі шын мәнінде жарамды ма, жоқ па, осыны тексереміз. Жарамсыз болса, кері қайтарылуы тиіс. Егер зертхананың сараптама қорытындысын алмай, өнімін саудалап отырғандар болса, осы мекеме айыппұл сала алады. Ал, біздің олардан сертификат талап етуге, айыппұл салуға құқымыз жоқ, – деді Мұрат Сәдібекұлы.

Бұл базарда жүк көлігімен өнім саудалап тұрған алыпсатарлардың дені өз облысымыздың тұрғындары болып шықты. Бірі қауын-қарбызды Түркістан облысының Шардара ауданынан әкелсе, енді бірі Мақтарал ауданынан тасуда. Қауынның бір келісі 300 теңгеге бағаланса, қарбыз 65 теңгеден өткерілуде. Әңгелектің бір қабы 4 мың теңге тұрады. Десе де, олардың кейбірінде зертханалық қорытынды болғанымен, енді бірі мәлімет беруден жалтарып, «Біз тек саудагерміз, иесі кештеу келеді» деп қашқақтады. Ал, өзін Байзақ ауданының тұрғынымын деп таныстырған Исабек Аманбаев есімді азамат оңтүстіктік өнімді тасып, сатумен айналысқанына 3-4 жыл болғанын, бірақ, осы күнге дейін бірде-бір мәрте ешқандай мекемеден кауын-қарбыздың жеуге жарамдылығын растайтын құжат алып көрмегенін жасырмады.

– Жыл сайын ауылда да 1-2 гектар жерге қарбыз егемін. Оған да құжат алып көрген емеспін. Өзіміздің өнім піскенше өнімді осылай сырттан тасимыз. Оны базарға әкеліп, сауда жасайтын орынға ақысын төлесек болды, көліктің үстінде тұрып осылай сата береміз. Егер, менен осындағы тиісті орындар өнімнің жеуге жарамдылығын растайтын құжат талап етсе, мен оны келесі жолы міндетті түрде алып келетін едім. Шыны керек, мұндай тәртіп бар екенін сізден естіп тұрмын, – деді ол.
Мына қызыққа таңырқаған біз осы сауда орнына жауапты аумақтық инспекция қызметкерін іздестіріп, сұрақтың астына алдық.

– Біз базардың қақпасында тұрып немесе ішке кіріп жатқан жүк көліктерінен көк-сөктің құжатын сұрай алмаймыз. Ол заңсыз. Ондай құжаттарды базар әкімшілігі талап етеді. Құжаты жоқ па, кері қайтаруы қажет. Негізінен, өнім облыс аумағынан болса, жергілікті әкімдіктің немесе шаруа қожалығының анықтамасы болуы шарт. Ал, облысаралық болса, иесінен карантиндік құжат талап етіледі. Тауар шетелден тасымалданса, өнімнің фитосанитариялық сертификаты болуы қажет. Біз базар аумағы болсын немесе өзімізге белгіленіп берілген қаланың басқа да орындарында сатылып жатқан өнімдерден, тек осы құжаттарды талап етіп, заңсыздық байқалса айыппұл саламыз. Мұндай жұмыстар қазір облыстық ішкі істер департаментінің жергілікті полиция қызметімен бірлесе жүргізіліп жатыр. Ал, «Ауыл-Береке» базарындағы түсінбестік базар әкімшілігі тарапынан жасалып отырған олқылық екені анық. Көкөністің құрамындағы нитраттардың рұқсат етілген мөлшерін анықтауға да тікелей солар жауапты, – дейді ҚР АШМ агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің Тараз қалалық аумақтық инспекциясының бас маман-өсімдіктер карантині жөніндегі инспекторы Бақтияр Тәттібаев.

Тиісті орындар көк-сөктің жеуге жарамдылығын растайтын құжатты талап етуді бір-біріне сілтеп жүргенде, аталған сауда орнындағы қауын-қарбыздың ел аралап кеткені анық. Беті аулақ, ол өнімдер жеуге жарамсыз болып шықса, кімге кінә тақпақпыз. Сондықтан, тұрғындарға саудагерлердің қолында өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттардың бар-жоғына көз жеткізуі қажет екенін ескерткіміз келеді.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

ПІКІР