"Кәсіпкерлік"

Қауыннан қақ тіліп, қалтасын қампайтуда

Written by Aray2005

Сегізінші сыныпты бітірген жылы жазғы демалысымның соңғы уақытын Талас ауданы, Бөлтірік ауылындағы (сол кездегі «Кеңес» кеңшары) нағашымның үйінде өткізгенім бар. Ауыл тұрғындарының кейбірі ол кезде Талас өзені бойындағы алқапқа қауын-қарбыз егетін. Жеңсік астың піскен уақытында нағашыма еріп, бір жолы сол қауындыққа бардым. Әркімнің өз қауындығының басына тіккен қосы әр жерден бір қарауытады.

Қосынның біріне жақындағанда маған таңсық дүниені көзім шалды. Киіз үйдің екі-үш керегесін бір-біріне жалғай керіп, үстіне әр жерден бір ағаш тастау арқылы құрым киіз жаба салған күрке маңына екі жерден биіктеу қада қағылыпты. Оған керілген сымтемірлерге қабықсыз қауын тіліктерін қаз-қатар салбырата іліп тастапты.Мұндайды алғаш көрген мен бұл қауынды үй жағдайында кептіріп, одан қақ жасаудың қарапайым технологиясы екенін нағашымнан қайтар жолда сұрап, біліп алдым.
Тегінде ауыл өмірі тынымсыз тірлікке, ауыр бейнетке толы. Соның ішінде қауыннан қақ жасаудың да машақаты өз алдына бір бөлек әңгіме. Бір білетініміз, дәннің жерге тасталып, дастарханға өрім-өрім қақ болып қойылғанға дейінгі барлық жұмыстың қолмен атқарылатындығы. Әйтсе де, бүгінде жұрттың алды қауын және басқа да жеміс-жидек, көк-сөктің түрлерін кептіріп, қақ жасауда заманауи құрылғыларды пайдалана бастады. Ғылым мен білімнің арқасында ойлап табылған жаңа технологияның жемісін көріп отырған жас кәсіпкердің бірі – Ақмарал Батырбекова. Ол Жамбыл ауданы Ақбастау ауылдық округіне қарасты Шоқай ауылында тұрады. Т.Рысқұлов ауданы Көкдөнен ауылында туып өскен жас кәсіпкер 2012 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінен «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығын алып шығады. Шоқай ауылына тұрмысқа шыққаннан кейін 5 жыл Ақбастау ауылдық округі әкімі аппаратында іс жүргізуші болып еңбек еткен. Алайда ол бақытын игерген мамандығынан емес, кәсіптен іздеуді жөн санайды. Осылайша өткен жылы мемлекеттен «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы арқылы 2 миллион теңге көлемінде қайтарымсыз грантқа ие болып, бизнеспен айналысуға бел шеше кіріскен екен.
– Қазір тірліктің мәні – кәсіпкерлікте. Өйткені жеке іс бастаймын десең, мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге қажетті қолдау түрі көп. Ал мемлекеттің грантын иелену үшін негізінен стартап жобалар ойлап табуың қажет. Мен ойлана келе өзбектер кептірген өрік пен жүзімнің бағасы қымбатқа сатылатынын әрі ол өнімдер өтімді болатынын ескеріп, жеміс-жидек пен көкөніс түрлерін кептіріп сатуды мақсат тұттым. Осы мақсатта былтыр облыстық кәсіпкерлер палатасы арқылы арнайы оқыту курсынан өттім. Кезі келгенде бизнес жоспар жасап, жобамды сәтті қорғадым.
Былтыр күз айында арнайы құрылғы арқылы алма кептіріп, сынақтан өткізіп көрдік. Нәтижесі жақсы. Негізінен ол бір кәсіпкердің алмасы болатын. Мен оған 1 тонна қақ жасап бергенім үшін ақы алдым және кептірілген қақтың 30 пайызын өзіме қалдырдым. Есесіне алмақақтың бір келісін қыста 400 теңгеден сатып, пайда таптым. Бір айта кетер жайт, жемістің, көкөністің, балықтың кептіру технологиясы әр түрлі. Әр қайсысын әр температурада кептіру қажет. Бүгінде оның да қыр-сырына машықтанып жатырмын, – дейді Ақмарал Еркенқызы.
Ақмарал мемлекеттің грантына ие болғаннан кейін, ол қаржының үстіне 900 мың теңге қосып, Қырғыз Республикасынан жеміс-жидек, көкөніс кептіретін құрылғы сатып алған. Бұл Корея елінде шығарылған бұйым болса керек. Аппарат саны төртеу, оның бірі буып-түйсе, қалғаны өнімді кептіруге арналған. Бір кемшілігі жемісті турайтын, кесетін аппаратқа кезінде қаржысы жетпегендіктен, бұл жұмыстар қазір қолмен атқарылады екен. Ақмаралдың бизнестегі негізгі бағыты – қауынқақ жасап, оны нарыққа шығару. Енді жолдасының 2 жарым гектар қауыны кәсіптің негізгі шикізат көзі болмақ. Сонымен қатар ол маңайдағы қауын-қарбыз егетін диқандармен де келіссөз жүргізіп жатқан көрінеді. Жалпы бұл құрылғы арқылы жеміс пен көкөністің 100-ге жуық түрінен қақ жасауға болады екен. Кәсіпкер құрылғымен балық, банан кептіріп те көріпті. Алдағы уақытта жас кәсіпкер кептірілген нан өнімдерін шығарумен де айналысуға ниетті.

Өз кәсібін жүйелі жолға қойған А.Батырбекова отбасында 3 ұл өсіріп отырған ана. Бүгінде ол екі адамды жұмыспен қамтып отыр. Өңірімізде осылай өз кәсібін дөңгелету арқылы ел экономикасының дамуына үлес қосып отырған бизнесмен әйелдердің қатары көбейіп келе жатқаны қуантады. Олардың кәсіпкерлік бағыттағы жұмысы, табандылығы, іскерлігі кез келген жанға үлгі.

Н.Сырғабаев

ПІКІР