Жеңіс-75

Қай ғасырдың тұрса да белесінде, Ұлт жадында ұлы ерлік, ел есінде!

Written by Aray2005

Кеше облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасы мен Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті бірлесе отырып, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығына арналған «Ерлік ел есінде» тақырыбында республикалық онлайн-конференция өткізді. Онлайн жүздесуде еліміздің түкпір-түкпіріндегі университет ұжымдары, тарих саласының мамандары төбе көрсетіп, ой-пікірлерімен бөлісті.

Ең алдымен шараның көрермендер аудиториясында жастардың басым болғанын ерекше өткен жөн. Облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасы мен ұстаздар ұстаханасы атанған аталмыш университет студенттері респубиканың әр аймағындағы жоғарғы оқу орындарының оқытушыларына Ұлы Отан соғысы тақырыбына қатысты жан-жақты көкейтесті сауалдарын ашық жолдап, толыққанды жауаптар ала білді. Басқосуды Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті ректоры Ержан Әмірбекұлы мен ардагер журналист, даңқты батыр Бауыржан Момышұлының немере інісі Бекет Момынқұл ашып беріп, тікелей эфир тізгінін ұсынып отырды. Өз сөзінде Бекет Момынқұл биылғы Ұлы Жеңістің 75 жылдығымен 110 жылдығы тұспа-тұс келіп отырған Бауыржан Момышұлы жайлы әңгіме өрбітті. Бұған дейін даңқты батырдың 30 томдығы әзірленсе, қазіргі таңда тағы да ұрпаққа өшпес мұра болатын тың дүниелер дайындалып жатыр екен. Бұл мақсаттағы жұмыстарға батырдың қолжазбалары негіз болмақ. Одан бөлек, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры Дария Қожамжарова тарихи деректермен, пайымды пікірлерімен бөлісті.
Ал тарихшы, археолог, Ш.Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығының директоры Сауран Қалиев Ұлы Отан соғысы тарихын қайта зерттеу қажет екендігіне басымдық берді. Сонымен қатар ол тікелей эфирде отырған еліміздің түкпір-түкпіріндегі оқытушыларға осы бағытта жұмыс жасаудың маңыздылығын, оның ұрпаққа берері мол екенін айтып, нақты ұсыныстарын жеткізді.
Келесі кезекте облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының директоры Қуаныш Дәуренбеков Ұлы Жеңісті жақындатқан майдангерлердің рухына мәңгілік тағзым ретінде былтыр ғана облысымызда жаңадан ел игілігіне берілген «Ерлік» мемориалдық кешенін айрықша атап өтті. Сонымен қатар жалпы облыс аумағында ардагерлердің құрметіне 200-ге жуық ескерткіштің бар екенін және олардың барлығына жөндеу жұмыстары толығымен жүргізілгенін де жеткізді.
Онлайн конференция республикалық ауқымда болғандықтан оған еліміздің әр өңіріндегі тарихшы ұстаздар қатысты.
Жиын соңында олар майдангерлер мен тыл ардагерлерін шын жүректен құттықтап, қарт жауынгерлер мен ұрпақтарына еліміздің әр өңірінің жалынды сәлемін жеткізді.

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

ПІКІР