Мәдениет

Қайран да, қайран Шәмші аға

Written by Aray2005

«Кешікпей келем деп ең», «Теріскей», «Өмір өзен», «Отырардағы той», «Дүнген қызы», «Арыс жағасында», «Ана туралы жыр», «Жаңарған Жамбылым», «Сыр сұлуы», «Қайықта» деп қаздай тізіліп, көңіл көкжиегін бойлап кете беретін Шәмші әндерін білмейтін қазақ жоқ. Мәуелі һәм мәртебелі мемлекетіміздің басты бойтұмарына айналған Әнұранның өзі ән падишасының қазақ халқына орнатып кеткен мәңгілік ескерткіші. Тамыздың 15-і тау тұлға тірі болса теңіздей тебіреніспен жалғанның жарын тоқсанның толқынымен соғар еді.

Сан саққа сандалып, сең соғып сенделіп, сан сапырған заманда Шәмші ағаның өзі айтқандай «Ең терең көл қайсы? Байкал ма? Жоқ, ең терең көл адамның көңілі. Ал ол көл шөлге айналса не болмақ?». Бұлақтың сыңғыры мен аттың дүбіріне құлақ түретін күйіміз теңгенің сылдырынан басқаны естімейтін һәм естігісі келмейтін халге жетті. Қазіргі тыңдайтын әндеріміз ұлт рухының жаназасындай. Шетелдің шүберегі бабалардың серті сіңген, аналардың қасиетті қолтаңбасы қалған оюлы киімдерімізден артық болды. Қалай айтсақ та, қанша айтсақ та сөзіміз қазақ, ісіміз шетел. Оған жаны ауырып, шырылдап жүргендер де саусақпен санарлық. Жан жақтан жан дүниеге жаппай батып жатқан замана азуының ішінде қасиетті ана тілінің тағдырын да қан қақсатып отырған осынау бүгінгі әнсымақтар екеніне мән бермей жүрміз. Хакім Абай айтқандай «Құлақтан кіріп, бойды алар» әндер бүгінде «Ақсақ құлан» аңызындағы домбыраға құйылған қорғасындай құлақ қуырып, бойды улар запыранға айналды. Оның үстіне қазір қазақ тілін орыс, ағылшын немесе басқа да тілдермен шумағын шұбарлағыш хитсымақтар көбейді. Оны шедевр көріп орындап жүргендер де, есі кетіп тыңдап жүргендер де өзіміздің жастар. Өкінішке қарай алмағайып заманда осылайша Атлантиданың артынан еріп барамыз. Осындайда ананың құрсағындағы шарананың өзін күймен мәпелеп, бесіктегі бөбекті әуезді әнмен әлдилеген бабалар ғұмырын еріксіз еске аласың. Қанша нәубетті бастан кешсе де көпшіліктің көңілін көлдей толқытқан,ұлтты рухтандырып, сананы сәуледей сазбен суарып, ұрпақты қанаттандырған Шәмші әндерін сағынасың. Өмірдің өткір жүзімен тайғақ кешіп жүріп 300-ге тарта өлмес мұрасын халқына аманаттап кеткен ұлы сазгер тірі болса биыл тоғыз белден асып тоқсанға толар еді. Ел арасында «Жүректің сазгері» атанып кеткен Шәмші аға Қалдаяқов киелі Әулиеата топырағында он жеті жыл ғұмыр кешіп те классикалық туындыларын халқына тарту етті. Осы ретте ұлы сазгердің өмірдегі һәм өнердегі ізбасар інісі, тағдырлас бауыры, Әулиеата топырағының тумасы, үлкен жүректі композитор Ілия Жақановпен байланысқа шығып, әңгімесін тыңдаған едік.
– Шәмшімен өмірінің соңғы сәтіне дейін сыйлас, сырлас дос болдық. Демі үзілер шаққа дейін бір-бірімізді қадір тұттық. 1957 жылдың қарашасында Қазақ композиторлар одағының үлкен жиналысы болды. Одақ төрағасы Мұқан Төлебаев бастаған белгілі сазгерлер Бақытжан Байқадамов, Ахмет Жұбанов, Қапан Мусин, Латиф Хамиди алдағы 1958 жылы Мәскеуде өтетін қазақ өнері мен әдебиетінің он күндігіне арналған ауқымды ән конкурсының мәжілісінде байқауға қатысатын туындыларды саралап жатты. Ол кезде біз студентпіз. Ішке кіре алмаймыз. Әлі ел жұртқа белгісіз жаспыз. Жағдайдың барлығын дәлізде көрдік. Сонда Шәмшінің «Қайықта» деген әнін белгілі пионист, композитор Александр Зацепин роялда ойнап шықты. Өкінішке қарай ән байқаудан өтпей, құлап қалды. Нақтысын айтқанда әннің өзі емес, мәтінін жаратпай тастады. Оның мәтінін Нұрсұлтан Әлімқұлов деген ақын жазған екен. Әрине ән мен мәтін үйлесіп тұруы заңдылық қой. Ән қанша жерден мықты болса да, сөзі нашар болса жарамайды. Бұл әннің де алғашқы тағдыры, Шәмшімен таныстығымыз да сол сәттен басталды. Сол күннен бері соңғы сағаты соққанша сыйластығымызға сызат түскен емес. Сол 1958 жылдан бастап Шәмшінің «Жүрек сыры», «Қарагөз» деген екі әні алғаш радиодан шырқалып, ел жүрегінен орын алды. Екеуінің де мәтінін жазған – ақын Ізтай Мәмбетов. Оны Мәдеш Ниязбеков деген жамбылдық азамат орындады. Содан бастап Шәмшінің атағы шыға бастады. Сол кезде менің «Салтанат», «Сағыныш», «Ақ қайың» әндерім Шәмшінің шығармаларымен бірге халыққа қатар тарады. Шәмші екеуміз әндерімізді бірге жазып, эфирге де бірге шығып, тағдырымыз тығыз байланыса берді. Домбыраның қос ішегіндей қатар жүрдік. 1961 жылы сәуірдің 11-12 күндері Сарысуда жүріп Тиыш апаңмен шаңырақ көтердім. Сол кездерде Гагарин жерге қонған, барлық жаңалығымыз сол болған уақыт еді. Алдында мен «Қайда екен сол бір Ақмаңдай» деген әнімді Шәмшіге арнаған болатынмын. Ол да сол кезде Жәмиламен жанұя құрған кезі. Содан менің тойыма келген Шәмші Қалдаяқов өзінің «Бәрінен де сен сұлу» деген әнін «келініме арнадым» деп марқұм Қадыр Мырза-Әлілердің көзінше тосын сый жасаған еді. Осылайша Шәмшінің әйгілі сол әні бізге арналды. Дегенмен Шәмшінің өмірі оңай болған жоқ. Тұрақты жұмысы да, баспанасы да болмады. Соған қарамастан байыз таппай халқына мол мұра қалдырды. Мен Шәмшінің әрбір әнінің тарихын, тағдырын білемін. Тараз шаһарының іргесіндегі Жалпақтөбедегі (Дунгановка) салынып жатқан, шатыры жабылмаған, ай даладағы қойшылардың тастанды қора жайы секілді үйінде де болдым. Сол үйдің алдындағы гаражда тұрды. Гараждың қақ ортасы шымылдықпен бөлінген, оның бір жағында салдыраған сары көлігі, екінші жағында екі адамдық ескі темір сәкі. Сол жерде он жеті жылға жуық өмір сүрді. Соның бірер жылында қасында жазушы Оразбек Бодықов бірге тұрды. Ол Шәмші туралы екі кітап жазды. Бірақ сондағы «Сыған серенадасы» оқиғасы Шәмшінің өмірінде мүлде болмаған. Оны тек қызық сюжет үшін жасағанын Оразбектің өзі де мойындаған. Ол шындыққа жанаспайтын сюжетті Шәмшінің өзі де қаламаған еді. Маған «Ілия, мен онсыз да тағдырдан шаршап жүрген адаммын. Осындай олқылықтардан «защити меня». Бодықовқа айтшы, енді мені бүлдірмесін» деген еді. Оны қазір айтуға жасымыз келіп, шаршап қалдық. Ал айтпасаң жүрегің ауырады. Қазір Шәмшінің әндерінің тағдыр-тарихы туралы «Шәмшінің жүрегі» атты кітабымды жазып жатырмын. Алла жазса онда Шәмші туындыларының тұңғиық құпиялары қамтылатын болады, – дейді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ілия Жақанов.
Алты жас ерекшелігі бола тұра араларынан қыл өтпеген қос композитордың өмірі осылайша қабысып жатты. Қазақтың рухани қазынасын әсерлі әнмен молайтқан адал достық Шәмші өмірінің соңғы сәтіне дейін үзілген жоқ.
– Композитор өмірінің соңғы сәтінде Жезқазғанда балалардың арасында үлкен ән конкурсы ұйымдастырылды. Байқау өте тамаша өтті. Бибігүл Төлегенова, Алдаберген Мырзабеков және мен сол байқауды қорытындылап, қыстың көзі қырауда «Волгаммен» тайғанақтап Алматыға әрең жеткен кезім. Үйдегі Тиыш апаң «Ілеке, тездетіп шайыңды ішіп ал, Шәкең ауруханада қатты ауырып жатыр екен. Барып қайтайық», деді. Содан ақ түтек боранда сағат төрт жарымда ауруханаға келдік. Тынығу уақыты екен, есіктерді сығалап қарасам, дәлізде ешкім жоқ. Кіріп, екінші қабатқа көтерілсем Өмірзақ Айтбаевтың жары Үміт қан қысымы көтеріліп ауруханада жатыр екен. Дәлізде кезігіп, мені өзіне келді екен деп ойлап қалды. Саулығын сұрасып, Шәмшіні сұрадым. «Ілеке, маған қарама қарсы палатада жатыр. Бара көрмеңіз, жағдайы өте нашар. Қасында ешкім жоқ, жалғыз жатыр» деді. Ақыры күртешемді шешіп Үмітке ұстаттым да, Шәмшінің палатасына кірдім. Жағдайы шынымен қиын екен. Өңі жүдеу, сақал-мұрты өсіп кеткен. Бір уақытта менің келгенімді сезіп, көзін ашты да «Ілия, келдің ба?» деді. «Келдім» дедім де көңілін сергіткім келіп саулық тілеп едім, «ішім өртеніп барады, салқын су алып берші» деді. Басын көтеріп суды ішкізу қиямет болды. Сондағысы бір жұтым судың жартысын әзер ұрттап, іркіліп қалды. Сол мезетте медбикелер келіп тынығу уақытында жүргенім үшін айғайға басты. Кетіп бара жатқан маған ұзақ қарап: «Ілия, сен барсың, барсың! Ел жігіттеріне сәлем айт!» деді. Мен естіген соңғы сөзі осы болды. Әлгі сөзден басым айналып, менің де қан қысымым көтеріліп, үйге әрең жеттім. Жедел жәрдем шақырып, дәрі қабылдадым. Таңертең оянып жуынып жатқанымда радиодан Шәмші Қалдаяқовтың өмірден өткені туралы қаралы хабар тарап жатты, – деп еске алды Ілия Жақанов.
Расында Шәмшідей қазақтың маңдайына біткен біртуар тұлғаны өзінің өлмес туындылары-ақ алыстаған сайын биіктете беретіні сөзсіз. Десек те нар тұлғаны насихаттау тұрғысына келгенде көңіл толмайтын тұстар да бар екен.
– Бір күні Шәмшінің інісі Қадір телефон шалды маған. «Ағамды мына қоғам көзі тірісінде бір өлтіріп еді, енді мына фильммен екінші рет өлтіріп отыр. Назар салып қараңызшы» деді. Шынымен ол отандық телеарналардан берілген кино қып-қызыл өтірік. Шәмшінің өмірінде болмаған оқиғалар өріп жүр. Мен өмірімде ондай халтура көрген емеспін. Біздің қазақы қоғам қалай осындай қателіктерді жібереді, қайран қаламын, – дейді өнер зерттеушісі.
Ұшқан құстың қанаты талатын ұланғайыр Ұлы далада, оның ішінде Қазақ хандығының қазығы қағылған Әулиеата топырағында да Шәмшінің сазды сүрлеуін жалғастырып келе жатқан композиторлар баршылық. Ал Шәмші өзалдына аласармайтын дара шың. Құндылықтар алмасып, жаһандану жаңғыруға жалғасып жатқан тұста бұлыңғыр бұлттардан шыңдарды көрмей қалып жатқанымыз да жасырын емес. Мәселен Жамбылдың тумасы, сазгер Сәрсенбек Бәкір Шәмші Қалдаяқовтың шығармалары әлі де насихатталуы қажет дейді. Оның айтуынша ұлы сазгердің туындылары үлкен концерттерде ғана айтылады. Қалған уақытта назардан тыс қалып жатыр. Сонымен қатар өскелең ұрпақтың, жалынды жастардың арасында да Шәмші әндері насихаттала бермейді. Өзге де әулиеаталық сазгерлердің ән падишасы жайлы пікірі осыған саяды. Шынтуайтында ән, музыка ұлт ұрпағы үшін үлкен тәрбие құралы. Ән адамның психологиясынан бастап, ой-қиялына, арман-мақсатына, қайрат,жігеріне, көзқарасына, жалпы өміріне де әсер ететін қуатқа ие құдірет. Сондықтан ертеңіміз үшін қазақы қаймағы бұзылмаған, мағынасы терең, өнегесі мол туындылардың жастар арасында көбірек насихатталуына көңіл бөлінсе, басымдық берілсе деген ойды оқырманға жеткізуді мақсат тұттық.

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

ПІКІР