«Қайрат» қапы қалдырды

0 0

«Тараз» маусымды жеңіліспен бастады. Сырт алаңда алматылық «Қайратпен» күш сынасқан жерлестеріміз 2:1 есебімен ұтылып қалды.

Жалпы былтырғы ел чемпионатының күміс жүлдегері «Қайратпен» ойын оңайға соқпайтыны басынан белгілі болған. Оған қоса, кездесу бораған қардың астында өткендіктен екі командаға да алаңда еркін қозғалу қиынға соқты. Алаң иелері өздеріне тән үлгіде ойынды бірінші нөмірмен бастады. Қауіпті шабуылдардың бірінде бұрыштан көтерілген пасты Конрад Вржещиньский шиыра теуіп, допты тоғыздықта тулатты. Алайда, «тараздықтар» есті тез жиып, Тони Сильманың пасын Нильса Цатла голға айналдыра алды. Есеп теңескеннен кейін жанкүйерлердің делебесі қоза түскені рас.
Екінші таймда алма-кезек өрбіген шабуылдардың бірінде «Тараз» қақпашысы Джурахон Бабахан қарсылас команданың ойыншысын ережеге сай емес әдіспен тоқтатып, өз қақпасына пенальти алып келді. Абат Аимбетовтің 11 метрлік айып добын Бабаханов қайтара білгенімен, екінші мәрте тепкен добы есепті еселей түсті. «Қайраттықтар» есепте алға шыққаннан жата-жастана қорғанды. Кездесудің аяқталар тұсында Тони Сильманың есепті теңестіретін тамаша мүмкіндігі болды. Алайда оның соққысы бағанадан кері серпіліп, «қайраттық» жанкүйерлерді «аһ» ұрғызды.
Нәтижесінде «Тараз» сырт алаңда Еурокубок додаларында ысылған алматылық клубқа жол беріп қойды. Енді жерлестеріміз осы жексенбіде шымкенттік «Шахтерді» өз алаңында қабылдайды. Бұл оңтүстік дербиде футболшыларымыздың айы оңынан туады деп сенеміз.
Алғашқы турдың қорытындысы бойынша «Астана», «Тобыл», «Жетісу», «Қайрат», «Ордабасы» және «Қайсар» клубтары 3 ұпайдан еншілеп тұр. Соққан гол айырмасы бойынша «Астана» көш басында. Ал «Тараз» жіберген голдың есебінен 7-орынға жайғасты. Алдағы ойындарда жергілікті клуб турнирдегі жағдайын жақсартатынына сеніміміз мол.

Саятхан Сатылғанов

Leave A Reply

Your email address will not be published.