«Қайраттан» қаймықпаған «Тараз» «Шахтердің» шаңын қаға ала ма?

0 3

«Тараз» биылғы маусымда футболсүйер қауымды таңғалдыруда. Алғашқы екі кездесуде төрт ұпай жинаған жерлестеріміз апта басында сырт алаңда азулы «Қайрат» құрамасымен тең ойнап, айды аспаннан шығарды. Тіпті жерлестеріміз алғашқы таймды 0:2 есебімен аяқтап, ел чемпиондарының есін шығарды.

Жалпы кездесу алдында «Тараздың» алматылық командамен тең ойнағаны былай тұрсын, қақпасына гол соғатынына ешкім сенбеген еді. Букмекерлік кеңселер тіпті «Тараз» гол салады дегенге 2.55 коэффициент беріп, біздің команданы түкке тұрғысыз етіп көрсеткен. Алайда команда капитаны Мақсат Әмірханов бастап шыққан «тараздықтар» алғашқы минуттан шабуылға лап беріп, қарсыластар қақпасын торуылдаумен болды. «Қайраттық» қорғаушылардың бір-біріне пас беру кезіндегі қателігін сәтті пайдаланған португалиялық легионер Педро Эуженио жылдамдығы мен сәтті шешімінің арқасында қақпашымен бетпе-бет келіп, қақпаны көздеді. Алайда доп сәл қиыс кеткенде жамбылдық жанкүйерлер демін ішке тартқан. Қуанышымызға орай оның тепкен добы тоғыздыққа дөп түсіп, есеп ашылды. Бұл кездесудің небәрі 9-минуты болатын.
Есеп ашылғаннан кейін «Қайрат» «тараздықтарды» қос қапталдан қыса бастады. Алайда қорғанысымыз сыр бермей, жігіттер қарымта шабуылдарға да шығып отырды. Осындай ұрымтал сәттердің бірінде сол қапталдан пас алған Бауыржан Байтана шеберлігінің арқасында допты қақпаға дарытып, есепті 0:2-ге жеткізді.
Тайм аралық үзілісте «Қайрат» ойыншыларына бапкері не айтқаны белгісіз, екінші 45-минуттыққа олар ерекше екпінмен шықты. Ел чемпиондары шабуылдарын үсті-үстіне үдетіп, жекелей ойыншылардың шеберлігі нәтижесін берді. Ең әуелі Канте есеп айырмасын бір голға қысқартса, 66-минутта тәжірибелі ойыншы Вагнер Лав есепті теңестіріп кетті.
Қалған жартысағаттықта қос команда да алға шығуға тырысқанымен есеп өзгерусіз қалды. Әрине, ел чемпиондарымен тең ойнау – жігіттер үшін үлкен абырой. Енді «Таразға» қарсы кез келген ұжым тыңғылықты дайындықпен шығатыны анық. Себебі жамбылдық жігіттер мінезі мен жігерін көрсетті. Бұйыртса, 9 сәуір күні «Шахтерді» өз алаңында қабылдайтын «Тараз» қарағандылықтардың шаңын қағады деп сенеміз.

Саян ТІЛЕУЖАН

Leave A Reply

Your email address will not be published.