«Қайраттың ролін сомдап жүріп есейдім»

0 25

Осыдан 30 жыл бұрын еліміз тәуелсіздік алып, азат атанған уақытта дүниеге келген бүлдіршін – бүгінде болашақтың кілтін қолына ұстаған егемен елдің еркін азаматы, тәуелсіздіктің төл құрдасы. Қазіргі таңда олар орда бұзып, 30-ға толып, түрлі салада еңбек етіп, елдің дамуына елеулі үлес қосып жүр. Тәуелсіздіктің таңында дүниеге келген перзенттің бірі Жуалы ауданындағы Күреңбел ауылының тумасы Дархан Тоқбаев өзі туып-өскен Күреңбел ауылындағы Мәдениет үйінің меңгерушісі.

Кішкентайынан өнерге жақын болып өскен Дархан ауылда өткізілетін мерекелік іс-шараларға атсалысып, түрлі байқаулардың жеңімпазы атанған.
– Мен бала кезімнен өнерге әуес болып өстім. Теледидардан Ресей жұлдызы Филипп Киркоров ән айтса тамсанып, бірге шырқап, сол кісі секілді әнші болуды армандағаным есімде. Мектепте жүргенде белсенді оқушылардың қатарынан едім. Түрлі қойылымдарда ойнап, алдыңғы қатарда жүретінмін. Шынымды айтсам, тәуелсіздік құрдасы екенімді өсе келе біліп, оның мәнін кейін түсіндік қой. Тәуелсіздіктің құрдасы болғаным – мен үшін үлкен абырой. Бірақ мектеп табалдырығында жүргенде 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылатын шараларда Қайрат Рысқұлбековтің ролін сомдайтынмын. Басыма ақ мата байлап, жейдемді қызыл түске бояп, келістіріп беретін. Сол кезде бала жүрекпен өз кейіпкерімнің болмысын сомдап, өлеңін оқығанда кәдімгідей тебіренетінмін. Бір қызығы, жыл сайын сол сценариймен қойылатын қойылымды ойнап жүріп есейдім. Бірақ өскен сайын қойылымның маңызын, сол кездегі жастардың қайраткерлік рухын басқаша сезініп, тереңірек түсіне бастадым. Кейін көңілді тапқырлар клубын құрып, сыныптағы өз қатарластарымызбен өнер көрсете бастадық. Команда құрып, мектепаралық байқауларға қатыстым,– дейді Дархан.
Мектепті бітіріп, ҰБТ тапсырар кезде Дархан Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы өнер институтына түсуді көздейді. Сөйтіп, өзінің бұрыннан сүйіп оқитын пәні әдебиеттен тест тапсырып, ойдағы балын жинайды. Анасы екеуі киім-кешек, керек-жарақтарын сөмкеге салып, арман қуып Алматыға жолға шықпақ болған сәтте әкесі кенже баласын жыраққа жіберуге жүрексінді ме, оның үлкен қалаға баруын құп көрмеген сыңай танытады. Бала кезінен әке қабағына қарап өскен ол райынан қайтып, Тараз қаласындағы оқу орындарының бірінде бағын сынап көреді.
– Анам екеуміз Таразға келіп, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің табалдырығын аттағанымыз сол еді, кафедра меңгерушісі Айгүл Қабиева: «Мына жігіт менің балам ғой. Бұл бізде оқуы тиіс», деп құшағын ашып қарсы алды. Содан осы оқу орнында «Мәдени тынығу жұмысы» мамандығы бойынша оқуға қабылдандым. Ал студенттік шағым өте қызықты өтті.
Адам өміріндегі ең ұмытылмас, тәтті шақтың бірі осы студенттік кез ғой. Мен қазіргі Армани, Колобок, Нұрболхан сынды дарынды жігіттермен бірге оқыдым. Бір топта оқымасақ та жақсы араласып, театрда бірге өнер көрсеткен кезіміз бар. Бірақ кейін олар өнер қуып үлкен қалаға кетті де, мен ауылыма қайттым. Себебі үйдің кенжесі болған соң ата-анамның қолында қалып, бір жағынан өзім өскен туған ауылымды түлеткім келді. Күреңбел ауылында 372 түтін, 4 100 тұрғын бар. Ең алғашқы жұмысым ауылдағы №3 балалар өнер мектебінде театр пәнінен сабақ беруден басталды. Ауылдағы өнерлі балалармен бірге КТА командасын құрып, өнер көрсеттік. Арасында жетекшісі болған соң әрі бала кездегі тәжірибем бар, кейде өзім де атсалысатынмын. Содан басшылық менің білімім мен біліктілігіме сенген болуы керек, ауылдағы Мәдениет үйіне меңгерушілікті ұсынды. Содан бері 7 жылдың жүзі болыпты. Ұжымымызда 9 адамбыз. Өзіміздің шағын кітапханамыз да бар. Осы уақыт ішінде ауылымыздың өнерін дамытып, дарынды жастарды дайындап келеміз. Әзірге карантинге байланысты көп жоспарымыз іске аспай тұр, – дейді Дархан Лесханұлы.
Дархан биыл 30 жаста. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына да жоспары көп екен. Ең бастысы, айтулы мереке қарсаңында отбасылы болып, ата-анасына келін сыйламақшы.

Айжан Өзбекова,

Жуалы ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.