"Шабыт"

«Қайратың кетпей бойыңнан, Жастықтың құнын білмейсің»

Written by Aray2005

Төрт мезгілдей түрліше түрленіп, қас-қағымда құйындай құбылған тағдыр таразысы әрбір адамның адамдығын салмақтап тұрғандай. Осынау адамзаттың даңғылында әркімнің өзіндік өрнегі, табанды тірлігінің табы, ісінің ізі сайрап жатыр. Ол даңғылдан биыл жеті асудан абыроймен асып, жетпістің желкенін жайған қоғам қайраткері, Жамбыл облысының еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Журналистер одағының және Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі Жақсылық Досаевтың да сүрлеуін тап басып тануға болады. Талас ауданының Бостандық кеңшарында дүние есігін ашып, Жамбыл ауданына қарасты «Пригородный» совхозында еңбек жолын бастап, сондағы машина-трактор паркінің меңгерушісі, Кеңес үкіметі тұсында ел аумағында алғаш автокөлік өндірісін қалыптастыруды көздеген «Ресей-Қазақстан» мекемесінде бас директор қызметтерін атқарған. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген автомобилисі қазіргі таңда өнер додаларында жүлдегер атанып жүрген облыстық «Ардагерлер» ансамблінің жетекшісі. Бос уақытында қаламмен қағазға сыр ақтарып, бас-аяғы бес кітап жазып шыққан екен. Оның екеуі өскелең ұрпаққа арналған ертегі, әңгіме, аңыздар болса, қалғаны ересектерге арналған шығармалар. Соңғы уақытта жыр еліне керуен бұрып, өсиетін өлеңмен өрнектеуді жөн көрсе керек. Жетпістің жотасына жеткен Жақсылық Нұралыұлының деніне саулық, ісіне табыс тілеп, бірнеше жыр шумақтарын бөлісіп отырмыз.

Редакциядан

Өмірдің құны

Қиындық көрмей өмірден,
Өмірдің құнын білмейсің.
Махаббатың дәмін татпай,
Жүректің жылуын білмейсің.
Қайғы-қасіретке қамықпай,
Қуаныштың құнын білмейсің.
Ашығып, асқа тарықпай,
Тоқшылық құнын білмейсің.
Жоқтықты көріп жұтамай,
Бардың құнын білмейсің.
Басыңа қиындық іс түспей,
Жақынның құнын білмейсің.
Қайратың кетпей бойыңнан,
Жастықтың құнын білмейсің.

Уақыт

Уақыт сен қандай қаталсың?
Адамды әккідей алдайсың.
Балалық шақта беймарал,
Уайымнан шалғайсың.
Ер жетіп сезім шалқиды,
Махаббатқа бойлайсың.
Кезең кешіп әрқилы,
Қуанышына тоймайсың.
Ойлы-қырлы сен өмір,
Сүрлеуіңе саласың.
Келсең шіркін және бір,
Ойлар ем істің жаңасын.

Тағдыр

Сүйінтіп кейде күйінтіп,
Тағдырың тәлкек етеді.
Аяқтан шалып, сүрінтіп,
Қайтадан еңбектетеді.
Күннен-күнге дүние,
Барады ұқсап түлкіге.
Тазы боп қусаң соңынан,
Қалмайсың ба күлкіге.
Жақсы-жаман қосылмай,
Өмірдің заңы осындай.
Дүниеге түңілмей,
Тәуекел ет, мойымай.

Із

Күнделікті өмірде,
Алуан түрлі қызық бар.
Шынайы достық көңілде,
Адалдық, достық, әділет бар.
Қызғаныш, өсек бар жерде,
Дау-жанжал, ұрыс, әлек бар.
Қолыңнан келсе өзіңнің,
Қастерлеп таныт халқыңды.
Шамаң келсе ұстай біл,
Әдет-ғұрып, салтыңды.
Бағалай біл, ұлтыңды.
Қадірлей біл тіліңді.

Ауылым

Шықпайды ауылым есімнен,
Ақ шағала құмы есілген.
«Лақ», «Кемпір» белесім көсілген,
Төсінде тербетіп, өсірген.
Құлазып ауыл тұр ма екен,
Көңілге жадау, күй келген.
Өткенге берер бағам жоқ,
Баяғы бірлік қоғам жоқ.
Елу жылда – ел жаңа,
Біріне барсам, бірі жоқ.
Ауылдың тозып күтімі,
Сөніпті соңғы түтіні.

ПІКІР