"Туған жер"

Қайсарлық мектептен қалыптасады

Written by Aray2005

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында «Өз тарихына деген мақтаныш сезімін ұялатып, отаншылдық тәрбие беру мектеп қабырғасынан басталуға тиіс» деген еді. Тәрбиенің тал бесіктен басталатынын ескерген халқымыз ежелден-ақ баланың дүниені танып-біліп жетілуіне ерекше назар аударып келеді. Жан-жақты дамыған, отаншылдық рухы биік, білімді тұлға қалыптастыру мақсатында жұмыс істейтін Тоқтар Әубәкіров атындағы негізгі мектептің тоқсан пайыз оқушылары әскери қызметкер болуды көздейді.

Луговой гарнизонында орналасқан Тоқтар Әубәкіров атындағы негізгі мектеп алғаш 1978 жылы ашылғалы бері жеткіншектерге сапалы білім, тәрбие берумен қатар, әскери өмірге де дайындап келеді. Алғашында 4-сыныпқа дейінгі білім беру мекемесі болған мектеп 1992 жылы 9 жылдық оқытуға көшіп, еліміздің тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтың есімі беріледі. Негізінен, мұнда осындағы әскери қызметкерлердің балалары оқитындықтан, мектеп әскери қалашықтың ішіне орналасқан. Тәрбие сағаттарында балаларға әскери өмір, саптағы сарбаздардың тыныс-тіршілігі таныстырылады. Ісі үлгілі мамандармен кездесу ұйымдастырылып, Отан қорғау ең абыройлы міндет екені түсіндіріледі.
Жақында ғана 12 сәуір – Ғарышкерлер күнінде «Қазақтың тұңғыш ғарышкері» тақырыбымен арнайы шара ұйымдастырылды. Оған Әуе қорғаныс күштерінің подполковнигі Дүйсенбек Өзбеков, майор Нұрдос Өтегенов, әскери қызметкер Анар Исмаилова келіп, оқушылармен кездесті.
– Бүгін мектеп қабырғасында тәрбиеленіп, білім алып жүрген кішкентай бүлдіршіндер – ертеңгі ел тірегі. Олардың болашақта қандай азамат болып жетілуі аға буынның берген тәліміне тікелей байланысты екені белгілі. Бұл мектеп алғашқы жылы 4-сыныпқа дейін оқытатын сардарлардың балаларына арналып ашылғандықтан, әскери тәртіпке көбірек мән беріледі. Шапшаңдыққа баулитын жаттығулар жиі өткізіледі. Ғарышкерлер күнінде өткізген шарамызға келген қонақ­тар Әуе қорғаныс күшінің негізгі қызметін әңгі­ме­леп, әрбір адамның өз Отаны алдындағы пер­зент­тік парызын өтеу ең құрметті қызмет екенін жете түсіндірді деп ойлаймын. Себебі кездесуге келген меймандарға балалар тарапынан қойылған сауалдар көп болды. Мей­ман­дарды шығарып салғаннан кейін де балалар бола­­шақта ұшқыш болғылары келетінін ай­ты­сып жатты. Негізінен, мектеп оқушыларының басым бөлігі әскери қызметте Отан қорғауды армандай­ды, – дейді мектеп директоры Шарапат Бабашова.
Шарапат Құрманбекқызының айтуынша, мектепке Халық қаһарманының есімі берілгелі бері білім ошағы батырмен тығыз байланыста жұмыс істейді. Ол бірнеше рет арнайы келіп, мектеп ұжымымен, осындағы оқушылармен кездесіп, емен-жарқын әңгімелесіп те кеткен. Мектептің ғимаратына 2003 жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілгенде Тоқтар Оңғарбайұлы құрылыс басына келіп, өз үлесін де қосқан екен.
Осы білім ұясында оқитын 2-сынып оқушысы Шыңғыс Қаржаубай:
– Күнде сабаққа келгенде сап түзеп кетіп бара жатқан әскери ағаларды көріп, қатты қызығамын. Кейде мереке күндері олардың қару-жарақты тез-тез оқтап атқандарын, бір-бірімен күш сынасып күрескендерін, бір-ақ ұрып кірпішті сындыратын әрекеттерін көремін. Өскенде мен де сондай боламын. Сол үшін де сабақты жақсы оқып, спортпен көбірек шұғылдануға тырысып жүрмін. Мектебімді жақсы көргендіктен
«Білім берген мектебім,
Өзіңнен өсіп, көктедім.
Жақсыны құйдың санама,
Айналдың екінші анама», деп өлең шығардым. Қиын сәттерде адамдарды түрлі қауіптен қорғап, өздері-ақ шайқаса алатын робот құрастырғым келеді. Үлкен аза­мат болғанда осы мақсаттарыма жететініме сенемін, –
деп өзі шығарған шумағын мәнерлеп оқып берді.
Бүгінде 33 мұғалім еңбек етіп отырған мектептен болашақта халқына адал қызмет ететін, елінің бағына туған азаматтарды көреміз деген ойдамыз. Оқушы­лар­дың көбінен «Өскенде әскери қызмет етемін!» дегенді естіп, болашақ Отан қорғаушылардың осы шаңырақта өсіп келе жатқанына көзіміз жетті. Талабы таудай балдырғандардың мұратына жетуін тіледік.

Қамар Қарасаева

Т.Рысқұлов ауданы

ПІКІР