Қайта оралған қазақ батыры

0 5

Ғасырлар тоғысындағы Жеңіс мерекесінің қарсаңы болатын. Ол кезде мен «Хабар» агенттігінің Оңтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілшісімін. Алматыдағы басшыларымыздан шұғыл тапсырма алдық. Шымкент өңірінде тұратын екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан Кеңес Одағы Батырларының бірінен сұхбат алып, сюжет жасауымыз керек екен. Ол жылдары Оңтүстікте көзі тірі екі батыр бар еді. Мақтааралдық Тоғанбай Қауымбаев ағамызды бір жыл бұрын «Хабардың» көгілдір экранынан көрсеткенбіз. Әрине, ендігі кезек Түркістандық Алтын жұлдыз иегері Расул Есетов ақсақалға тиесілі. Телеоператор Ағабек Қазанбай екеуіміз жедел жолға жиналып, киелі қалаға қарай тартып кеттік.

Расул ағаны соңғы жылдары қайта түлеп, шырайы кіре бастаған шаһардың орталығындағы айналасын жүзім ағаштарының жасыл жапырағы көмкерген өз үйінен таптық. Жетпістің бел ортасынан асса да қимылы ширақ, палуан денелі, қызыл шырайлы қария бізді туған бауырлары келгендей қуана қарсы алды. Жеңгеміз де ағамызға сай қонақжай екен. Асығыс екенімізді алға тартқан қарсылығымызға қарамастан лезде самаурын қойып, қазан көтерді. Бірден байқағанымыз, Расул ағамыз әңгіме желісін қазақша тарқатқанымен Мастура жеңгеміз таза өзбек тілінде сөйлейді екен. Біз батыр ағаны сырттай болса да бұрыннан білетінбіз. Талай алқалы жиындарда негізінен қазақша көсіле сөйлеп, ара-арасында өзбекшелеп жіберетінін де байқағанбыз. Өзге ұлт өкілі біздің ана тілімізді құрметтеп жатса оған неге ішіміз жылымасқа. Содан болар біз сияқты өзге жұрт та Расул ағаның сөз арасында тұздық ретінде өзбекше қосып жіберетініне соншалықты мән бермейтін. Бір-екі мәрте үлкендерден:
– Осы кісінің қазақтарға қатысы жоқ па екен, бәлкім жиен шығар. Өйткені түрі-түсі де бізден аумайды ғой, – деп сұрағанымыз бар.
– Жоқ, ә, Расул ака таза өзбек. Қазақ кеңес энциклопедиясында да тура солай деп жазылған, – деген жауап еститінбіз ондайда.
Телесюжетке түсіруді қаланың орталық саябағындағы майданда қаза тапқандардың рухына арналған ескерткіш пен мәңгілік алауға тағзым етуден бастайтын болдық. Расул аға толып жатқан орден-медальдерін костюмінің омырауына сыңғырлатып тізілте тағудан бас тартып, тек Алтын жұлдызын ғана жарқырата төсіне қадап алды. Жанына өзі қатарлы майдангер жерлесін ертіп алған батыр аға саябақты біраз аралады. Көкпен таласқан ағаштардың арсынан кейбіреулерін жазбай танып, кезінде өз қолымен отырғызғанын мақтанышпен әңгімеледі. Одан соң мәңгілік алауға барып тағзым етті. Бірақ бізге әлі де болса бейнекөріністер аздық ететін сияқты болып көрінді. Ағабек екеуіміз енді не түсірсек екен деп аңтарылып тұрғанда мектептегі сабақтарынан қайтып келе жатқан бастауыш сынып оқушыларына көзіміз түсе кетпесі бар ма. Дереу балаларды жинап алып келіп, саябақтағы ұзынша орындыққа жайғасқан қарияның айналасына отырғыздық. Расул ағамыз аң-таң:
– Оу, үйректің балапанындай мына үрпек бастар қайдан келген. Мен бұларды қайтпекпін деп, – бізге сұраулы жүзбен аңтарыла қарады.
– Көке, біздің хабарымызға керек болады. Сіз майдандағы ерліктеріңіз, қарулас достарыңыз жайлы балаларға әңгіме айтып беріңіз. Біз түсіріп алайық.
Батыр неден бастасам екен дегендей самайын сипап сәл ойланып отырып қалды да, кенет басын көтеріп:
– Ал балалар сендер сұрақ қойыңдар, мен соған орай жауап берейін.
Жастары жеті-сегіздердегі оқушы балалар тым ұяң екен, төмен қарап күмілжи береді.
– Сұрақ қойсаңдаршы, ұялмаңдар сендердің де мендей аталарың бар шығар, – деп Расул аға қайта-қайта айтқанымен төрт-бес баланың ешқайсысы да батылдық таныта алмады. Бір-біріне «сен баста, сен баста» дегендей ымдаудан артыққа барар емес. Сөз тізгінін енді батыр ағаның өзі қайтадан қолға ала бастады.
– Ал онда сауал қоймасаңдар мен сендерге сұрақ берейін. Өздерің қай ел боласыңдар? Қай русыңдар. Әке-шешелерің сендерге жеті аталарыңа дейін біліп жүруді үйреткен шығар.
Тағы да өлі тыныштық орнады. Балаларда үн жоқ, көздерінің астыларымен бір-біріне барлай қараудан арыға бара алар емес. Біз Ағабек екеуіміз өзіміз ойластырған істің орайы келмей жатқанына алаңдап іштей тыпыршып тұрмыз.
– Ой, сабаздарым бұларың жарамады. Онда мен айтып берейін. Мәселен мен арғын руынанмын, оның ішінде әйгілі қаз дауысты Қазыбек би, Алшынбай би, Мәди ақын шыққан қаракесегімін.
Біз аң-таңбыз. Әзілі ме дейін десек, батыр ағамыздың жүзінен ондай ойнақылық, дауысынан жасандылық байқалмады. Әрі өзінің шыққан тегін көңілі теңіздей шалқып, мұхиттай толқып көтеріңкі дауыспен масаттана айтып отыр. Бұдан ары қарай мен де шыдап тұра алмадым, батыр ағаның жанына қалай жетіп барғанымды да аңғармай қалдым.
– Көке, сіз өзбек ұлтының өкілі емес пе едіңіз?
– Әй, Қалыбек шырағым, немене сен менің нағыз қазақ екеніме шүбә келтіріп тұрсың ба?
Жаңа ғана жайдары отырған батыр ағамыздың қызыл шырайлы жүзі күреңітіп, жанарында жасын ойнады. Мұндай тосын сауалды, әрі ақсақалдың ашуланғанын күтпеген мен сасқалақтап қалдым.
– Көке, кешіріңіз. Мен қайдан білейін, жұрт солай деп айтып жүр ғой. Оның үстіне энциклопедияда, басқа да құжаттарда сіздің ұлтыңыз өзбек деп жазылған емес пе.
– Мені өзбек дегендер оттапты. Құжаттардың бәрі де жалған. Кеңес өкіметінің кесірлі кесепат саясатының сойқаны. Мені туғызған әкем, мені тапқан анам біледі ме, қазақ екенімді, жоқ әлде әлгіндей деп сандырақтап жүрген оттаубайлар біледі ме? Немене олар мені туғызып алып, кіндігімді кесіппе екен?
– Көке, сонда қалай болғаны. Түкке де түсінбедім.
– Солай-молайыңды қой. Мен осы жетпіс жасқа келгенімше өзімнің қазақ екенімді дәлелдеу үшін ашпаған есігім, жазбаған жерім қалмаған, осы жолда әбден шаршаған адаммын. Ата-баба әруағы алдында кешірілмейтін күнә жасағандай күй кешіп, талай түнді ұйқысыз өткізгенімді кім біліп жатыр. Басымды тасқа да ұрдым, тауға да ұрдым. Онымнан ешқандай оңды нәтиже болмады. Бәрі де сұм соғыстың, балалық алаңғасар албырттықтың кесірі ғой. Оның өзі асықпай отырып айтатын ұзақ әңгіме. Қой, телевизорларыңа қалғанын үйге барып, сол жақтан-ақ түсірерсіңдер. Қазанын оттан түсіре алмай жеңгең де біздің жолымызға қарап, екі көзі төрт болып елегізе күтіп отырған шығар. Әңгімені дастарқан басында жалғастырайық. Сонда барып менің шын мәнінде кім екенімді түсінесіңдер.
Сабасына түскен батыр ағамыз біздің жауабымызды күтпестен орнынан жеңіл тұрып, үйіне қарай аяңдады. Ағабек екеуіміз еріксіз соңынан ердік. Жол бойы өз-өзімен күбірлей сөйлесіп, терең ойдың тұңғиығында келе жатқан қарияның шырқын бұзуға дәтіміз шыдамады. Бір-бірімізге тіс жарып тіл қатқан жоқпыз.
Көкейімізді тесіп, көңілімізді күпті қылған сан сауалға қатысты әңгіменің тиегі батыр ағамыз бір-екі кесе шәй ішіп, шекесі жіпсіп өзіне-өзі келгеннен кейін ғана ағытылды.
– Менің әкем марқұм түптамыры арқаның қазағы. Мана айтқандай арғын, оның ішінде қаракесек. Бағзы бір заманда ата-бабаларымыз Қарқаралы өңірінен қазақ хандығының ордасы болған осы Түркістанға көшіп келген екен. Ал анам – өзбектің қызы. Әкемнен ерте айырылып жастайымнан жетім қалдым. Бірақ шыққан тегімді ешқашан да ұмытқан емеспін. Анам жарықтық та үнемі құлағыма құйып отыратын.
Жесір қатын, жетім баланың жан бағуы қай бір оңай дейсің. Күн көру үшін қара жұмысқа бұғанам қатпай жатып ерте араластым. Бірақ сүйегім ірі болғандықтан, қатарларымнан сырт көзге ересектеу, әрі еңселілеу көрінетінмін. Соғыс басталған кезде жасым кәмелетке әлі толған да жоқ болатын. Ол кезде Түркістан станциясы арқылы күні-түні жүк тиелген эшелондар батысқа, майданға қарай ағылып жататын. Солардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бе, әйтеуір теміржолдың төңірегінде әскери күзетшілер өріп жүретін. Қаладағы тәртіп те қатал, беймезгіл уақытта емін-еркін жүріп-тұра алмайсың. Жұмыстан келе жатқан мені «соғыстан бой тасалап жүрген қашқын шығарсың» деп талай рет тұтқындап, тергеп, әбден әбігерге түсіретін. Ондайда «жасым он алтыда, жұмыс істеймін, осы қаланың тұрғынымын, үйде шешем бар» деп шырылдап жүріп, әзер дегенде ақталып шығамын. Оларға көрсетіп, бірден дәлелдеп беретін жеке басыма қатысты құжатым да жоқ. Осындай жүйкені жүндей түтетін келеңсіз оқиғалар жиілеп кеткен соң, ақыры шыдамым таусылып әскери комиссариатқа барып, өз еркіммен соғысқа жіберіңіздер деп талай рет өтініш те айттым. Үнемі әлі жассың, керек кезінде өзіміз-ақ шақыртамыз деп кері қайтарып жібереді. Кезекті бір барғанымда осында жаңадан ауысып келсе керек, мені бұрын көрмеген орыс офицері отыр екен. Менің талап-тілегімді асықпай тыңдаған ол:
– Жасың қаншада? – деді маған көзін сығырайта сынай қарап.
– Жақында ғана он сегізге толдым, – деп өтірік айтуыма тура келді.
– Құжаттарың бар ма? Әкел, көрейінші.
– Жоқ, жолдас капитан, – деймін мен төмен қарап міңгірлеп.
– Болмайды, соғысқа бару үшін міндетті түрде анықтама түрінде болса да құжатың болуы керек. Сенің шын жасың қаншада екенін мен қайдан білейін.
Есіме әлдене сарт ете түсті де:
– Комсомол билеті бола ма? – дедім жерден жеті қоян тапқандай.
– Әрине болады. Қазір әкелсең, ертең-ақ соғысқа жіберемін.
Жирен шашты капитанның алдынан шыға салысымен құстай ұшып аудандық комсомол комитетіне келдім. Осында Ғафуржан деген өзбек көршім екінші хатшы болып жұмыс істейтін. Мәселенің мән-жайына қаныққан ол алғашында «Жасыңды өсіріп жазып бере алмаймын, бәлеге қалар жайым жоқ» деп біраз қасарысып, отырып алды. Мен де жалынып-жалбарынып кетпей қойдым. Ақыры айтқанымнан қайтпайтын қайсарлығыма көзі жетті ме, жоқ әлде шыдамы таусылды ма, әйтеуір өз қолымен жазып, мөрін басып комсомол билетін дайындап беріп құтылды. Қуанғаным соншалықты «Расул Есетов, жасы он сегізде» дегенге ғана көз жүгірттім де, ары қарай не жазылғанын ежіктеп оқымастан әскери комиссариатқа қарай желдей жүйткідім. Комсомол билетімді алып қалған капитан өз сөзінде тұрып, «Соғысқа ертең аттанасың» деді.
Сонымен не керек келесі күні эшелонға отырып, өзімнен бірер жас үлкен ересектермен бірге батысты бетке алып аттанып кеттік. Менің жалған құжат алғанымды кеш білген анам кәмелетке толмаған жалғыз ұлы – менен тірідей айырылып, аңырап артымда қала берді.
Әңгіме желісі осы тұсқа келгенде батыр ағамыз сөзін кілт үзіп, әлденені есіне түсіргісі келгендей ойланып отырып қалды. Үнсіздік үдеп бара жатқан соң уақыт үнемдеу жағынан «Хабардың» қатаң тәртібіне төселіп қалған біз:
– Сонымен, көке ары қарай не болды? – дедік тағатсыздана.
– Не болушы еді. Батысқа қарай бағыт алған пойызымыз бірнеше тәуліктен соң айналып барып, Түркіменстанның астанасы Ашхабатқа тұмсық тіреді. Сонда екі-үш ай әскери жаттығулардан өтіп, немістермен соғысудың айла-тәсілдеріне машықтандық. Маған сержант әскери атағы берілді. Артынша нағыз қасапханаға айналған қан майданның ортасынан бірақ шықтық. Мақтанды демеңдер, батырлық қанымызға ата-бабамыздан дарыған қазақ емеспіз бе, қатарымның алды болдым. Жан алып, жан беріскен талай-талай шайқастарда ерлік көрсеткенім үшін орден, медальдар алдым. Командирлерім де мақтап-мадақтаудан кенде қалдырған жоқ.
– Ал Кеңес Одағының Батыры атағын қай кезде, не үшін алдыңыз?
– Е-е, бауырым… Менің жан дүниемді астаң-кестең етіп, жүрегімді қан жылатқан оқиға дәл сол 1944 жылдан басталды ғой. Біздің батальонға Днепр өзенінен өтіп, жаудың тас қамал бекінісін басып алу жөнінде жоғарыдан шұғыл бұйрық келіп түсті. Негізгі міндет – ағаш салмен арғы жағаға өтіп плацдарм дайындау. Яғни, біздің әскердің негізгі бөлімі келіп жеткенше басып алған жерді соңғы сарбазымыз қалса да ұстап тұруымыз керек. Нағыз қиямет-қайымның қыл көпірінен өту енді басталды. Қарша бораған оққа қарамастан өзеннен өтіп қарсы жағалаудағы немістердің бекінісін басып алуға ұмтылдық. Жау жағы өздеріне оңтайлы жерден мықтап тұрып дзот пен дот салып алған екен. Әупірімдеп жағалауға жеткенімізбен ары қарай қарыс қадам жылжу мұңға айналды. Себелеген оқ бас көтертер емес. Бұлайша жер бауырлап жата берсек бәріміздің де ажал құшатын түріміз бар. Батальон командирінен рұқсат сұрап алып, өз бөлімшемдегі он жауынгеріммен бірге жау бекінісіне қарай еңбектей жөнелдік. Межелі тұсқа жеткен соң танкіге қарсы қолданылатын бірнеше гранатаны лақтырып дзоттың да, доттың да үнін өшірдік. Араларында бірнеше офицері бар, есеңгіреп қалған 46 немісті қару жарағымен тұтқынға алдық.
Жау жағы да қарап қалмады. Біз иемденген бекіністі қайтарып алу үшін бірнеше мәрте қарсы шабуылға шықты. Танкілер мен артиллерия бастап, басқа да қару-жарақтардан толассыз атылған оқтан дүние астаң-кестең болып кетті. Түтін мен шаң-тозаңнан күннің көзі тұтылып, адамдардың өлігі тау болып үйілді. Шығын екі жақта да өте көп болды. Қатарымыз қатты сиресе де негізгі бөлім келіп жеткенше немістерден басып алған жерді ұстап қалдық. Сонымен Днепр өзенінен өту шайқасы біздің әскер үшін сәтті аяқталды. Талай боздақты жалмап кеткен алапат ұрыста көрсеткен ерлігім үшін командирлерім мені Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынды.
Әлі есімде, уақыт түске таман болатын. Жедел жетсін деген бұйрықты ести сала тездетіп әскери штабқа келдім. Менің батырлыққа ұсынылған құжатымды көрсеткенде қаным басыма шауып, жоғары шенді командирлерімнің алдында тұрғанымды да есімнен шығарып алсам керек, «Мен өзбек емеспін, қазақпын» деп айқайлап жібердім. Құжаттағы ұлты деген тұсқа дәл солай деп толтырылыпты. Біздің батальонның командирі жасы қырықтан асқан подполковник Передачин ақылды, әрі сабырлы жігіт еді. Сол кісі соғысқа кіріскен алғашқы күні-ақ әскери жетекші жинап алған комсомол билетімді көрсетіп, соны басшылыққа алғандарын айтты. Мен комсомол билетін өз қолымен толтырған Ғафуржан көршімнің маған қандай «жақсылық» жасағанын сонда ғана бір-ақ білдім. Қара басып неге ғана дер кезінде байқамадым деп өз-өзіме қатты қапа болдым. Жүрегім қан жылап, тұла бойым намыстан өртеніп кетті. Сонымен, ұзын сөздің қысқасы, штабтағылар менің шырылдап қазақ екенімді дәлелдемек болған уәжімді құлақтарына да қыстырмады.
– Сержант Есетов бұл жер саған саудаласатын базар емес, әскери штаб. «Кругом, шагом марш» деген зілді бұйрықтан соң амалсыз сабама түсіп, кері шығып кеттім. Көп ұзамай маған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Дивизия командирінің өзі келіп, салтанатты саптың алдында Алтын жұлдыз бен Ленин орденін өңіріме тақты.
– Өз ұлтыңызды құжат бойынша қалпына келтіруге соғыстан аман-есен оралған соң әрекеттеніп көрген жоқсыз ба?
– Ой, шырағым-ай, мына жеңгең куә, мен қай жерге бармады десеңші. Берісін айтпай-ақ қояйын, арысы Мәскеуге дейін арыздандым, КСРО Жоғары Кеңесі Президиумының төрағасы, даңқты маршал Ворошиловқа дейін көмек сұрап хат жаздым.
Еститінім де, жазбаша келетін жауабы да біреу ғана. «Сіз үшін күллі Кеңес Одағының әскери статистикасын өзгерте алмаймыз. Олай ету мүмкін де емес».
– Оны айтасыз, «Сіз еліміздегі айрандай ұйыған халықтар достығына іріткі салмаңыз», деп өзіме бәле жапқысы келгендер де болды. Ақыры бұл ісімнен ештеңе де өнбейтін болған соң шаршап-шалдығып барып, бұл өмірде әділет жоқ екен ғой деп біржолата түңілдім де қойдым.
Осы тұста әңгімеге шәй құйып отырған Мастура жеңгей араласты.
– Өз сіңілімдей сыйлас болсын деді ме екен, марқұм енем мені ағаңа өзінің төркін жағынан алып берген. Бірақ ұлтым өзбек болса да өзімді қазақтың қарашаңырақ бір үйінің келінімін деп есептеймін, әрі онымды мақтан тұтамын. Сұраған жұртқа да үнемі солай деп айтудан жалыққан емеспін. Ұлты қазақ деген құжат аламын деп қаншама әрекеттенгенмен, ерімнің арманы орындалмағанына онымен бірге менің де жаным қатты күйзеледі.
Қожайынның тегі қазақ екенін ағайын-туыс, жора-жолдас, жекжаттарға дейін жақсы біледі. Ташкенттегі ағайындарға меймандыққа бара қалсақ «Е, қазақтар келіп қалдыңдар ма» деп қарсы алады. Олар да Рекеңнің ақиқатқа жетіп, дені дұрыс құжат ала алмағанына қатты таңданады. Ең өкініштісі, бала-шағамызбен немерелерімізге дейін қарғыс атқыр жасанды түпкі құжаттың негізінде ұлты өзбек болып жазылып кетті.
– Менің жаныма қатты батып, намысыма тиетіні өзбек ағайындардың той-томалақ, ас-жиындарына бара қалсақ өзім қатарлы шалдар «Е, қазақ, келіп қалдың ба, өз ағайындарыңа бармайсың ба, мұнда неғып адасып жүрсің?» деп әзілдескенсіп, ащы шындықты бетіме басады. Ал өз бауырларым дейтін қазақтардың ортасына дәл сондай жиындарға бара қалсам, «Мына сарт қайдан келіп қалды, өзбек туысқандарыңа бармайсың ба», деп ойнағансып ойындағыларын айтып қалады. Екі жағы да бірі жиен, әрі күйеу бала, бірі өз қандасымыз ғой, деп жақын тартудың орнына өзегімнен тебеді. Кімге дәлелдеп, кіммен айтысып-тартысып жатпақпын. Қаншалықты намыстанғаныммен шатақтасып, жаға жыртысу жетпістен асқан маған жараса қояр ма екен?
Көңіліме медеу, жаныма жұбаныш ететінім – басшы-қосшылардан бастап қарапайым халыққа дейін қатты құрметтейді. «Батыр аға келіп қалды» деп төріне шығарып барын алдыма тосады. Көшеде келе жатсам кәрі-жас демей алдымнан жүгіріп шығып амандасады. Бірақ бәрібір құжаттарымды қалпына келтіріп, нағыз қазақ болсам деген арманымның орындалмауы жүрегіме шөңгедей қадалады да тұрады.
Әңгіменің осы тұсына келгенде ақсақал ауыр күрсініп, тағы да үнсіз қалды. Сол сәт тау тұлғалы батыр ағамыз өзегін өртеген өкініш-зардан лезде шөгіп кеткендей болып көрінді. Біздің де көңіл күйіміз астаң-кестең болып, жүрегіміз сыздап кетті. Сәл де болса тұнжырай қалған ағаны ауыр ойдан арашалап, еңсесін көтерте бір серпілтіп, сергітіп алайық деген ниетпен:
– Аға, сіз соғыстан елге кеудеңізге алтын жұлдызды жарқыратып жеңіс туын желбірете оралғанда жиырмадан енді асқан, қызыл шырайлы, батыр тұлғалы, сымбатты жігіт болған екенсіз. Оның үстіне әрі бойдақсыз. Түркістан өңірінің небір менмін деген құлын мүсін, құралай көз, қиғаш қас арулары сізбен танысып тұрмысқа шығуға таласқан шығар, – деп әңгіме желісін әзілге бұрып жібердік.
Манадан бері «Балалар тамақ алыңдар, тамақ алыңдар» деп қайта-қайта бәйек болып отырған Мастура жеңгей біз жаққа жалт қарап:
– Қайным, бәлкім сол сұлулардың бірі де, бірегейі де мен шығармын. Әйтпесе елу жылдан бері осы шаңырақтың түтінін түтетіп отырмас едім ғой, – деді күлімсіреп.
Байқап отырмыз батыр ағаның жүзіне де лезде қан жүгіріп, тұнжыраған жанары найзағайдай жарқ ете қалды.
– Несіне айтасың, ол да бір қызығына тоймайтын, сұлу қыздарға көз салуды қоймайтын, алтынға айырбастамас керемет дәурен екен ғой. Түркістаның не тәйірі. Күллі оңтүстік өңірінің, тіптен Ташкентке бара қалсам сондағы қаракөз арулардың көздерінің астымен ессіз іңкәрлікпен қиыла қараған қылықтары қайдан естен шыға қойсын. Бұрындары бізді жетім-жесір деп менсінбейтін тамыр-таныстар да анама «Сенің батыр балаңа менің бойжеткен қызым лайықты, құда болайық» деп сөз салған да көрінеді. Бәрін айт та бірін айт, топ сөздің тобықтай түйіні демекші сол қаптаған үміткер арулардың арасынан осы жеңгеңді шекесінен шертіп жүріп таңдап алдым ғой.
Көңілінің көк дөнені жеті қат көкті шарлап кеткен Расул ағамыз рахаттанып бір кеңкілдей күліп алды. Жүзіндегі манағы жан дүниесін құрсаулаған құсалықтың іздері де ыдырап сала берді. Бабына келтіріп алған батыр ағамызға енді біз көкейімізді кеулеп бара жатқан сауалымызды төтесінен қойдық:
– Көке, еліміз тәуелсіздік алғанына он жылға таяп қалды. Құдайға шүкір бұрынғыдай Мәскеуге жалтақтамаймыз. Өз қолымыз, өз аузымызға еркін жететін заман туды. Құжатыңызды енді жөнге келтіріп алмайсыз ба?
– А, солай етуге бола ма?
Батыр аңғал келеді деген рас екен. Расул аға аузын ашып, көзін жыпылықтатып бізге таңдана қарап қалды.
– Әрине болады. Болғанда қандай…
– Қайдан білейін, елу жылдай соңына шам алып түсіп ештеңе өндіре алмаған соң күдерімді біржола үзген едім. Сонда мен қайда, кімге барып арыздануым керек.
Аңқылдап, асыға аптығып сөйлеген ақсақал қыран бүркіттей қанаттанып кетті.
– Ешкімге барып әуре-сарсаңға түспей-ақ қойыңыз. Біз билік бишігін ұстаған ұлтжанды азаматтарға басыңыздан өткен оқиғаның мән-жайын түсіндіріп айтамыз. Өздері сізге көп ұзамай хабарласып қалар.
Ағамыз бен жеңгеміз дәл қазір біз армандаған құжаттарын қолма-қол тапсырып тұрғандай балаша қуанды. Алдын-ала алғыстарын айтып мәз болып қалды.
Мен сол күні жолай Түркістан қаласының әкімі, үлкен жүректі азамат Өмірзақ Әметке соғып Расул ағамыздың бұйымтайын қаз-қалпында айтып бердім. Өмірзақ дос таңданғанынан сенер-сенбесін білмей біресе қуанды, біресе мұңайды.
– Мен ертең батыр ағамызды көлік жіберіп өзім осында алдырып сөйлесемін. Ол кісінің қалауы бойынша қолымыздан келген көмектің бәрін де жасаймыз, – деп бізбен риза көңілмен қоштасты.
Расул ағаның құжатына қатысты Өмекеңмен одан кейін де хабарласып отырдық. Бір күні ол абыз ақсақал тек өзінің ғана емес, бала-шаға, немерелеріне дейін құжаттарын ұлты қазақ етіп ауыстырып беруге өтініш жазғанын, бұл іспен қазір тиісті органдар айналысып жатқанын қуана жеткізді.
Арада бір жылға жуық уақыт өткен. Бір күні Өмірзақ дос телефон соқты. Көңілі көтеріңкі, дауысы жарқын-жарқын шығады.
– Ертең түсіру тобыңды алып Түркістанға жет. Ұлы жеңіс мерекесіне орай мәдениет сарайында өтетін салтанатты жиында өзің бастама көтерген Расул Есетов ағамызға ұлты қазақ деп жазылған жаңа төлқұжат тапсырамыз деп мәз-мейрам болды.
Келесі күні телеоператорым Ағабек Қазанбай екеуіміз құстай ұшып Түркістанға жеттік. Сондағы Қожа Ахмет Ясауии атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің мәдениет сарайында ине шаншар орын болмады. Мерекелік жиынға шақырылғандармен қатар батырға қатысты жақсы жаңалықтан құлағдар болып қалған жұрт қуанышты сәттің куәгері болу үшін тайлы-тұяғына дейін келіпті. Мерекелік жиынды ашып Түркістанның соғыс ардагерлерін құттықтаған қала әкімі Өмірзақ Әмет «Сахна төріне Кеңес Одағының Батыры, даңқты жерлесіміз Расул Есетов ақсақал шақырылады» деп хабарлауы мұң екен жиылған жұрт ұзақ қол шапалақтады. Салтанатты жиынға арнайы өкіл болып келген облыс басшыларының бірі, ұлты өзбек азамат менің жанымда отырған. Ол да екі алақаны қызарғанша аямай құлшына шапалақ соқты.
Сөзін ары қарай сабақтаған Өмекең Расул Есетов ағамыздың майданда ерен ерлік көрсеткенін, бейбіт өмірде де еселі еңбек еткенінен бастап, тағдырдың тауқыметінен батырдың өзбек болып жазылып кеткенін, енді әділет салтанат құратын сәттің жеткенін айта келе:
– Кеңес Одағының Батыры Расул Есетовке өз өтінішіне сай елу жылдай армандаған ұлты қазақ деп жазылған жаңа төлқұжат тапсыруға рұқсат етіңіздер, – деді.
Мәдениет сарайына жиналғандар түгелдей орындарынан тік тұрып ұзақ қол шапалақтады. «Бәрекелді, батыр ағамыз жасасын» деген дауыстар кемерінен аса кеңістікті кернеп кетті. Көз қиығымды салып едім қасымдағы көршім екі қолын айқастыра ұстаған күйі жүзі қызараңдап қимылсыз тұрып қалған екен. Бірақ қуаныштан теңіздей толқыған жұрт оны аңғарған да жоқ. Қолын қайта-қайта көтеріп, елдің шапалақ ұру құрметін әзер тоқтатқан Расул аға микрофонға жақындады да:
– Мен қазақпын, мен енді нағыз қазақпын!.. – деп одан әрі сөзін айта алмай еңіреп жылап жіберді.
Бұл батыр ағаның елу жылдай армандап күткен қуанышының көз жасы еді…

Қалыбек АТЖАН,
Қазақстанның Құрметті журналисі

Leave A Reply

Your email address will not be published.