Қоғам

Қайырымды істің қайыры мол

Written by Aray2005

Қазақ халқының қанына сіңген асыл қасиетінің бірегейі – қайырымдылық. Алаш баласының осынау ақеділ мінезі, даладай дархан пейілі сан ғасырлық нәубеттерден ұлтты сақтап, құндылықтарын ұрпаққа аманаттап келеді. Әлем жұртын әбігерге салған коронавирус індеті кезінде де текті қасиет төбе көрсетіп, ел арасынан шыққан жомарт жандар көпшілікке көмек қолын созуда. Осылайша бүгін облыстың кәсіпкерлері мен нақты уақытта өзге аймақтарда еселі еңбек етіп жүрген өңір тумаларының демеушілігімен  Тараз қалалық №5 емханаға пневмонияға қарсы қажетті дәрі-дәрмектер мен өкпе желдеткіш концентраторлар жеткізілді.

Қатерлі  індет жайлағалы бері елімізде, оның ішінде өңірімізде дәрі тапшылығы сезіле бастады. Тараздықтар қажетті дәрісін алу үшін тәулік бойы дәріханаларды аралап, ұзын-сонар кезекте тұруға мәжбүр. Әрине егер іздеген дәрісі табылса жақсы. Көп жағдайда табылмай жатыр. Халықтың осы жанайқайы жанға батқан жергілікті кәсіпкерлер білек біріктіріп, қажетті дәрілермен қамтамасыз етуді қолға  алып отыр. Соңғы бірер күнде «Қазфосфат» ЖШС дирректоры, Қазақстанның Еңбек ері Мұқаш Ескендіров өз қаражаты есебінен он оттегі концентраторын ел игілігіне алып берсе, қалған қайырымды жандар да қалыс қалып жатқан жоқ. Еңбек ері кезекті қайырымдылықтың  да  басы-қасынан табылды. Ал бұл жолы белгілі кәсіпкер,  «Altais Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Әлімбек Жұмабаев бастаған, Д.А.Қонаев қоры мен әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы акционерлік қоғамы қостаған қайырымды жандар індетпен күресуге ауадай қажет 43 миллион теңгенің дәрі дәрмегін, оттегі концентраторларын сатып алып, денсаулық сақтау мекемелеріне тарту етті. Игі шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков арнайы қатысып, атымтай жомарт жандарға халықтың алғысын жеткізді.
– Күні кеше ғана облыс әкімі Бердібек Машбекұлы жалпы облыс тұрғындарына өз  үндеуін жасаған болатын. Сол үндеуге сүйене отырып 338 миллионнан астам теңгеге біздің кәсіпкерлер өздері ұйымдастырып, қайырымдылық жасауда. Осы ретте бүгінгі игі іске атсалысқан азаматтарға, сыртта жүрген жамбылдық қайырымды жандарға үлкен алғысымызды білдіреміз. Бұл жұмыстар жалғасын табады. Жасыратыны жоқ, дәріханаларда дәрі тапшы  болып отыр. Енді бүгіннен бастап Қаратау, Жаңатас, Шу секілді ірі елді мекендермен жұмыс жасайтын боламыз. Игі іс ұзағынан болсын. Мемлекет пен демеушілер тарапынан келіп жатқан дәрі дәрмек  қатаң бақылауда болады. Ол үшін арнайы  бақылау топтары құрылған. Есепте тұратын, үйінде емделіп жатқан азаматтарға да дәрілердің пакеттері  жасалып, жеткізілетін болады. Ауырған азаматтарымызға саулық, елімізге амандық, жомарт жандардың ісіне табыс тілеймз,-деді  Бекболат Серікбекұлы.
Келіп жеткен қажетті дәрілер мен он оттегі концентраторын кәсіподақ ұйымының өкілдері қадағаламақ. Ендігі мақсат – қолдағы бар дәрі мұқтаж жандарға, яғни діттеген жеріне дәл жету. Бұл мәселе облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының да басты назарында.
– Өңір кәсіпкерлері қиын қыстау сәтте дәрі дәрмек қорын еселеуге көмектесуде. Келген дәрілер пневмонияға, вирусқа қарсы препараттар. Олар амбулаторлық, стационарлық деңгейде емделіп жатқан науқастарға жөнелтілетін болады. Бұл да болса бізге үлкен көмек. Сол себептен медицина саласының қызметкерлері елдің амандығы жолында жан аямай еңбек етуге әрдайым дайын. Қазір облыстағы емдеу сауықтыру мекемелерінде дәрілер қоры жеткілікті. Тек дәріханаларда сұраныс көп болғандықтан дәрі жеткіліксіз болуда. Нақты уақытта бізде өкпе желдеткіш 146 аппарат бар, оның 92-сі жан сақтау бөлімінде орналасқан. Бүгінгі таңда жан сақтау бөлімінде  28 азамат оттегі аппаратында ем алып жатыр,-деді облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов.
Ал сын сағатта көмек қолын созған кәсіпкерлер қажетті дәрілер ең алдымен мұқтаж  жандар мен жағдайы төмен отбасыларға жетсе деген ниетте. Ізгі іске бастамашы болған жергілікті кәсіпкерлердің қатарында еліміздің өзге облыстарында еңбек етіп жүрген жамбылдықтар да бар.
– Көпшілік көтерген жүк жеңіл. Осы игі іске ат салысқан өзге өңірлердегі жамбылдық азаматтар да бар. Олар қазір басқа аймақта жүрсе де туған жеріне осылай қарайласу үстінде. Солармен бірлесіп жалпы құны 43 миллион теңгенің дәрі дәрмектері және медициналық құралдары алынды. Осы дәрілер сырқаттанып жатқан азаматтарымыздың игілігіне жараса, емделуіне сеп болса біз үшін одан үлкен алғыс жоқ. Қазіргі таңда ауырып жатқан жерлестерімізге Алла шипасын берсін. Біздің қолымыздан келер көмекті мүмкіндігімізше аянбаймыз. Бұл акция әлі де жалғасуда. Тағы басқа да кәсіпкерлер көмек беруге ниеттерін білдіріп отыр. Сондықтан денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп осы жұмысты ары қарай жалғастырамыз. Ортақ мақсатымыз – ел болып, жұрт болып осы дерттен құлан-таза айығу. Дәрілер жағдайы төмен отбасыларға қолжетімді болса деген ниетіміз бар. Акция барысында пневмонияға қарсы ең қажетті дәрі дәрмектер Үкіметтің белгіленген бағасымен алынды. Қазір 27 миллион теңгенің дәрілері жетіп отыр. 16 миллион теңгенің дәрілері екі-үш күнде жетеді. Ол да дәл осылай таратылады,-дейді  ұйымдасқан іске ұйытқы болған «Altais Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры, халық қалаулысы Әлімбек Әсембекұлы.
Әп сәтте арнайы жүк көлігімен жеткізілген дәрілер мен он оттегі  концентраторы №5 емхана алдынан дәріханалар мен денсаулық сақтау мекемелеріне жөнелтілді. Осындай ізгілік пен қайырымдылық бар жерде еліміз үшін індетті жеңетін күннің де ауылы алыс емес. Лайым, солай болғай.

Нұржан Қадірәлі

ПІКІР