Қайырымдылық – қайырлы іс

0 4

Асыл дініміз Исламда жақсылық жасауды, өзара жәрдемдесуді әрі рухани һәм материалдық қырынан жан-жақты қолдау көрсетіп, оны діни-моральдық жауапкершілік ретінде бекіткен. Және бұл Құран Кәрімнің бірнеше аяты мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде анық көрініс тапқан. Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресінің 272-аятында: «(Ей, Мұхаммед!) Оларды тура жолға салуға сен жауапты емессің. Алла қалаған пендесін өзі тура жолға салады. Қайыр-садақа ретінде не берсеңдер де өздерің үшін (жақсы болады). Не берсеңдер де тек Алланың разылығы үшін берулерің керек. Ізгілік жолында не жұмсасаңдар да соның бәрі өздеріңе толық қайтарылады және сендер әділетсіздікке ұшырамайсыңдар (яғни сауаптарыңды толық аласыңдар)», дейді. Қайырымдылық – мұқтаж жандардың қажеттілігін өтейтін игі іс. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының да негізгі бағыттарының бірі қайырымдылық екені белгілі.

Сауапты істен орталық «Һибатулла Тарази» мешіті де шет қалмай, белсенді атсалысып келеді. Аймақта өткен жылы жыл басынан жомарт жандардың қолдауымен 727 қайырымдылық шарасы ұйымдастырылған. Нәтижесінде 60 665 мұқтаж жанға 586 миллион 528 мың 862 теңгенің көмегі көрсетіліпті.
– Өткен жылы облыс бойынша «Мектепке жол» акциясы аясында 428 оқушыға 64 смартфон, 4 планшет сыйға берілді, оған 4 миллион 358 800 теңге жұмсалды. Қасиетті Рамазан айында
8 088 адамға 14 миллион 074 400 теңге жұмсалса, Құрбан айт кезінде 270 миллион теңгеге 16 981 адамға 140 тонна ет үлестірілді. 34 769 адамға азық-түліктей қайырымдылық жасалып, оған 290 миллион 533 662 теңге бөлінді. Бұдан бөлек 399 адамға 7 миллион 222 000 теңге қаржылай үлестірілді, – дейді ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша «Зекет» қорының өкілі, «Һибатулла Тарази» мешітінің наиб имамы Ержан Аманбаев.
Мешіт қызметкерлерінің ұйымдастыруымен бұдан бөлек түрлі атаумен қайырымдылық шаралары да өткізіліп келеді. Соның бірі 2014 жылдан бері жүзеге асып келе жатқан – «Тайқазан» жобасы. Жоба аясында жеті жылдан бері тұрақты түрде материалдық жағдайы төмен, асыраушысынан айырылған, толық емес, жетім-жесірлерге және мүгедек балалары бар отбасыларға көмек көрсетіліп келеді. Ел көлеміндегі игі шарадан жамбылдық имамдар да қалыс қалмады.
Қайырымдылық марафоны орталық «Һибатулла Тарази» мешітінен бастау алып, облыс бойынша қала, аудан, ауыл мешіттері толығымен қамтылып, өңірде әлеуметтік жағдайы төмен 700 адамға азық-түлік толы қайырымдылық себеттері табысталған.
– Биыл «Тайқазан» жобасы аясында жүзеге асырылған қайырымдылық шарасы Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының қатысуымен бастау алып, еліміздің барлық аймағында жалғасты. Осындай бір-бірімізді барынша қолдау мен демеу мақсатында бірлігімізді іспен айқындайтын мезгілде айналамызға байыппен қарап, көмек қажет ететін отбасыларға азық-түлік таратып отырмыз. Бұл бағытта «Зекет» қоры өңір мешіттерімен, қайырымдылық қорлармен бірлесіп, кешенді шаралар атқарып жатыр. Мұқтаж отбасыларға қол ұшын беру – дінімізде аса сауапты амалдардың бірі. Облысқа қарасты қала, аудан мешіттері де өз аймақтарында осы негіздегі жұмыстарды белсенді жасауда. Жыл басынан бері демеушілердің қолдауымен «Қайырымдылық – қайырлы іс», «Берекелі жұма», «ҚМБД қайырымдылық жаршысы» атты қайырымдылық жобалары тұрақты түрде өткізіліп келеді, – деген облыстың бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев халықтың мұң-мұқтажына көңіл бөлетін азаматтар мен қоғам бар кезде осындай игі шаралар жалғасатынын тілге тиек етті.
Алмағайып заманда адамдардың бір-біріне демеу болып, мейірім шуағын шашып, қол ұшын созуы мына жарық дүниені нұрға бөлейді. Сондықтан да болар, қазіргі таңда мемлекет тарапынан да, қолы ашық кәсіпкерлер мен жомарт жандардың тарапынан да қайырымдылық жасау тұрақты ұйымдастырылатын ізгі іске айналды. Лайым, игі істің бастауы болып жүрген азаматтарға Алланың нұры жаусын!

Айжан Өзбекова

Leave A Reply

Your email address will not be published.