«Қайырымдылық жасау – анамнан дарыған қасиет»

0 109

Меруерт Лештаева, кәсіпкер-меценат:

Менің анам Жуалы ауданында 1937 жылы дүниеге келген. Анамның аты-жөні – Махатова Олжакүл Маматқызы. Әкемнің алдында бір әйелі болған екен, бірақ ол кісі құрсақ көтермегендіктен жеңгесі өзінің сіңлісі, яғни анамызды алып беріпті. Анам Құли руының қызы, Талапты деген ауылдың тумасы. Анам әпкесі екеуі бір әулетке келін боп түсіп, абысын болған ғой. Анам 16 жасында тұрмысқа шығыпты.

«Жігіт айттырып келер уақытта мен пештің үстінде аяғымды салбыратып қойып отырдым. Жігітке ұнамай-ақ қояйыншы, әлі оқуым керек деп ойладым» дейді анам сол кезін есіне түсіріп. Ол кезде енді қазіргідей ұнайды, ұнамайды деген әңгіме жоқ, үлкендер өзара келісіп, тұрмысқа берген ғой. Анам мен әкемнің аралары 6 жас. Әкем қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді екен. Ерте есейген заман болған ғой деймін соған қарағанда. Алдыңғы бір ұлы, кейін егіз ұлдарының біреуі шетінеген. Ары қарай балалары тұрақтапты. Үш ұл, екі қызбыз. Анам тәртіп бұзсақ, ұрысып-ұратын. Аямайтын. Таяқпен өстік. Айтқанда да қатты, сүйекке жеткізіп айтатын.
31 жасында әкем қайтыс болып, анам бес баламен жесір қалды. Сол кезде бауырларымның үлкені он жаста болса, ең кішісі тоғыз немесе он айлық сәби еді. Анамыздың жүрегі ауыратын. 1982 жылы Алматы қаласында ота жасатып, 6 айдай ем алып шықты. Әрі сол отадан соң мүгедектік алып, жұмысқа жарамсыз болып қалды. 1982 жылы анамыздың жүрегіне ауыр ота жасалып, бірінші топтағы мүгедек болғаннан кейін жұмысқа мүлде жарамады. Әкеміздің дүние салғанын әжеміз – әкемнің анасы көтере алмай, жетпіс жасында қос жанары көрмей қалды. Анам әжеме көз болып, үнемі иығынан жетектеп жүретін. Онымен қоса колхозда жұмыс істеп, бізді бағып-қақты. Бала кезімізде қиыншылықты көп көрдік. 1982 жылы мен сегізінші сыныпты бітіргеннен кейін қалаға көшіп келдік. Анамыз жүрегінен сырқат алса, ағаларымның бірі әскерге кетіп, бірі оқуға түсті, бірі қалаға жұмысқа тұрды. Үйде ес тұтарлық адамнан сіңлім екеуміз ғана қалдық. Ауылдағы үйді сатып, қалаға көшуімізге осы жайт себеп болды. Ол кезде анам 45 жаста. Қаладағы үйіміздің маңында 3 қабатты мекеме болатын, анам түнде күзетсе, күндіз сол жердің еденін жуып пұл тапты. Сіңлім екеуіміз түнде анамызбен түнгі күзетшілікте бірге барып қонып, азанда үйге қайтатынбыз. Бір тынығып алып, анамызға қолғабыс етіп сол нысанды жуысатын едік. Анамыз жүрегі де, мінезі де жұмсақ кісі болатын. Адамдарға жақсылықты көп жасайтын. Қазір менен қайырымдылықты көп жасайсыз, оған не себеп деп сұрап жатады. Оның себебі біреу ғана, бұл анамнан берілген қасиет деймін. Себебі өзіміз ауылдан қалаға көшіп келгенде қаржы жағынан қатты қиналдық. Кейде жеуге тамақ таппай қалған да кезіміз болатын. Бірақ соған қарамастан, қалаға оқуға келген туыстарымыздың оншақты баласы біздің үйде тұрып оқыды. Анамыз олардың үйінен бір тиын алмай оқытып, пана болды. Тіпті азын-аулақ зейнетақысы мен жұмысынан алатын қаражатын ұқсатып, оларға киім-кешек пен қажеттіліктерін әперуші еді. Анамыз өте пысық кісі болатын. Әйел затының қолынан келген барлық істі мінсіз атқаратын. Құрақ құрайтын, бізге өз қолымен киім-кешек, қыстық пальтоға дейін өзі тігіп беретін. Дастарқандағы ас мәзірін де керемет дайындайтын. Себебі анам өзге ұлт өкілдерімен жақсы араласып, қонақ күту, дастарқан жаюды солардан көріп жасайтын. Мұндай ананың балалары пысық болуы заңдылық. Қазіргі кезде мейрамханаларымда бірнеше аспаз жұмыс істейді. Кейде біліктілікті арттыру мақсатында тренингтер өткізіп тұрамын. Сол кезде айтатыным бар, егер әйел пысық болса, оның баласы да пысық болады. Еңбек етіп өскен бала әке-шешесіне рақатын көрсетеді. Еңбек еткен бала ешқашан жаман жүріске, бұзақылыққа бармайды деймін. Бүгінгі кәсібім, тірлігімнің барлығы адал еңбек, маңдай тердің арқасы. Мен жұмыс істеуді, тығырықтан шығудың амалдарын анамнан үйрендім. Сексенінші жылдары анамның әпкесі Ташкенттен мал тасып сатуды кәсіпке айналдырды. Демалыс күндері әпкесімен бірге сиыр-жылқыларын сатысып, бізге киім-кешек, керек-жарақтарымызды түгендейтін.
Анам бізге 15 жасқа толмай жатып құрақ көрпе тігуді жік-жігімен үйретті. Сондай-ақ киіз басудан да шебері еді. Көршілес екі ауылдада жалғыз текеметші әрі талдырмаш менің анам болатын. Текеметтің үстіне әртүрлі түспен керемет оюлар салатын. Сол кезде дүйім ауыл менің анама кезекке тұратын. Анам жесірмін демей, бәрімізге ана да, әке де бола білді. Үш ағамды мінездерін жібектей, жігіттік болмысқа тән қылып тәрбиеледі. Екі қызынан да тәрбиесін аямады. 4-сыныпта кішкентайсың демей, сиыр саууды үйретті. Ташкентке саудаға кеткенде 5-сыныпта оқимын, 5 сиырды сауып, одан қаймақ жасап, сүтті ұйытып, қалтаға құйып, құрт жасап қоймасам анама жақпайтынмын. Сонымен бірге үлкенге қарап сөйлемеуді, кішіге үлгі болуды үйретті. Себебі оның барлығы өз бойында да болатын. Анам әкем мен әжеме бағыштап мал сойып, ағайын-туысты жиып Құран оқытып тұратын. Соның өзі біз үшін үлкен тәрбие болды. Менің бет-әлпетім анама емес, әкеме ұқсаған. Анам аққұба келген, жинақы, бойы тіп-тік, көзі бақырайған сұлу кісі еді. Тіпті қартайған шағында да ақ жаулығын жамылып, жарасымды апа болып жүрді.
1997 жылы анам 60 жасқа толды. Анамның сол бір тойын жасап бере алмағаныма қатты өкінемін. Өзімнің де балаларым кішкентай болды. Жоқшылық кез. Ол уақытта той болатын, бірақ қазіргідей жиі емес. Қазір үлкен кісілердің тойы болса сырттай қарап, қуанғаннан жылап аламын. Ол кезде аға-әпкелері тірі еді, төркіні түгел еді. Олардың басын қосып, анамызды бір қуантып, тойын бермеппіз ғой деп қатты өкінемін.
Анамыз бізді мүлде еркелетпеді. Кейін отбасылы болып, бала-шағаммен үйге келгенде «Мама, осы бізді неге қатал ұстадыңыз. Жұмысқа да аямай салдыңыз» десем, «Ол кезде әкелерің жоқ, еркелеп, басқа жолға түсіп кете ме деп қорықтым ғой» дейтін.
Қазір өзім де анамын, немерем бар. Бірақ әлі күнге анамды сағынамын. Мен ерте жұмыс істеп, үйден кеттім. Бірақ кіші сіңлім Айгүл көп қарады. Қасында болды. Мен материалдық тұрғыдан көмектессем, сіңлім рухани жағынан демеді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.