Sport

Қазақ боксының байрағы жоғары

????????????????????????????????????

Олимпиада алауында жалауы желбіреп, әлем чемпионатында Әнұраны шырқалып, Сары құрлық бәсекелерінде әрдайым абыройы биіктеген Қазақстан бокс мектебіне биыл 85 жыл толып отыр. Осы мерзім ішінде сақа саңлақтарымыз түрлі деңгейдегі байрақты бәсекелерде танылып қана қоймай, егемен елімізді «бокс державасына» айналдырды.

Жалпы, бокс өнерін елімізге алғашқылардың бірі болып Шоқыр Бөлтекұлы әкелгені тарихтан белгілі. Бейнелеу өнеріне бейім болған Шоқыр Бөлтекұлы суретші болу мақсатында Баку мен Киевтегі сурет институтына оқуға түседі. Білім ордасында оқып жүріп, бокс үйірмесіне қатыса бастаған ол 1936 жылы елге оралады. Осы тұста Бүкілқазақстандық спартакиада ұйымдастырылып жатады. Спорт бағдарламасына бокс жекпе-жегі де енгізіледі. Бірақ, бұл жарыста Шоқырға шақ келер қарсылас табылмайды. Осы кезден бастап ел басшылары бокс спортын дамыту керек деп шешіп, Шоқырды Мәскеу мен Ленинградқа тәжірибе алмасуға жібереді. Қазақ бокс тарихы дәл осы жерден бастау алып, сол жылдың қазан айында Қазақстанда тұңғыш бокс үйірмесі ашылады. Жалпы, Шоқыр Бөлтекұлы боксшы ретінде 223 рет шаршы алаңға шығып, оның 199-ында жеңіске жеткен.
Батыр тұлға кейіннен Опера және балет театрының бір бөлмесін жалдап, шәкірт тәрбиелеп, жастарды боксқа баулиды. 1947 жылы Мәскеуде өткен Кеңестер одағының бiрiншiлiгiне Қазақ елiнiң құрама командасын Шоқыр атамыз бастап барады. Оның мектебiнен Мақсұт Омаров, Әбдiсалан Нұрмаханов, Серiк Әбдiнәлиев, Виктор және Владимир Каримовтар, Асқар Құлыбаев секiлдi талантты боксшылар тәрбиеленіп шығады.
Осылайша қазақ бокс мектебінің негізі қаланғаннан кейін Қазақстан құрамасы дербес мемлекет ретінде әлем чемпионатына 1993 жылдан, Азия чемпионаты мен Азия ойындарына 1994 жылдан, Олимпия ойындарына 1996 жылдан бастап қатыса бастайды.
Тәуелсіздік алған тұста ел мерейін үстем еткен Атланта Олимпиадасының чемпионы, екі дүркін әлем біріншілігінің қола жүлдегері, Азия чемпионы, «Вэл Баркер» кубогының иегері Василий Жиров, Олимпиада чемпионы, жерлесіміз Ермахан Ыбыраймов пен Олимпия ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері, әлем және Азия чемпионы Болат Жұмаділов, «Вэл Баркер» кубогының иегері жамбылдық Бақтияр Артаев, Бақыт Сәрсекбаев, «Техникасы ең шебер боксшы» атанған Серік Сәпиевтердің жетістігін ауыз толтырып айтуға тұрарлық.
Десе де, Қазақстан бокс федерациясына Тимур Құлыбаевтың президент болып келуімен қазақ боксы жаңа дәуірді бастан кешеді. Ал, 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасынан кейін ұлттық құрама тізгінін Дамир Буданбековтен қабылдап алған Мырзағали Айтжанов ерен еңбегімен ерекшеленеді. Ол екі Олимпиадалық цикл, бес әлем чемпионатына, бес Азия біріншілігіне боксшыларды ұлттық құраманың бас бапкері ретінде алып барған. Боксқа сіңірген еңбегінің арқасында ол 2014 жылы АИБА-ның жыл бапкері атағын иеленеді. Айтжанов ұлттық құрамаға бас бапкер болып келген тұстан бастап, бүгінге дейін бокстан жігіттеріміз Олимпиададан екі алтын, үш күміс және екі қола медаль жеңіп алған. Бес әлем чемпионатында бес алтын, сегіз күміс пен сегіз қола жүлдені құрама қоржынына салған. Ал, Азия чемпионаты мен Азия ойындарында 24 алтын, 14 күміс және 11 қола медаль иеленген. Бұл сөз жоқ, боксшыларымыздан бөлек, бас бапкердің де ерен еңбегі.
Қазақ боксы бұдан бөлек, «Дүниежүзілік бокс сериясында» да лайықты бағасын алып келеді. Бұл тұста «Астана арландары» бокс клубының бас бапкері жерлесіміз Нұрлан Ақүрпековтің тынымсыз тер төгіп жүргенін айрықша атап өткен жөн. Бапкер Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев сынды саңлақтарды Тараз топырағынан түлетіп қана қоймай, «Астана арландарын» да биіктерге жетеледі.
Жалпы, 2010 жылы АИБА-ның бұрынғы президенті Чинг-Куо Ву құрған жаңа «Дүниежүзілік бокс сериясы» (WSB) жобасы көрермендер тарапынан қызу қолдау тауып, жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырыла бастады. Алғашқы екі маусымда қатысатын командалардың саны артып, жоба өзінің өміршең болатынын дәлелдеп тастаған-ды. Міне, биыл WSB турнирінің сегізінші маусымы аяқталды. Бұл жобаға еліміздің атынан «Астана арландары» командасы осымен сегізінші жыл қатарынан қатысып келеді.
Қазақстандықтар арасынан кәсіпқой боксқа алғаш болып Олимпиада чемпионы Василий Жиров кеткені белгілі. «Балқаш жолбарысы» деген лақап атпен белгілі болған отандасымыз кәсіпқой рингте бірқатар табысқа жетіп, WBC және IBF тұжырымы бойынша әлем чемпионы атанды. Жалпы саны 42 кездесу өткізіп, оның 38-ін жеңіспен аяқтады. 32 қарсыласын нокаутқа түсірсе, 3 кездесуінде жеңілген. Бір айқасы тең есеппен аяқталған. Жировтың ізін ала кәсіпқойлар аламанына Геннадий Головкин қосылды. Теңіз асып, АҚШ-қа барып, өзін бүкіл әлемге мойындата бастады. Осылайша 2010 жылдары қазақстандық боксшылар бірте-бірте кәсіпқой боксқа ауысты. Яғни, Геннадий Головкин қазақ боксшыларының кәсіпқой боксқа деген ынтасын оятып, Олимпиада ойындарынан кейін де спортшылар үшін бокс бар екенін дәлелдеп берді. Өйткені, бұған дейін елімізде әлеуеті жоғары деген боксшыларымыздың басты мақсаты – Олимпиадаға қатысу болатын. Сол уақыттағы боксшылар үшін Олимпиада – бокстың ең биік шыңы болып есептелетін. Ал қазіргі уақытта бокстың ең биік шыңы – кәсіпқой бокс рингі екені даусыз.
Қазіргі таңда мұхит асқан 20-ға жуық отандасымыз кәсіпқой бокс шаршы алаңында жекпе-жекке шығып жүр.
Иә, Қазақстан бокс мектебі ғасырға жуық уақытта осындай биік белестерді бағындырды. Сондай-ақ, бұл тұрғыда Жамбыл бокс мектебінің де сіңірген еңбегі орасан. Кәсіпқой бокстан қазақ ұлтынан шыққан тұңғыш әлем чемпионы Марат Мәзімбаевтың Әулиеата топырағында туылғанының өзі біз үшін үлкен мақтаныш. Бүгінде Мәзімбаев туған топырақта спорт саласын дамытуға өлшеусіз үлес қосып келеді.
Әрине, бір мақалада бүкіл мақ­та­ныш­тарымызды түгендеп шыға алмас­пыз. Алайда, бұл жетістіктермен Қазақстан, Жамбыл бокс мектептерінің табыстары толастамайтыны даусыз.
Ұлы Дала елі әлі талай толағайларды тудыратынына бек сенімдіміз.

Саятхан САТЫЛҒАНОВ

ПІКІР