Қазақ елі, самға көкке сән құрып, Мейіріміңе қарыздармыз мәңгілік!

0 1

Қазақстан – құтты мекеніміз

Сабри АСАНОВ,
«Барбанг» күрді этномәдени бірлестігінің Жамбыл ауданындағы өкілі:

– Алғыс aйту күні – тағдырдың сынына ұшырап, Қазақстан жеріне еріксіз қоныс аударған түрлі этностардың миллиондаған өкілдерінің құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына деген тағзымның белгісі. Қазақ елі қилы заманда олардың басына түскен ауыртпалықты қайыспай бірге көтере білді. Бұл бүгінгі таңда еліміздегі түрлі этнос өкілдерінің арасындағы адамгершілік қарым-қатынастың үлгі-өнегесіне айналып келеді. Даналардың данасы атанған Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй «бауырым» деп» деген өсиетін халқымыз естен ешқашан шығарған емес.
Қарап отырсақ, сол бір қиын-қыстау кезеңде Қазақстанға қоныс аударуға мәжбүр болған халықтардың есесі кетіп отырған жоқ, төрт түлігі түгел. Бірнеше этностың мәдени ошақтары да, мектептері де жұмыс істеп жатыр. Кәсіппен айналысамын дейтіндердің жолы ашық. Қазақ жерінде болашағына алаңдамай, ұрпақ өрбітті.
Мұнда Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы, сарабдал саясатының үлесі зор. Алғыс айту күні – соның жемісін көретін күн, ынтымақ пен бірліктің, қарашаңырақтың қасиетін сезіндіретін мереке.

Еліміздің рухани мерекесі

Махмұджон ДАВРИШЕВ,
«Ахыска» түрік этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы:

– Осымен алтыншы жыл қатарынан көкөзек көктемнің алғашқы күні елімізде Алғыс айту күні мерекеленіп келеді. Өткен ғасырдың 30-жылдарында қазақ жеріне батыс пен шығыстан жүздеген ұлт өкілі жер аударды. Сондықтан 1 наурыз – репрессияның қиын жылдарында қаншама этносты жылы қабылдап, олармен баспанасын бөліскен қазақ халқына үлкен ризашылығымызды білдіретін күн.
Тәуелсіздік алған уақыттан бері мен облыстың шағын және орта бизнесінің дамуына өз үлесімді қосып келемін. «Ахыска» түрік этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының директоры болып еңбек етіп келе жатқаныма, міне, 10 жыл болды. Осы жылдар ішінде мемлекет тарапынан өз мәдениетіміздің ұмыт қалмасы үшін барлық жағдай жасалуда. Бұл күні біз тек алғыс сөздермен шектеліп қалмауымыз керек деп санаймын. Іс-әрекеттерімізбен де бір-бірімізге мейірімділік таныта білуіміз қажет.
Жұмақтың кілті – мейірімділік болса, адам жүрегінің кілті – оның тілі екенін білеміз. Сондықтан тілді білу арқылы қазақ жеріне деген ризашылығымызды білдіру дұрыс әрі әділетті болады. Бір тілде сөйлеу және бір тілде ойлану арқылы біз достығымызды нығайта түсеріміз анық. Яғни бірлігімізді одан әрі сақтау үшін мемлекеттік тілдің айналасында шоғырлануымыз қажет.
Көктемнің алғашқы күніндегі осынау айтулы мейрамда елімізге тыныштық, отбасыларыңызға бақ пен береке тілеймін!

Құрметіміз ешқашан сарқылмайды

Рамзан МАГОМАДОВ,
облыстық «Вайнах» шешен-ингуш мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

– Тәуелсіз еліміздің негізгі бағыты – ынтымағы мен бірлігінде. Бір шаңырақтың астында сан түрлі ұлттың өкілдері ауызбіршілікте тұрып жатырмыз. Осы тұста еш елде баламасы жоқ Қазақстан халқы Ассамблеясының алар орны айрықша екендігін ерекше атап өткім келеді. Бүгінде татулықтың түтінін түтетіп отырған қарашаңырақтың құрылғанына да ширек ғасыр толыпты. Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің атқарып отырған жұмысын бірі білсе, бірі білмес. Алайда елдегі тұрақтылық пен татулықтың тізгінін қалт жібермей қадағалап отырған осы комитет екенін ерекше атап айтқым келеді.
Бүгінгі таңда Жамбыл облысында шешен-ингуш халқының үш мыңға жуық өкілі тұрады. 1990 жылы облыстық «Вайнах» шешен-ингуш мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі құрылды. Бірлестік күні бүгінге дейін облысымыздың барлық аумағында (аудандағы этностармен) жұмыс істеп келеді.
Қазақстанның ауасымен тыныстап, асын ішіп отырған әрбір жан осы елдің өркендеуіне өзінше міндетті деп білемін. Сондықтан да болар, қазақ халқына алғысымыз шексіз!

Leave A Reply

Your email address will not be published.