Қазақ кітабының күні қажет

0 3

Ертең, яғни 23 сәуір – Халықаралық кітап және авторлық құқық күн. Осы атаулы күні әлемнің көптеген елі кітапқа, кітап оқуды ынталандыруға байланысты жалпыхалықтық сипаттағы мерекелер өткізіп жатады. Ал Қазақстандағы іс-шаралар тек кітапханалар деңгейінен аспайды.

Біз кейде «бүгінгі жастар кітап оқы­майды» деп кінәлап жатамыз. Шын­туайтында, елімізде кітапты оқуға үндейтін нақты шараларды ұйымдастыру, кітап оқуға қызықтыру жағы кемшін. Мысалы, Еуропа елдерінде кітап мерекелері жиі өткізіледі. Әсіресе бір-біріне кітап сыйлау үрдісі жақсы жолға қойылған. Бұл – «Буккроссинг» деп аталады, ағылшынша аудармасы «кітаптың айналыста жүруі, қолдан-қолға өтуі» деген мағынаға саяды. Осы идеяны әлемде алғаш рет АҚШ-тың интернет-технология маманы Рон Хорнбекер 2001 жылы енгізген екен. Ол қоғамдық орында бір кітабын қалдырып: «Алаңдамаңыз, бұл – жоғалған кітап емес. Кітапты не үшін қалдырғанымды білгіңіз келсе, сайтқа тіркеліңіз» деп жазып кетеді. Арада жарты күн өтпей, оның сайтына бірден 300 адам тіркелген екен. Автор сайтына кітапты қоғамдық орында қалдырудың «сырын» ашады. Оның шарты қарапайым: үйіңіздегі өзіңіз оқып болған кітапты ел аяғы көп жүретін қоғамдық орынға қалдырып кетуіңіз керек.

Біраз мемлекеттің кітапқұмарлары бұл бастаманы іліп әкетіп, мейрамхана, дәмханаларға, дүкендердің алдына кітап қалдырып кетуді үрдіске айналдырған. Осылайша, кітап оқитындардың қатары көбейе береді. Бүгінгі күні бұл қоғамдық қозғалыс мүшелерінің саны 1,5 млн адамнан асады және оларға тіркелген азаматтар барлығы 13 млн кітапты қолдан-қолға өткізген. Қазір халықаралық деңгейге жеткен ұйымның сайты ресми түрде www.bookcrossing.com деп аталады. Айтпақшы, мұндай жақсы үрдіске кейбір мемлекеттік билік те үн қосып отырған. Мысалы, Флоренцияның басшылығы бұл қозғалысқа 4 мыңнан астам кітап сыйлап, олар бүкіл қоғамдық орынға таратылған.

Бұдан өзге, әлемде Frankfurter Buchmesse кітап жәрмеңкесі жыл сайын дәстүрлі түрде өтетінін көзіқарақты қауым жақсы біледі.

23 сәуір күні Барселона қаласында да жақсы кітап мерекесі өтеді. Осы күні қаладағы гүл сататын орындарда ала таңнан ұзын-сонар кезек басталады. Ер-азаматтар гүл сатып алады да сүйіктісіне тарту етеді, ал сүйіктісі оларға қайтарым ретінде міндетті түрде кітап сыйлайды.

Ал біздің елде дәл осындай дәстүр­ге айналған кітап шаралары жоқтың қасы. Былтыр карантин кезінде әлеуметтік желілерде кітап оқудан челлендж бастал­ған-ды. Бұл игі бастамаға зиялы қауым өкілдерінен бастап, қарапайым халыққа дейін белсене қатыса бастаған еді. Кейін бәсеңсіп қалды.

Жалпы, кітап оқуға ынталандыратын бастамалар бізде жаппай қолға алынуы керек. Ол үшін Кітап күні, соның ішінде Қазақ кітабының күні жарияланып, оған күллі қоғам үн қосса деген ниет біздікі.

Жалпы, кітап оқу әр отбасынан бас­талуы керек. Үйде кітап жатса, бала оның бетін әйтеуір бір ашатыны анық. Жеткіншекті жасынан кітаппен дос болуға үйретсек, келешекте  білімді ұрпақтың көптеп қалыптасуына да жол салар едік.

egemen.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.