«Қазақ шаңырағы» ойыны – дәстүрді жаңғыртудың дара жолы

0 68

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Дәстүр және ғұрып» арнайы жобасы аясында қазақ ұлттық ойындарын цифрландыру мақсатында патенттелген «Қазақ шаңырағы» инновациялық-танымдық ойынының WEB-қосымшасын ойлап тапты.

Бүгінде цифрландыру – бәсекеге қабілетті экономиканы дамытуды және халқының тұрмыс сапасын жаңа деңгейге көтеруді мақсат тұтқан әлем мемлекеттері жаппай ұстанып отырған тренд. Бұған бел шешіп кіріспеген жағдайда, мемлекеттің болашағы бұлыңғыр болатындығы сөзсіз. Бұл орайда орта білім жүйесін ақпараттандыруды дамытып, білім беру мен ғылымды басқару үдерісін автоматтандырудағы және ІТ мамандарын даярлаудағы негізгі құрал – ұлттық ойындардың да компьютерлік моделін, сонымен қатар мобильді қосымшаларын дайындау аса қажет. Өз кезегінде білім саласындағы цифрландырудың білім беру сапасын арттыруға өз септігін тигізері анық. Өйткені еліміздегі крантиндік шектеулердің өзі қоғамды, әсіресе жасөспірімдерді оқыту мен тәрбиелеудегі қажетті құралдардың барлығын цифрландыруға толықтай көшіру керектігін дәлелдеп бергендей.
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің мақсаты – «Қазақ шаңырағы» инновациялық-танымдық ойынының компьютерлік моделін жасау арқылы қазақ ұлттық ойындарын кеңінен насихаттау, танымал ету, мәдени құндылықтарды тарату екен. Бұл тастарда қазақ дүниетанымына, құндылығына байланысты суреттер бейнеленген. Ойынды 2 ойыншы ойнайды, 1-ойыншы– адам, 2-ойыншы – компьютер. http://qaz-sh.tarsu.kz сілтемесі арқылы ойынға кіріп, оның ережесімен толық танысуға болады. Әзірге ойынды екі ойыншы ғана ойнай алады. Бірақ Дулати университетінің мамандары биылғы оқу жылының соңына дейін ойындағы ойыншылар санын арттырып, тіпті онлайнда адам мен адамның ойнау мүмкіндіктерін қарастырмақшы.
Патенттелген бұл дәстүрлі ойынның авторлары «Спорт менеджмент» кафедрасының аға оқытушылары Бекболат Шилібаев, Дархан Минарбеков және «Дене шынықтыру» кафедрасының аға оқытушысы Жанар Бекбергенова екенін айта кеткен жөн. Олардың айтуынша, ойынды Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жасап шыққан.
– Қазақ ұлттық ойындарының компьютерлік моделін даярлау тәжірибесі жалпы елімізде тың бастамалардың бірі десек болады. Себебі осы уақытқа дейін қазақ ұлттық ойындарының ішінде тек тоғызқұмалақтың компьютерлік моделі мен мобильді қосымшасы бар. Сонымен қатар «Теңге алу» ойынының компьютрлік моделі 2019 жылы Шығыс Қазақстанда даярланған. Содан кейін мұндай тәжірибені Дулати университетінің мамандары қолға алып, «Қазақ шаңырағы» инновациялық-танымдық ойынының WEB-қосымшасын дайындадық. 2019 жылы ойынды министрлік тарапынан патенттеп алдық. Жалпы ойын 63 тастан тұрады. 12 тас жол ашар, 12 тас жалпы болса, қалғандары тарихпен байланыстырылған. Айта кетерлігі, бұл ойынды
2 адамнан 9 адамға дейін ойнауға болады,– дейді «Қазақ шаңырағы» ойыны WEB қосымшасының авторы Ербол Мусинов.

ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев: «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет…» деген болатын. Бұл орайда қазақ ұлттық ойындарына заманға сай формат берудің өзі – рухани жаңғырудың бір бөлігі екені даусыз. Оның ішінде «Қазақ шаңырағы» ойынының компьютерлік моделі көптің көңілінен шығып, дами түсетіндігіне сенім мол.

Шынболат Сейдуалиев

Leave A Reply

Your email address will not be published.