Қазақ телевизиясының қаранары

0 6

Қазақ руханиятының қаранар қайраткерлері қатарындағы бірегей тұлғалардың бірі Нұртілеу Иманғалиұлы курстас досым еді. Жай ғана дос емес, сырымыз да, жырымыз да ортақ жан дос. Бұл жерде «жырымыз» деп отырғаным журналистік шығармашылығымыз ғой. Нұртілеу қашанда қатарларынан ерекшеленіп тұратын. Өзі де жаңалыққа жаны құмар, өзгеше бір мінездің иесі еді-ау. Жаңашылдығымен қатар жанашыр да болатын. Серілігі тағы бар. Іс-әрекетінен сөйлесе сөздің шешені, бастаса топтың көсемі – «бөрілігін» де аңғару қиын емес. Бір сөзбен айтқанда, сегіз қырлы, бір сырлы.

Нұртілеу журналистика саласына мамандық деп қана қарамай, оны ғылым деңгейіне көтерген кәнігі кәсіби маман болды. Өйткені ол үнемі ізденіс үстінде жүретін, жаңалыққа жаны құмар жан еді. Сол қасиетімен ел журналистикасына, телевизия саласына жаңа леп, соны серпіліс әкелді. Әсіресе «Бетпе-бет» хабарындағы «Бай, қуатты болайық!» деген эфир соңындағы бір ғана тілегі арқылы көрерменге, қазаққа рухани күш беріп, рухани демеп келді. Хабарлары арқылы бай тіліміздің тазалығы үшін де аз еңбек сіңірмеді.
Бойында осындай санқилы қасиеттер тоғысып жатқан саңлақ, асыл азамат Нұртілеу Иманғалиұлымен өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының басында, анығын айтсам, 1972 жылы, еліміздегі жоғары оқу орындарының қарашаңырағы, ту ұстары Қазақ мемлекеттік университетінің табалдырығын бірге аттаған едік. Содан бері – бірі кем жарты ғасыр.
Курсымызда кіл мықтылар. Қазақ ән өнерінің өрен жүйрігі Жәнібек Кәрменов, өлеңдері сол кезде-ақ республикалық басылымдарда жарық көріп, ақындық атағы жер жарып тұрған Ұлықбек Есдәулетов, жақсы жазуымен жастар басылымдарын жаулап алған Гүлсім Мұқышева, әндері Қазақ радиосынан жиі беріліп тұратын Торғайдың топжарғаны Қонысбай Әбілев… Курсымызда алғашқылардың қатарында жазушылық талантымен танылған Серік Жанәбіловтің айтатынындай, біз кімдермен оқымадық! Нұртілеу сол жақсы мағынасындағы кімдердің бірі де бірегейі санатында.
Өзің жайлы өткен шақта сөйлеу қандай ауыр! Бірақ ауыр да болса, айтуға тиіспін. Өйткені Сенің өзгеше бір қылықтарың өзінен-өзі сұранып тұрады айтуға. Өзің жиі айтатыныңдай, әркімнің патша көңілі жоғары. Курстағы кіл мықтылардың ішінде кім мықтысын кейін өмірдің өзі-ақ елеп-екшеп ерекшелеп шығарғаны қазір баршамызға аян. Олардың бес жыл алған білімін де, стипендиясын да ақтамай басқа салаға кетіп қалғандары да бар. Журналистиканың арбасына жегіліп, сол арбаны шама-шарқынша сүйреп жүріп жеткен жерімізде «зорығып», зейнеткерлікке шығып кеттік көбіміз. Әлі де арба сүйреп келеді кейбіреулеріміз. Жарамсыз жаңқаша жағаға лақтырып тастамағанына қарағанда қоғамға керек болғаны ғой. Құдай керексіз болудан сақтасын!
Патша көңілді көрерменнің көңіл төрінен, жүрек түкпірінен мықтап орын алған Сен, өзің айтқандай, қоятын сұрақтарың таусылғанға дейін көк сандық арқылы көрермендеріңмен қауышып тұрдың. Ешкімді жалықтырған жоқсың, керісінше талай нәрсеге қанықтырдың. Көрерменді «мынау әлі жүр ме» деп жақтырмайтын емес, «Нұртілеу көрінбей кетті ғой» деп іздейтіндей жағдайға жеткізгеніңді мақтап емес, мақтанып айтамыз бүгінде. Сен өзіңді мақтайтын емес, өзіңмен мақтанатын тұлғаға айналдың достарың үшін! Жақсының жаттығы жоқ, жақсыға достар көп. Олардың бәрі де Сені өздеріне етене, өте жақын санайды. Сөз саптаулары да солай. Айтсын, айта берсін. Тағы да сол өзің жиі айтатыныңдай, ол– әркімнің патша көңілінің еркі. Мен де сол жақын достардың санатында сөйлеп отырмын Сен туралы.
Курстастардың жақын араласатындары мені «шалдың баласы» дейтін. Маған ол атты еншілеген – ұстазымыз Абдул-Хамид Мархабаев. Марқұм әзілге жақын болатын. Тауып сөйлейтін. Сол ағайымыз сені «Мысықтың баласы» дейтін. Себебі Сенің университетте оқып жүргендегі тегің Мысықов еді ғой. Әбекең ағамыздың сол айтқанына еліктедім бе, мен де Сені «Мысықтың баласы» дейтінмін кей-кейде. Неге екенін қайдам, жайшылықта жаныңа жақпайтын сөзге қарсылығыңды түйілген қабағыңмен аңғартатын Сен бұл жолы кіді мінез көрсетпеп едің. Мүмкін, құрдастығымыз себеп болған шығар? Менен басқа жігіттер Сені олай атаған жоқ. Сен бәрімізге «Нұртілеу», «Нұреке» болдың.
Сен – Алматыда, мен – ауылдамын. Сенімен көксандықта күнде жүздесеміз. Ал мен Алматыға анда-санда барғанымда арқа-жарқа табысып, бір жасап қаламыз. Бір-екі рет арнайы шақырып, өзің жүргізетін хабарларыңа да қатыстырғаның бар. Теледидарға шыққанды кім жек көрсін, көңіл көтеріліп қалатын. Бұл да сенің достарыңды көтермелеп жүруді ескере жүретін ерекше қасиетің. Сенің мен сияқты достардың талайын хабарларыңа қатыстырып, риза қылғаныңа кәміл сенімдімін. Көпшілдігің осыдан-ақ көрініп тұр.
Жамбылға жолың түскенде соқпай кетпейтінсің. Сондай бір сапарыңда менің ауданда беделімді көкке көтеріп, апамның алдында «ұялтып» кеткеніңді ұмыта алмаспын өмірі.
Жамбыл аудандық «Шұғыла» газетінде бөлім меңгерушісімін. Әке-шешемнің жағдайына қарай аудан орталығы Асадан 8-9 шақырым жердегі Қаракемер ауылына көшіп барғанмын.
Жаздың ортасы-ау шамасы, бір күні түс қайта: «Сені Мүсірәлиев шақырып жатыр. Барып қайт», – деді бастығым Базар Қилыбаев. Мүсірәлиев Тұрсынхан– аупарткомның бірінші хатшысы.
– Бірінші хатшы шақырса, бас редакторды шақырады да. Менде не шаруасы бар, – дедім мен Базекеңе.
– Шаруасы болған соң шақырған да, – деді бастығым. Жаспыз. Кейде «иістеніп» жүретініміз бар. Содан қуыстанғаным ғой.
Бардым. Аудан басшысының қабылдау бөлмесінде отырған хатшы келіншек Мейраштың иек қағуымен біріншінің кабинетіне ендім. Киелі кабинет қой, сәл-сәл именшектегенім рас.
– О, Болат, кел, кел! – деді Тұрсынхан ағамыз құшуақ қалып. Ол кісінің қарапайым журналист мен түгілі, анау-мынау дөкейлеріңіздің өзіне елпілдей қоюы қиын. Ол көкіректігі емес, мінезінің бірсыдырғы салмақтылығынан шығар. – Достарың күтіп отыр.
Әдетте, жан-жағыңа жалтақтай қарау жараса бермейді ғой азаматқа. Әлгі сөзден кейін байқадым. Сол жақ қабырғаға жағалай қойылған орындықтардың жоғары жағында екеу отыр екен. Біреуі – ақын Өтеген Оралбаев. Екіншісі – Нұртілеу. Досым: «Сәлем, шалдың баласы!», деп қарсы жүріп келеді кең кабинеттің төрінен маған қарай.
Екеуміз құшақтасып табыстық. Өтегеннің, бірінші хатшының қолдарын алып амандастым Нұртілеудің құшағынан босағаннан кейін. Өтеген Оралбаевты Алматыдан танимын. ҚазМУ-дың филфагында бізден жоғары курстарда оқыған. Сол кезде республикалық «Лениншіл жас» газетінде бөлім меңгерушісі. Өтекең мына беріде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағын алды. Мықты ақын екенін осыдан-ақ біле беріңіз.
Түнде ұзақтау әңгімелесіп, кештеу жатқанбыз. Анау-мынау әжік-күжік емес, әдебиеттің әңгімесі. Бірге өткізген жастық шақтың естеліктері.
Жайшылықта сыбағамнан құр қалатындай құлқын сәріден тұрып алатын мені ұйқы басыпты сол жолы. Төсектен тұрып айналама қарасам, Нұртілеу орнында жоқ, Өтекең таңғы тәтті ұйқының құшағында. Сыртқа шықсам, бақшалықтың аяғында біреу қараңдайды. Жақындап барсам – Нұртілеу. Қолында кетпен. Гүлдеп қалған картопты жүйектеп, түбін үйіп жатыр. Жеріміз үлкен болған соң, бақшалықтың аяғына қарай әжептәуір алаңға картоп еге салғанмын. Су арықпен келіп тұр. Жеткілікті. Жуырда ғана суарып алғанмын. Бірақ жүйектеп түбін үюге мойын жар бермей әрі қол тимей жүрген.
– Нұреке-ау, мұның не демалғанның орнына?
Ұялғаным ба, әлде «сасқан үйрек артымен сүңгидінің» кері ме, әйтеуір, осылай сұрақ қойғаным есімде.
– Ой, шалдың баласы, мынауың не, дақылға обал ғой. Түбі қатып, тамырлары буынып, қылқынып тұр. Еккен екенсің, дақылға қиянат жасама. Күтім керек. Ал мына жұмыс маған таңғы дене шынықтыру жаттығуы болды, – деді кетпенмен жүйек жүргізіп жатып. «Қалам мен микрофоннан басқа ештеңе ұстамайды ғой» дейтіндей емес, қолының іске икемділігі көрініп тұр. Маңдайынан шып-шып шыққан тер көкжиектен көтеріліп келе жатқан күн сәулесімен жылт-жылт шағылысады.
– Демалысты күтіп жүргенмін.
Бұл да ұялған тек тұрмастың кері. Нұрекеңнің дене шынықтыру жаттығуымен картоп алқабының басым аумағы жүйектелгеннен кейін үйге кірдік-ау ақыры.
– Несіне әуре болдың, Нұртілеу балам-ау!
Осылай айтуын айтса да, Нұртілеудің тірлігіне ризашылығы көзінен көрініп тұрған апам маған қарағанда сол жанардан «Әне, көрдің бе, досың қандай екенін» деген жазуды оқыдым.
Нұртілеу жақсылап-ақ түптеген екен, сол жылы сол жерден әжептәуір өнім алдық. Апам картоп қосылған тамақ ішкен сайын Нұртілеу баласының сол тірлігіне ризашылығын білдіріп, «өркені өссін» деп батасын беріп отыратын.
Нұрекең бір келісінде ауданда беделімді арттырған, апамның алдында «ұялтқан» оқиғаның желісі осындай.
Алғашында хабарларын Мысық атасының атымен дайындап жүрген досым көп ұзамай «Хабарды дайындаған Нұртілеу Иманғалиұлы» дейтінді шығарды.
Телефон шалдым. Сол баяғы өзімсінген әдет.
– Әй, Мысықтың баласы, жаңалық жасамай жүрмейсің-ау осы. Мына «жаңалығыңа» жол болсын! Бұрынғы тегің тақияңа тар келді ме?
Менің сұрағым да қызық әрі орынсыз. Қанша досым болса да, біреудің тегін қалай өзгерткенінде не жұмысым бар. Нұртілеу шарт кеткен жоқ.
– Әкемнің аты атаусыз қалмасын дегенім ғой. Себебін кейін түсіндіремін,– деді жайбарақат. Әлде менің айтарымды айтып алып, артынан өкінгенім телефоннан көрініп тұрды ма екен? Ол кезде бейнетелефоныңыз тұрғай, ұялы телефон туралы түсінігіміз болған жоқ. «Шетелдерде сымсыз, ұялы телефон пайдаланады екен. Тіпті сөйлескен адамын телефоннан көріп отырады екен» дегенді естігенде түк көрмегендей таңғалушы едік. Сөйтсем, сол жолы ойы озық досым менің ұялғанымды түйсігімен түсінген екен ғой. Қайраным-ай!
Нұртілеудің сол жолғы тегін өзгерткен себебін кейін өзі айтпай-ақ түсіндім. Нұрекең асқаралы 60-қа толған мерейтойына шақырған. Сонда бір-бірден «Нұртілеу» атауымен шығарылған естелік кітап пен суретті альбом сыйлаған. Сол естелік кітаптан «текті адам тегін болмайтынының» сырын ұқтым. Әкесі Иманғали халық ақыны болғанын, анасы 14 құрсақ көтерсе де Нұртілеу ұлдан жалғыз қалғанын, атасы «Мысық болыс» атанғанын…
Кітапты жыр жолдарымен түйіндеген Нұртілеудің «Менің шежірем» деген өлеңіндегі
«…Қатысы маған мұның қаншалықты,
Демеңіз кезінде әркім тамсаныпты.
Құдай-ау, қырық күнде бес ұл өліп,
Біздің үй қанжылапты соншалықты.

Өмір мен өлім солай арбасуда,
Жалғыздық жеті атадан жалғасуда.
Береді, бермейді емес, бірақ бір ұл,
Кеудесін жоғары ұстап маң басуда.
Бір жарым ғасыр солай алмасуда…

…Тегім – Найман, Матайдың Шоқанымын,
Бір ұлымын сөз терген Отанымның.
Шөбересі боламын ел билеген,
Мысық болыс атанған жоталының»– деген шумақтар маған баяғы телефонмен айтылған сөздің сырын сұраудың ешқандай жөні жоқ екенін аңғартты.
Қай қылығыңды айтайын, қайран досым! Сен туралы айтарым таусылмайды. Көп! «Тау алыстаған сайын биіктей түседі», енді сенің екінші өмірің есік ашты. Бақилық өмір, мәңгілік өмір. Сол өмірде Сен әлі әлдебіреулер шыға алмас шыңға айналасың. Сонда Сен туралы жазылады әлі.
…Сол естелік кітапта Нұртілеудің көзі тірісінде-ақ «оның көзін бақырайтып қойып» ол туралы тамаша, кісі таңданатындай ойларын, пікірлерін айтыпты талайлар. Ішінде кім жоқ дейсің, өңшең жақсылар мен жайсаңдар, ығайлар мен сығайлар, мүйізі қарағайдайлар, тағы сондай-сондайлар. Бірақ бәрі де шынайы шындықты жазыпты. Мен білетін Нұртілеу көлгірсуді көп ұнатпайды. Оның ұстанымы – шындық. Шындықты сүйеді. Кітапта естелік-пікірлері жарияланғандар да оның осы мінезін білетін сияқты мақалаларының мазмұнына қарағанда.
Осының бәрін оқып-біліп отырып Нұртілеу туралы мақтау сөз айту – артық. Мен де мақтау сөз айтпаймын, осындай досым болғанына мақтанамын.
Оның марапаттары туралы да сөз қозғағым жоқ. Менің түсінігімде, жазбажурналист үшін оқырманның, радиожурналист үшін тыңдарманның, тележурналист үшін көрерменнің махаббатынан артық марапат жоқ. Нұртілеу– көрерменінің махаббатына бөленген журналист. Оның бақыты да осы. Сол бақыттың құшағында бақилыққа аттанып жүре берді. Алланың әмірімен, Жаратушының қалауымен. Оған пенденің шарасы жоқ. Сондай шарасыздықтан мен де «Бақұл бол, досым! Жайың жаннаттан болып, пейіште нұрың шалқысын!» деймін шын жүректен қимастық көңілмен.
Басқа не дейін?!

Болат ЖАППАРҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,

Тараз қаласы

Leave A Reply

Your email address will not be published.