Қоғам

Қазақ тілі ғылым тіліне айнала алды ма?

Written by Aray2005

«Memlekettіk tіl jáne BAQ» baıqaýyna

Замана көшімен ХХІ ғасыр табалдырығын тәуелсіз елдің мемлекеттік тілі ретінде аттаған қазақ тілін дамытудың ендігі бағыт-бағдары оның қолданыс аясын мейлінше кеңейтуден көрінеді. Бұл дегеніңіз қазақ тілін күнделікті қарым-қатынас құралы болуымен қатар жаңа технология мен ғылымның тіліне айналдыру міндетін жүктейді.

Оған қоса Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының нысаналы индикаторлары да ғылымды қазақшалаудың заман талабы екенін айшықтай түседі. Аталған бағдарламаға сай ағымдағы жылы қазақ тілінің терминологиялық қорының үлесін 100 пайызға жеткізу көзделген. Терминологиялық комиссияға биыл 27 мың терминді бекіту міндеті тұр. Осы статистикалық деректердің өзінен-ақ елімізде қазақ тілін ғылым тіліне айналдырудың алғышарттары жасалғанын көрсетеді. Өз кезегінде бұл бастамалардың баяндылығы мен өміршеңдігін кезең-кезеңімен қазақшалана бастаған ғылым саласының өкілдері де алға тартады. Тек бұл істе әлі де ескерілуі керек жайттар мен шешімін күткен мәселелер де жеткілікті.
Жасыратыны жоқ, адамзаттың ортақ жетістігі саналатын жаңа технология мен ғылымды қазақшалау мүмкіндігіне көбіміз күмәнмен қараймыз. Басқаны былай қойғанда аптадағы 7 күн мен жыл ішінде 12 айдың атауын қазақ тілінде айта алмай жүргенде физика мен химия, медицина мен құқықтану сынды салалардың күрделі кәсіби терминдерін ана тілге аудару мүмкін еместей көрінетіні бар. Дегенмен салалық бағдарлама көмегімен бұл бағытта ілгерілеушілік байқалған.
Оны біз сөзге тартқан ғалымдардың барлығы да растады. Олардың пікірінше қазақ тілін ғылым тіліне айналдыру отандық ғылым үшін ауадай қажет. Ал бұл істе латын әліпбиіне көшу бастамасының рөлі айрықша.
– Қазір дүниежүзінде 7111 тіл бар. Алайда әлемде әр 2 апта сайын 1 тілдің «өлуі» ойланатын жағдай. ЮНЕСКО дамыған Еуропаның өзінде 50 тілдің тағдыры құрдымға кетудің алдына тұрғанын мәлімдеді.
Бұл орайда тәуелсіздік алған 30 жылға жуық уақыт ішінде қазақ тілінің мәртебесі артып келе жатқаны қуантады. Оның айқын дәлелін біз шетелдің танымал кино туындыларын қазақ тілінде сөйлеткен кинотеатрлардан көріп жүрміз. Интернетте де қазақ тілді контенттің үлес салмағы жыл санап арта түсуде. Осы жағдайлардың өзі қазақ тілінің келешекте ғылым тіліне айнала алу мүмкіндігінің жоғары екенін көрсетеді.
Оған қоса осыдан 3 жыл бұрын жарық көрген Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында латын әліпбиіне көшу бастамасы көтеріліп, оны жүзеге асырудың нақты алгоритмі де бекітілді. Бүгінде әлем елдерінің 70 пайызы білім алып, ғылымды игеруде латын жазуына иек артатынын ескерсек, бұл бастаманы қазақ тілін ғылым тіліне айналдырудың құтты қадамы деп санауға болады, – дейді Назарбаев Университеті «Материалды өңдеу және қолданбалы физика» зертханасының ғылыми қызметкері Олзат Тоқтарбайұлы.
Әріптесінің бұл ойымен химия ғылымдарының PhD докторанты Саят Мамешова да келіседі. Жас ғалым соңғы онжылдықта ғылымның жаратылыстану бағыты да қазақшалана бастағанын айтады. Тек ғылыми аудараманың «әттеген-ай» дегізер тұсы көп.
– Қазіргі уақытта ғылыми ізденіспен айналысып жүрген жас ғалымдардың бірі ретінде қазақ тілінде жазылған ғылыми еңбектердің әлі де аз екенін айта аламын. Салаға қатысты материалдардың дені орыс және шет тілдерде жазылып, сол тілдерде ғылыми техникалық басылымдарда жарияланады.
Бір қуанарлығы соңғы он жылда ана тілімізде жазылып, аударылған жаратылыстану бағытындағы басылымдар саны көбейе түсті. Бірақ ондағы деректер түпнұсқадағы ғылыми тұжырымдаманың 30-40 пайызын ғана түсіндіре алады. Кейбір жағдайда материалдың жазылу стилі мен терминдер дұрыс аударылмағандықтан түпнұсқамен қайта жұмыс істеуге мәжбүр боламыз.
Осы бір олқылықтың орнын толықтыру үшін ғылыми басылымдарда ғылыми мақалаларым мен ой-тұжырымдарымды мүмкіндігінше қазақ тілінде жариялап жүрмін. Оған қоса әлемнің әр қиырында өтетін ғылыми-тәжірибелік конференцияларға қазақ тіліндегі мақала жіберемін. Олардың көбі қазақ тіліндегі жұмыстарды да қабылдай береді. Қазақ тілін ғылым тіліне айналдыру үшін барша әріптестерімді дәл осылай әрекет етуге шақырамын, – дейді Саят Әлішерқызы.
Расында ғылымға бет түзеудің «әліппесі» саналатын қазақ тіліндегі ғылыми оқулықтардың жеткіліксіздігі өте өзекті мәселе. Мемлекеттік тілдегі сапалы оқулықтың болмауы жастардың ғылым теңізіне тереңнен бойлай алмауының бірден-бір себебі саналады. Осы орайда заң ғылымдарының кандидаты Думан Мәуленов қазақ жастары құқықтану ғылымын толыққанды меңгеруі үшін ең әуелі қазақ тіліндегі сапалы ғылыми кітаптарды басып шығару қажеттігін тілге тиек етеді.
– Меніңше құқықтануды меңгеріп жатқан студенттер қазақ тілінде жазылған, ғылыми негізделген оқулықпен білім алуы керек. Ал біздегі құқықтану салалары бойынша қазақ тілінде басылып шыққан бірлі-жарым оқулықтың өзі ескі заңнамаға сүйеніп жазылған. Сондықтан студенттер интернеттегі шаласауатты материалдармен білімін толықтырып жүр. Тоқсаныншы жылдардың аяғында білім алған менің замандастарым оқу процесінде 95 пайыз орыс тілді оқулықтарын пайдаланды.
Ал тәуелсіздіктің құрдасы немесе одан кейінгі буынға жататын бүгінгі жастарды орыс тілін жетік меңгерген деуге келмейді. Сондықтан оларға білім ана тіліміздегі оқу құралдарымен берілуі керек. Ол үшін заң саласында қазақ тілінде оқу құралдарын дайындайтын авторларға мемлекет тарапынан материалдық ынталандыру жасалуы қажет. Мен бұл мәселемен Әділет министрлігі шындап айналасуы керек деп санаймын.Өйткені кітап шығарудың шығыны жетіп артылады. Ғалымның жеке қаржысымен басылған 500 дана кітап республиканың барлық кітапханасына жетпейді. Сол себептен де, салалық министрлік тым болмаса құқықтанудың басым салаларын анықтап, солар бойынша қазақ тілінде ғылыми еңбектердің жазылуына мұрындық болуы керек деп ойлаймын, – дейді Думан Болатұлы.
Өз кезегінде филолог-ғалымдар да ғылымды қазақшалауда ескерілуі керек көптеген жайттың бар екенін айтады. Мәселен Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Сейсекүл Исматова халықаралық терминдерді аударуда әлі де кәсіби көзқарастың жетіспей жатқанын алға тартады.
– Халықаралық терминдерді дұрыс аудармаудан құлаққа түрпідей тиген сөздер қолданысқа еніп кетті. Олардың кейбірінің мағынасы тіпті күлкіңді келтіреді. Ғылымды қазақшалауда әлі де шынайылық пен жаңашылдық жетіспей жатқаны жасырын емес.
Осы орайда мен тілші-ғалым ретінде қазақ халқымен бірге жасасып келе жатқан төл сөздерді ғылыми айналымға кеңінен енгізуді ұсынамын. Тарихы қазақ халқы пайда болған кезеңнен бастау алатын байырғы сөздерді саралайтын кез жетті. Ғылымның бір саласы ретінде филологияны қазақ тілді ету үшін осы мәселеге баса назар аударымыз қажет, – дейді С.Исматова.
Ал филология ғылымдарының докторы Сәмен Құлбарақ қазақ тілінің ғылым тіліне айнала алғанын қуаттайды. Өз кезегінде ғалым ғылымның жекелеген салаларының өкілдеріне ең әуелі мемлекеттік тілді меңгеруі қажеттігіне назар аударады.
– Өкінішке қарай ғылымның кейбір саласының өкілдерінің мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі талапқа сай келмейді. Әйтсе де техника мен медицина сынды ғылым салаларында қазақша терминдердің көптеп орнығуы қуантады.
Қазақ тілтану ғылымының бастауында тұрған Ахмет Байтұрсынұлының өзі тіл, әдебиеттану сынды ғылымның жекелеген салаларында ұлттық термин ұғымын қалыптастыра алды. Ауыл шаруашылығы саласына енгізген ғылыми атаулары әлі күнге дейін ғылыми-көпшілік қолданыста, – дейді Сәмен Оразғалиұлы.

Шынболат Күзекбаев

ПІКІР