Қазаққа «келінжан» керек!

0 3

Жылдар бойы сыннан бір көз ашпаған отандық киноиндустрия саласында соңғы жылдары аз да болсын ілгерілеушілік байқалады. Десек те «әттеген-ай» дейтін тұстарымыз әлі де аз емес. Тіпті көп. Әсіресе жыл санап саны артып жатқан отандық телехикаялар жайында сөз қозғағанда күмілжіп қалатынымыз рас. Саны артқанын қайтейік, бастысы сапа өспесе.

Кинотанушы, киносыншы емеспіз, әрине. Көп көрерменнің бірі ретінде айтсақ, қазіргі көп телехикаяда жасандылық көзге ұрып тұрады. Қазақ қоғамынан мүлдем алшақ. Ұлттық мінез, болмыс өте сирек. Шыны керек, кейде кино көріп отырып режиссерінің, сценарисінің қазақ екеніне күмәнмен қарап қалатын кездеріміз де болады.
Мәдениеттанушы, киносыншы Әсия Бағдәулетқызы осыдан үш жыл бұрын берген сұхбатында «Мен деген режиссерлеріміздің бәрі емес, бірақ көбі дүниеге орыс әдебиетінің терезесінен қарап қалыптасқандар. Режиссерлерімізде бәрі бар. Білім, интеллект, талғам, кейбірінде тіпті өзіндік киноның тілі, стиль, қолтаңба… Тек қана бір-ақ нәрсе жетіспейді: ұлттық таным, ұлттық психология. Өнер картасында із қалдырам деген кез келген өнерпазға өзін өзге елдің данышпандарынан ерекшелейтін ұлттық таным керек алдымен. Қандай кино түсірсең де қазақ танымымен, қазақ психологиясымен біте қайнастыру керек. Өкінішке қарай, киноларымыздың көбінен жапсырынды дүние екені байқалып, жамау жіптері одырайып тұрады. Жап-жақсы идея, бірақ түсіргенде жасандылыққа ұрынады. Ұлттық таным болмаған жерде көркемдік шындық жапа шегеді» деген екен.
Одан бері де үш жыл өткен екен. Бірақ, өзгерген ешнәрсе жоқ. «Баяғы жартас, сол жартас». Сыншы Әсия Бағдәулетқызы айтқандай, көркемдік шындық әлі де жапа шегіп жатыр. Көркем фильмдерде де, телехикаяларда да…
Ұзақ жылдар бойы жапа шегіп келген көркемдік шындықты өткен жылы «Хабар» агенттігі «Келінжан» арқылы қайта «тірілтті». Кейінгі жылдарда көрерменге жол тартқан «Ғазиз жүрек», «Қашқын», «Жаңғырық», «47 баланың анасы», «Тайталас», «Күләш», «Қыз жүрегі», «Арман жолында» сынды жалғасып кете беретін отандық телехикаялардың ешбірі «Келінжан» секілді көрерменнің көңілінің төрінен орын ала алмады. «Келінжан» халықтың сусаған көңілінің шөлін басты. Бұрын кәріс, түрік сериалы десе ішкен асын жерге қоятын қазақ көрермені енді «Келінжанды» тағатсыздана күтті. Осындайда еске түседі. Өткен жылы қыста ауылдағы қарашаңырақта «соғымбасын» бердік. Қонақтар шай ішіп бола бергені сол еді, келесі бөлмеден «Келінжан» басталды» деген дауыс шықты. Сол-ақ екен дастархан басындағылардың үлкені бар, кішісі бар, өре түрегеліп, көк жәшіктің алдына барып жайғаса кетті. Ет түсірілгелі жатқан, ол жайына қалды. «Жарты сағатқа күте тұрыңдар. «Келінжан» көріп алайық! Күтпейміз десеңдер, сыбағамызды бөліп-бөліп салып қойыңдар. Жемесек те үйге алып кетейік», деді немересін алдына алып жайғасқан көрші әже. Адуынды әжеге кім қарсы сөз айтсын? Сөйтіп телехикаяның бітуін күттік. Кино біткеннен кейін де қонақтардың әңгімесі тек «Келінжан» болып, тарқағанша ырду-дырду болып талқылаумен болды.
Ғаламторда да «Келінжанның» қаралымы рекордтық көрсеткіш көрсетті. «You Tube» видеохостингі арқылы телехикаяның алғашқы бөлімін он күннің ішінде 2 миллионнан астам көрермен тамашаласа, бүгінге дейін алғашқы маусымының барлық 24 бөлімі 50 миллионға жуық қаралым жинапты. Қазіргі көрерменнің талғамы тым жоғары екенін ескерсек, мұндай көрсеткішке жету оңай емес.
Жуырда телехикаяның екінші маусымы біршама уақыт үзілістен кейін көрерменмен қайта қауышты. Бүгінгінің тілімен айтқанда, екінші маусымының да әр бөлімі трендте. Көрерменнің де ықыласы ерекше. «Хабардың» «YouTube» видеохостингіндегі арнасында жазылған пікірлердің соңына жету мүмкін емес. «Керемет кино. Өмірден алынған жағдайлар. Кейіпкерлері де нағыз ауылдың қарапайым адамдары. Нағыз қазақтың киносы», «Шетелге еліктемей-ақ кино түсіруге болады екен ғой», «Ауылдың тұрмыс-тіршілігін бүкпесіз, бояусыз суреттеп, күнделікті қайнаған өмірдің қызығы мен шыжығын көгілдір экранның арғы жағындағы сарыла күткен көрерменге керемет жеткізген», «Өте тамаша. Отыз жылдан бергі қазақ телехикаяларының ішіндегі ең үздігі», «Кино арқылы алғаш рет қазақ ұлтының болмысын, бейнесін «Келінжан» сериалынан көріп отырмын. Рахмет, сіздерге!», «Жаңадан шыққан кинолардың бәрінде зәулім коттедждерді көрсетеді. Бар қазақ солай тұратындай. Осы кинода нағыз ауыл өмірі», «Бірінші маусым аяқталғаннан бергі үзіліс аралығында кейіпкерлерді сағынып қалыппын. Екінші маусымын көріп, құдды бір туыстарымды көргендей болдым. Ең бастысы отбасыңмен отырып көре алатын телехикая» деген толассыз алғыс жаудырған пікірлерден көз сүрінеді. Себебі «Келінжан» нағыз қазақы тұрмысты, отбасылық құндылықтарымызды, келін мен ене арасындағы қарым-қатынасты әдемі әзілмен, қағытпа қалжыңмен боямасыз жеткізе білген. Кейде көрерменнің езуіне еріксіз күлкі үйірсе, енді бірде көз көбелерін жасқа толтырып, терең ойға батырады. Ең маңыздысы жасандылықтан ада. Тек шындықпен өрілген. Сондықтан да екі маусымы да көрерменнің көзайымына айналып, жүрегіне жол тапты.
Ал телехикая режиссері, сценарийін жазған Гүлнұр Мамасарипова көрермендердің сусаған көңілінің шөлін баса отырып, көп әріптестеріне үлгі-өнеге көрсете білді. Зәулім-зәулім сарайларда, шетелдерде түсіріп, кейіпкерлерін бай-бағлан етіп көрсетпей-ақ, ең бастысы қазақы болмыстан, мінезден алшақтамай үлкен туынды жасауға болатынын дәлелдеді. Сол үшін де Г.Мамасариповаға мың алғыс.
Қазаққа Еуропаға еліктеген, сырты жылтыр, ішкі мазмұны мәнсіз телехикаялар емес, қазаққа өне бойынан қазақылықтың исі аңқып тұратын «Келінжан» керек!

Талғат Нұрханов

Leave A Reply

Your email address will not be published.