Қазақстан-АҚШ: Әріптестік қос тарапқа да тиімді

0 7

Кеше облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Америка Құрама Штаттарының Алматы қаласындағы өкілдігінің Бас консулы Эрик Майердынды қабылдады. Қонақты жылы шыраймен қарсы алған аймақ басшысы АҚШ-пен өзара қарым-қатынастың бүгінгі таңда беки түскенін, әсіресе, әлеуметтік-экономикалық, мәдени және басқа салаларда ілгерілеу бар екенін атап өтті.

– Америка Құрама Штаттары Қазақстан егемендік алған күннен бастап жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Нәтижесінде екі мемлекет арасындағы экономикалық, сауда, саяси қатынастар күннен-күнге нығайып келеді. Әсіресе АҚШ-пен экономикалық әріптестік үлкен жетістіктерге жетеледі. Бір ғана әлі аяғынан тұрмаған жас тәуелсіз мемлекетке салынған тұңғыш ірі инвестиция – «Шеврон» компаниясын атап өтуге болады. Компания құрылғалы өркениетті еңбек қарым-қатынасын әкелді, мықты мамандардың легін өсірді. Қазірге баламасы жоқ мұнайды шын мәнінде адам баласының игілігіне қызмет еткізіп келеді. Ауқымды шаралар компания қызметіне ғана емес, аймақтың да өміріне үлкен өзгерістер әкелді. Қазақстанға осы саланың халықаралық стандарттары келді. Өндіріске озық технологиялар әкелінді.

АҚШ-тағы халықаралық ұйымдар да еліміздегі, облысымыздағы денсаулық сақтау саласындағы және әлеуметтік мәселелердің шешілуіне үлкен ықпалын тигізіп жатыр. Сол үшін ризашылығымызды білдіреміз.

Жалпы АҚШ-тағы секілді бүгінгі таңда Қазақстанда да кәсіпкерлік саласына айрықша көңіл бөлінген. ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы кәсіпкерлерге жағдай жасау, қолдау көрсету, кедергілерді азайту бойынша Үкіметке, жергілікті атқарушы органға тапсырма берген болатын. Бүгінгі таңда Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы, ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы жүктеген маңызды мақсат-міндеттер өз деңгейінде орындалуда.

Қазіргі таңда кәсіпкерлікпен айналысатын жамбылдықтардың үлесі 23 пайызға жетті. Алдағы уақытта 30 пайызға жеткізу жоспарлануда. Өткен жылы кәсіпкерлер 610 миллиард теңгенің өнімін өндірді. Жалпы кәсіпкерлік саласында 170 мыңдай жамбылдық жұмыс істейді.

Сонымен қатар алда тұрған маңызды міндеттердің бірі – инвестиция тарту. Пандемия туындатқан қиындықтарға қарамастан экономикаға инвестиция тарту төмендеген жоқ. Мысалы өткен жылы 344 миллиард теңге инвестиция тартылды. Тартылған инвестиция көлемі 2019 жылмен салыстырғанда 11 пайызға өскен.

Одан кейін жұмыссыздардың санын көбейтпеу, қосымша жұмыс орындарын ашу да күн тәртібінде тұрған маңызды міндеттердің бірі. Облысымызда төрт айдың қорытындысы бойынша, жұмыссыздық экономикалық белсенді азаматтарға шаққанда 4,9 пайыз болды. Біз қазір 16 мыңға жуық жаңа жұмыс орындарын аштық. Алдағы уақытта да осы бағытта жұмыс істейміз.

Әрине алдағы уақытта атқаратын жұмыстар аз емес. Осы ретте АҚШ секілді алпауыт мемлекетпен әріптестікте алдағы жоспарларымызға жетуге үлкен септігін тигізетін болады. Өкінішке қарай кейінгі кезде АҚШ-тағы барлық халықаралық ұйымдармен байланыс бәсеңдеп кетті. Сондықтан туындаған мәселелерді шешуде бірлесе жұмыс атқарамыз деген ойдамыз, Бізде өз тарапымыздан барлық қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді Бердібек Машбекұлы.

Ал Эрик Майердын екі мемлекет арасындағы қалыптасқан ынтымақтастық бұдан былай да нығая беретініне сенім білдірді.

– Екі ел арасындағы байланыс 1991 жылы 25 желтоқсанда – АҚШ Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігін таныған кезден бастау алады. Ал 1997 жылы Қазақстан мен АҚШ арасында экономикалық әріптестік бағдарлама жасалған болатын.

Биыл АҚШ пен тәуелсіз және егемен Қазақстанның арасындағы қарым-қатынасқа 30 жыл толып отыр. Жоғарыда айтып өткеніміздей, екі ел арасындағы ресми байланыс 1991 жылдан бастау алды. АҚШ сол кезеңде енді ғана өз тәуелсіздігін алып, дербестігін таныта бастаған Қазақстанмен қарым-қатынасын дамытуға қызығушылық білдіріп, алғашқылардың бірі ретінде елшілік қатынастарын ұсынған. Алғашқы күндерден бастап, Қазақстан Республикасы мен АҚШ арасындағы ортақ байланыс үлкен қарқын алып, бүгінге дейін жоғары деңгейде сақталып келеді,– деді Бас Консуль бірқатар ұсыныстарын айтып, пікірлерін ортаға салды.

Сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелері талқыланған жиын соңында Э.Майердын аймақ басшысына кәдесыйын ұсынды.

Талғат НҰРХАНОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.