Қазақстан азаматы Қырғызстанда қаза болды

0 3

Атыс қаруынан мерт болған Қазақстан азаматы Қырғызстанның Шу облысынан табылды. Бұл туралы Қырғызстанның Ішкі істер министрлігі мәлім етті.

2019 жылғы 25 ақпанда сағат 9:00 кезінде Қой-Таш ауылы маңында «Мазда-6» маркалы көлігінен 20-25 жастағы белгісіз ер адамның денесі табылған. Аламудун Ішкі істер басқармасы сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады. Оқиға орнында тергеу тобы аталған адамның аты-жөнін анықтады. Ол 1994 жылы дүниеге келген Шерматов Атанұх есімді Қазақстан азаматы болып шықты. Негізі, Жалал-Абад облысының тумасы болған А. Шерматов Бішкек қаласында тұрақтаған екен.

Тәртіп сақшыларының хабарлауынша, автокөлікті тексеру кезінде iPhone 6 телефоны, құжаттар, арақ шөлмегі мен темекі табылды. Ер адамның самай тұсына атыс қаруынан жарақат түскен, сондай-ақ қолында Макаров тапаншасы болған. Көлік салонынан оқ пен гильза табылды.

«Марқұмның денесі табылған автокөлікті жақын жерде жұмыс істеп жүрген құрылысшылар байқаған. Жедел шаралар барысында ер адамның соңғы рет кіммен байланысқа шыққаны, оның ішінде өзіне қол жұмсау себептері тексерілді. Онымен достық қатынаста болған адамдар анықталды. Достары табылған тапаншаның Шерматовқа тиесілі екенін растады, себебі ол қаруды бұған дейін достарына көрсеткен екен. Таныстарының кейбірі мерт болған ер адамның суицидке бейім екенін байқаған. Сонымен қатар, соңғы кездері оның уайымға салынып жүргенін көрген», — делінген министрлік мәліметінде.

Алдын ала деректерге қарағанда, оқиға орнынан табылған тапанша 2005 жылдың наурызындағы жаппай тәртіпсіздік кезінде Жалал-Абад қаласындағы ішкі істер бөлімінде жоғалған немесе ұрланған қару ретінде тіркелген.

inform.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.