Жамбыл жаңалықтары

Қазақстан заңдары қатаң сақталуы керек

Written by Aray2005

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жол құрылысының сапасына жіті көңіл бөлуде. Оған осы мәселе төңірегінде жүйелі түрде өтетін жиындар мен кездесулер арқылы көз жеткізуге болады. Өңір басшысы сала кәсіпорындарын аралап, жай-күйімен жүйелі танысып жүр. Олардың жаңа маусымға дайындықтарын жеке бақылауында ұстап, ағымдағы мәселелерін жедел шешуге қол ұшын беруде. Бір сөзбен айтқанда бөлінген қаражатты уақтылы әрі сапалы игерілуі бойынша алға қойған міндеттерінің орындалуын айрықша назарда.

Бердібек Сапарбаевтың Шу ауданына жұмыс сапарында да жол мәселелеріне баса мән берілді. Мұнда Меркі-Бурылбайтал автожолының құрылысы бойынша үлкен жоба жүзеге асырылуда. Оған қытайлық «China Xinxin Corporation» және қазақстандық «ABK-Avtodor NS» компаниялары тартылған. Сонымен қатар «Sinohydro Corp Limited» компаниясының мамандары Балқаш-Бурылбайтал жолының 35,6 шақырымын салуда. Ал «Todini and SMS» бірлескен кәсіпорны Күрті-Бурылбайтал автожолының 62 шақырымдық бөлігінің құрылысын іске асыруда.
Облыс әкімімен болған кездесуге Ұзынағаш-Отар жолының құрылысын атқарып жатқан қазақстандық «ҚазақДорСтрой» компаниясының өкілдері де қатысты. Айта кету керек, аталған автожолдың 16 шақырымы облыс аумағы арқылы өтеді.
Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев қытайлық мердігерлерден Қазақстан заңдарын қатаң сақтауды талап етті. Сондай-ақ өңір басшысы қытайлық кәсіпорындардың жалақысы төмендігін алға тартып, оның мөлшерін жыл сайын кем дегенде 10 пайызға арттырып отыру керектігін атап өтті. Сондай-ақ, барлық жұмысшылар үшін тең жағдай жасау керектігін еске салып, жалақы, тамақтану және жүріп-тұру мәселелеріне ерекше көңіл бөлуге шақырды.
Б.Сапарбаев автожол бойынан арнайы мал өткелдерін салу және жол бойындағы арықтар мен көпірлерді жөндеу қажеттігін баса айтты. Жол жөндеу жұмыстары жақын маңда орналасқан жергілікті тұрғындардың 13 үйінің қабырғаларының жарылуына себеп болған. Оларды 15 күннен кешіктірмей жөндеу керек. Бұл үшін 8,5 миллион теңге қажет.
– Қазақстанда бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі деген ұғым бар. Компаниялар жақын маңдағы елді мекендерге, облыс орталығына әлеуметтік мәселелерді шешуге көмек көрсетуі керек. Әсіресе коронавирус жағдайын ескере отырып, жағдайы төмен, көпбалалы отбасыларға көмектесу қажет.
Қазақстан Республикасының заңдары, оның ішінде «Тіл туралы» Заңы қатаң сақталуы керек. Мемлекеттік тіліміз – қазақ тілі. Барлық маңдайшалар, оның ішінде кіреберісте орналасқан компанияның атауы да қазақ тілінде болуы керек. Мен тағы да осында келіп, бұл тапсырмаларымның қалай орындалғанын тексеремін. Олардың орындалуын бақылау «Қазавтожол» ұлттық компаниясы облыстық филиалының басшылығына жүктеледі, – деп атап өтті облыс әкімі.
Қытай компанияларының жетекшілері облыс әкімінің талаптарына толықтай келісетіндіктерін білдірді.
Өңір басшысы мердігерлерге Меркі-Бурылбайтал жолының бір бағыттының құрылысы биыл аяқталып, жол қозғалыс қалпына келе ме? Мердігерлер құрылысты толығымен 2021 жылы аяқтай алады ма? деген сынды сауалдарын жолдады.
Талқылау көрсеткендей, жол салушылардың алдында ешқандай кедергілер кездесіп отырған жоқ. Тек «Todini and SMS» БК басшысы Мойынқұм ауданының аумағында карьерлерді бөлуге қол ұшын беруді сұрады.
– Ең бастысы, барлық жұмыстар уақтылы және сапалы атқарылуы керек. Меркі және Шу аудандары арасындағы қозғалысты мүмкіндігінше тезірек қалпына келтіру керек. Жол құрылысында жергілікті материалдар пайдаланылып, ал жергілікті адамдар жұмыспен қамтылғаны маңызды. Жол салушылар қазақстандық өндірушілермен келісімшарттар жасасып, битум қорын қалыптастыру керек.
Тағы да қайталап айтамын – заңға бағыныңыздар және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі туралы ұмытпаңыздар. Сонымен қатар қазіргі жағдайда, әсіресе құрылысшыларға арналған жатақханаларда санитарлық нормаларды қатаң сақтау – басты талап болып табылады. Адамдардың денсаулығы бәрінен маңызды, – деп түйіндеді Бердібек Сапарбаев.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР