Қазақстанның кредит бойынша рейтингі «терістен» «тұрақтыға» жақсарды

0 6

Аналитикалық кредиттік рейтинг агенттігінің (РФ) жаңартылған есебіне сәйкес, бағалау тұрақтылығының факторлары одан әрі экономикалық өсу әлеуеті, құрылымдық, экономикалық және монетарлық саясаттың тиімділігі, нарықтар мен қорландыру көздеріне қолжетімділік, борыштық орнықтылық болды.
Қазақстанның егеменді кредиттік рейтингі әл-ауқаттың салыстырмалы түрде жоғары деңгейіне, мемлекеттік борыштың қалыпты деңгейіне, ҚРҰҚ-дағы өтімді активтердің елеулі көлеміне және халықаралық резервтердің жеткілікті көлеміне негізделген.
Қазақстанның егемен кредиттік рейтингі бойынша болжамның «терістен» «тұрақтыға» өзгеруі 2020 жылғы сыртқы және ішкі шоктардан туындаған сын-тегеуріндердің әлсіреуімен байланысты.
Былтыр Қазақстан экономикасының өсу қарқыны -2,6% болды. Бұл дамыған елдер тобымен (-5,4%) салыстырғанда да, дамушы елдер тобымен (-5%) салыстырғанда да айтарлықтай тұрақты көрсеткіш болып отыр.
АКРА 2021 жылы экономикалық өсімнің 3,8%-ға дейін қалпына келуін күтуде. 2021 жылы АКРА инфляцияның нысаналы дәліз шеңберіне қайта оралуын күтуде (4-6%). Бұл ұлттық валютаға қысымның төмендеуіне және 2020 жылғы инфляциялық соққы әсерінің сарқылуына байланысты болады.
Өткен жылы теңгенің АҚШ долларына қатысты құнсыздануы орта есеппен 8% құрады және ол өткен дағдарыс кезінде тіркелген деңгейден едәуір төмен болды (2016 жылы – 54%). Қазақстан дағдарыс жылынан көптеген дамыған және дамушы елдермен салыстырғанда мемлекеттік борыштың орташа ұлғаюымен шықты.
АКРА 2020 жылдың аяғында мемлекеттік қарыздың ЖІӨ-нің 24,5%-ына дейін өсуін қалыпты ретінде бағалайды. 2021 жылға мемлекеттік борыш деңгейі бюджет тапшылығының төмендеуі және экономиканың қалпына келуі жағдайында тұрақты болып қала береді деп күтеді. Мемлекеттік қарыздың тұрақты және орташа деңгейі Қазақстанға болашақта контрциклді бюджеттік саясатты қолдануға мүмкіндік береді. Маневр жасау мүмкіндігі Қазақстан экономикасының әлеуетті сыртқы шоктарға тұрақтылығын арттырады.
АКРА атап өткендей, қоғамдық институттар да, мемлекеттік институттар да соңғы уақытта оң өзгерістерді байқатып отыр. АКРА Реформалар жөніндегі жоғарғы кеңесті және Стратегиялық жоспарлау және реформалау агенттігін құрудың маңыздылығын атап өтеді, бұл Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйелерін реформалауға бағытталғанын айғақтайды. Оң әсер ететін ұзақ мерзімді тағы бір фактор — адам капиталын жақсарту.
Дүниежүзілік банктің 2020 жылға арналған бағалауы бойынша Қазақстанның адам капиталының индексі Орталық Азия елдері бойынша орташа деңгейден жоғары және салыстырылатын елдер тобының рейтинг санаты бойынша ең жоғарғылардың бірі.
АКРА 2015 жылы 20 қарашада Мәскеуде Ресей банкінің шешімімен құрылды. Акционерлері – 27 ресейлік компания және қаржы институты, оның ішінде «Райффайзенбанк», «Сбербанк», «Альфа-Банк», «Газпромбанк», «Московская Биржа ММВБ-РТС».

primeminister.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.