Қазақтың ақ тілеулі ақын қызы

Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Күләш Ахметова – 75 жаста

0 15

Әулиеата өңірінен шыққан белгілі ақындар арасында, біздің білуімізше, Куләш Ахметова ғана Қазакстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері. Қазақтың ақын қыздарының ортасынан ойып орын алған Күләштің өлеңін оқып, жаттап, тәнті боп өскен ұрпақ емеспіз бе, соңғы кезге дейін әр шығармасын қызыға оқимыз, ойының тереңдігіне, қаламының қуатына риза боламыз. Күләш кім, оның өмірі, еңбек жолы қандай? Басқа ақындардан ерекшелігі неде? Міне, осы көп сұрақтар төңірегінде қабілетіміз жеткенше ой қозғайық.

Күләш Ахметова «Сен менің бақытымсың» атты кітабы үшін Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты болды. Ол ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері. Жамбыл облысының Құрметті азаматы. Жиырмаға жуық жыр жинағының авторы. Өлеңдері орыс, украин және бірнеше түркі халықтарының тіліне аударылған, ұлттық мектеп оқулықтарына енген. Тәуелсіздіктің он жылдығына, бас қаламыздың он жылдығына арналған республикалық жазба ақындар мүшәйрасының жүлдегері. Ол «Парасат» және «Құрмет» ордендері мен бірнеше мемлекеттік медальдармен марапатталған.
Қуат бердің, Тіл бердің, Рух бердің,
Тілегімді хусни, тұнық бердің.
Күллі азамат баласын жарылқаған,
Рақметіңнен үздіксіз үміткермін, – деп Күләш ақынның өзі жырлағандай, алдағы өмірінен үміт күтіп, азапты жолға – жұмбақ поэзия әлеміне жас ақын Күләш жасқана, толғана қадам басқаны рас.
Әрине, Күләштің өмір жолы тақтайдай тегіс болған жоқ. Кедір-бұдыры, биігі мен жазығы, қиындығы мен қуанышы қатар жүрді. «Анам Бекзада менің алты жасымда көз жұмғаннан кейін інім Бақтияр екеуміз әжем Молшаның тәрбиесінде өстік. Әжеміз айтулы Ұлбике ақынның руластарының бірі болғандықтан шығар, сөзге өте шешен, зерделі, пайымы мол жан еді. Үшінші сыныптан бастап тіл ұшыма өлең орала берді. Жетінші сыныпта «Анама», «Туған ел» деген тақырыптарда өлең жаздым. Әжем 16 перзент көтерген, айтысқа қатысқан әнші кісі болатын, ауылдастары «Үкілі келін» деп атайтын. Әулеттің үлкен әжесі Үміт те астауын алтынмен аптатып, таяғын күміспен күптетіпті делінетін, үйінде ат басындай алтын бар деп ел аңыз таратқан Өтеулі байдың келіні еді. Қазақ атамда «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» деген аталы сөз бар. Мүмкін сол ата-бабаларымыздың қанымен берілетін киелі қасиет болар, әйтеуір, Құдай қолдап мен құртақайымнан өлеңге жақын болдым», дейді өткен күндеріне ой жүгірткен нәзік сезім иесі.
К.Ахметованың «Туған жер» деген алғашқы өлеңі 14 жасында жарық көріпті. Содан бері қанша жылдар өтсе де байсалды ақын қыз алтын бесік – атамекенін жырлаудан танбай келеді. Жастау кезінде атақты Ұлбике апасына ұқсап айтысқа да ден қойып, бірнеше сайысқа қатысқаны бар.
Ол жайында Күләштің өзі: «Жамбылда медициналық училищеде оқып жүргенде облыстық айтысқа қатыстым. Сол айтыста қазылар алқасының төрағасы болған Кен-ата – Кенен Әзірбаев: «Ат жақты, қыр мұрынды екенсің, жақсы ақын боларсың», деп ақ батасын берген болатын», дейді. Кенен ата айтқандай, Күләш ақын болып шықты. Қатардағы жүздің бірі емес, ақындықтың заңғар шыңына құлаш ұрып, қазіргі поэзия биігіне көтерілген дара ақындардың ортасынан орын алды. Расын айту керек, ол ел көзінен таса болған жоқ, үнемі толысу, шыңдалу үстінде келеді. Өзінің ойлы толғанысы, әдемі лирика мен ыстық сезімге толы жырымен оқушылардың мейірін қандырып, көптің көкейіндегісін табумен, халқын қызғыштай қорғаумен, туған жерін, туған елін барынша жырлаумен келеді. Мысалы, ақын қыздың мына бір жыр жолдарына зер салайықшы:
Қазақты жамандама, қазақ бала!
Халық қой қазақ деген аз-ақ қана.
Осынау Ай астында, Жер үстінде,
Қазақтың жанашыры – қазақ қана!
Немесе:
Сен – қазақсың! Қазақ едің туғанда!
Онда дүние тағылымынан үлгі ал да,
Ата жұрттан, ата тілден айырылма,
Төбеңде Күн, төменде Жер тұрғанда!
Халқын сүйетін, елін сүйетін Күләштің бұл жұдырықтай жүрегінен шыққан жанайқайы, ана тілін қызғыштай қорғаған патриоттық сезімі, туған халқына деген түгесілмес махаббаты.
Қазақ жазушылары арасындағы белгілі тұлға Сәбит Мұқанов 1967 жылы «Лениншіл жас» газетіне жариялаған «Балауса өлең өрісі» атты мақаласында әдебиет табалдырығынан қысыла, имене аттаған бір топ жас ақынның қауырсын қанат жырларын зерделеп, сараптай келе, жамбылдық бойжеткен Күләш Ахметованың «Көңілдің кейбір күйлері», «Жеңеше» деген өлеңдеріне пікір білдіреді. «Жеңеше» деген өлеңде соғыста өлген ағасының аруағын күзетіп, шаңырағын шайқалтпай отырған қазақ әйелінің бейнесі шынайы суреттеледі. Расында да сол сұрапыл соғыстың салған қасіреті қазақтың бірде-бір отбасын айналып өткен жоқ. Талай келіншек шымылдығы желбіреп жас қалды, жесір атанды. Өле-өлгенше ерінің жолын тосумен, оңашада көз жасына ерік беріп, сары сағыныштың ащы запыран уын жұтып, қайғымен шаштарына мезгілсіз қырау түсіп өткендері қаншама, бейбақтардың?!
Ал 1977 жылы баспадан шыққан «Сен менің бақытымсың» кітабымен танысқан көрнекті ақын Әбділда Тәжібаев «Күләш Ахметова – ақын» деп қуана қазақ елінен сүйінші сұрайды. Ол сол мақаласына Күләштің:
Өзіме өзім сүйенем, о, расында,
Өзіме өзім жол салдым борасында.
Өзіме өзім жете алмай отырамын,
Ыдыстар мен дыбыстар арасында, –
деген жырын арқау етіп, ағынан жарылады.
Күләш шығармаларының басты тақырыптары – қазақтың тағдыры, туған жер, атамекен, уақыт пен заман, елінің жетістігі мен мұраты, елдік пен ерлік, толғанғандағы ойлар, жылдың кезектесіп келіп жатқан мезгілдері, жастық шақ пен оның нәзік сезімдері, халықтар бірлігі мен достығы, адам және оның өмірінде кездесетін құбылыстар, туған өлке табиғатының әсерлі көріністері, мәңгілік ғашықтық пен мөлдір махаббат. Осылардың қайсысы болмасын, барлығы дерлік ақынның поэзиясынан адаспай тауып, әсерге бөленіп, көңіліңіз бір желпініп қалады. Өмірге деген көзқарасына сәйкес салмақты ойы, сезімталдық пен байқағыштығы, өрлігі мен нәзіктігі, тәкаппарлығы мен талдырмаштығы егіз өрілген поэзиясы ешкімді бейжай қалдыра қоймайды. Өмірі мен өнері біте қайнасқан К.Ахметова еліміздің тәуелсіздігіне дейін сезімді толқытатын лирикалық өлеңдерімен жырсүйер қауымға көбірек танылса, тәуелсіздік алғаннан кейін біржола азаматтық әуенге көшті. Ата-бабаларымыз мыңдаған жылдар бойы аңсаған тәуелсіздік заманында өмір сүру қандай ғажап, қандай ғанибет! Өз жеріміз бен тіліміз бар, өз Туымыз бен Әнұранымыз бар… Аллаға шүкір!
Адамдарды таңдантып, мәңгі ойлантып,
Ұшқыш құстай зулайды, самғайды уақыт.
Мына шексіз ғаламда өз далаң мен,
Өз Отаның болғаны қандай бақыт!
Сәбидей көлеңкесіз көңілмен, періште тілекпен ақ қағазға құйылып түскен мұндай өлең жолдарын тебіренбей оқу мүмкін емес. Күләштің жүрекке жылы жырларын көпшілік әрдайым сүйсіне, тамсана, айызы қана, іздеп оқиды, сәттілік тілейді. Жыр оқитын талғампаз қауым әр өлеңіне жоғары баға беріп отырады. Оның поэзия жасаудағы шеберлігі, шыншылдығын, бойына қонған қасиетін көпшілік мойындады.
«Оның өмірі де, өнері де – өлең. Ол өлеңсіз өмір сүре алмайды. Өлең оның бүкіл болмысы мен тіршілігіне айналып кеткен. Ол жаңа жауған қардай жаны таза, жүрегі ізгілік пен иманға толы, барша адамзат баласын құшағына сыйдырғандай, қылдай қиянаты жоқ, ақ тілеулі ақын. Оның өлеңдері оқырманға жаздыкүнгі жұпар самал желдің жайлы лебіндей әсер етеді. Зәредей жасандылығы жоқ нағыз шынайы таланттан туған шығармаларды толқымай оқу қиын», деп жазады білгір ғалым-филолог Мырзатай Жолдасбеков.
Ойлап отырсаң, қайнаған қым-қуыт тіршіліктің ортасында жүріп, бір үйдің отанасы атанып, ұл-қызына ана бола жүріп, өлеңге уақыт тауып, бір сәт қолына қалам алып, ой-сезімін қағазға түсіру, менің пайымдауымша, жеңіл іс емес.
Азаматқа серік болған әйелдің,
Дүниеге көрік болған әйелдің,
Бейнет үшін жаратылған әйелдің,
Оған қоса қалам ұстап қолына,
Илхам кешіп ықтиярлы кеңесте,
Жыр жазғаны бір ғаламат емес пе? – деген Күләш ақынның тұңғиық талантына табынасың, еңбегін ерекше құрметтейсің. Ол не жазбасын, не тақырып алмасын терең толғап, жүректі қозғап жазады. Әр жыры жақұт шашып, маржан төгіп, мейірім құйып тұратыны басқалардан оны ерекшелендіріп тұрады. Өнерді адамның жан дүниесін емдейтін рухани шипа деп қарасақ, айтыс– жедел жәрдем сияқты да, жазба әдебиет асықпай емдейтін ине сияқты, деген пікірдегі Күләш әр шығармасына барынша дайындалып, сараптап, ой таразысынан өткізіп, әбден ширатып, пісіріп, салмақтап барып кіріседі.
Мен бір бақыт іздеп жүрмін, достарым,
Ұқсамайтын бақытына басқаның.
Жұлдыздардай жарық әрі тым биік,
Сол бақытты іздеп жүріп жиі ұқтым.
Ортақ болу керек оған достарым,
Бауырларым, сәбилерім, сүйіктім.
Иә, ақын болып көпке танылу жеңіл емес. Оған талант керек, дарын керек, іздену керек.
Гүл тергенде өзіңмен беткей қырдан,
Құлағымнан бір нәзік кетпей тұрды ән.
Өміріме осынау ризамын,
Бірі жетіп, сәл нәрсе жетпей тұрған.
Ақын қол жеткен биіктеріне, өмірі мен тағдырына ризашылық білдіріп, «Тәубе!» дейді. Барыңды бағалай білу үлкен жүректіліктің, парасаттылықтың белгісі. Тәубешілік те әркімге беріле бермейтін ұлы қасиет.
Құдайдың құдіреті, бір шаңырақ астында екеуі бірдей ғалым, дәрігер, мұғалім, журналист дегенді білуші едік. Оған еш таңғалып, көңіл аудармайтынбыз. Ал Күләш ақынның жұбайы белгілі ақын – Қайырбек Асанов. Біреуі Әулиета өңірінен болса, екіншісі Сыр бойының азаматы. Тағдыр екеуін аяулы әсем Алматыда жолықтырып, бірге білім алып, біріне-бірі ғашық болып, көңілдері жарасып, отау құрған. Содан бері құстың қос қанатындай екеуі қол ұстасып, поэзия әлемінде, оның көгінде қатарласып қанат қағып келеді. Екі тағдырды қиюластырып, екі талант иесін бір шаңырақ астына тоқайластыруының өзі ұлы Жаратушы Иеміздің қалауы демеске шара жоқ! Қазақтың қос ақыны Күләш Ахметова мен Қайырбек Асановтың шаңырағы шаттыққа кенеліп, жырға жыр қосылып, әдемі үйлесім табуда. Рас, жалпы алғанда, поэзия әлемінде қос ақынның бір шаңырақ астында бірге өмір сүруі сирек құбылыс. Өйткені ақындар өр мінезді, қайсар, батыр келеді. Ал Күләш пен Қайырбекті көрген кісі олардың отбасынан мамырлаған жағымды атмосфераны, ерекше сыйластықты кезіктіріп, риза болады. Екі ақын домбыраның қос ішегіндей өмірде қатар жүріп, бірін-бірі толықтырып, қатар жырлап келеді.
Осындай ойлар құшағында жүргенімізде бірде қолымызға Ахметова мен Асановтың бірлескен қос өлеңдер жинағы ілінді. Біріншісі «Жалын» баспасынан 1989 жылы жарық көрген «Сен жанымда жүрсең» атты жинағы. Мұнда негізінен ерлі-зайыпты ақынның бір-біріне деген сезімдері, балалары мен отбасына, туған жер мен Отанына арналған жыр жолдары топтастырылған екен. Қай бетін ашпаңыз, сиқырлы поэзия менмұндалап өзіне тартып тұр, оқи бергің келеді. Содан біраз уақыт өткенде сол кітаптың негізінде толықтырылып, біраз өңделіп, 2006 жылы қайта жарық көрген жинақтың аты – «Махаббат». Жинақ Күләш, Қайырбек деп аталатын қос бөлімнен тұрады екен. Жыр жинағымен танысып отырып, ғажайып бір күй кешесіз.
Өмір бердің, Көз бердің, Көрік бердің,
Есім бердің, Ес бердің, Ерік бердің.
Һауа ана, Адам халлейғиссалам нұсқасымен,
Ғашық еттің, ғұмырлық серік бердің.

Отан бердің, От бердің, Қорек бердің,
Бесігіңді тербет деп бөбек бердің.
Саясында тынықтым теректердің,
Сенің рақымыңды медет көрдім, –
деп жыр төгеді Күләш ақын тағдырына ризашылық сезіммен қарап, барына шүкіршілік етіп, береке санап, қанағат тұтып. Енді бірде:
Шаттықпенен қарсы алам күн шуағын,
Махаббатыңмен нұрланды тіршілігім!
О, Жаратқан! Өзіңе шүкірлігім,
Жарылқауыңа мәңгілік құлшылығым.
Тыңдасын деп әлемнің сазын бердің,
Жырласын деп өлеңнің тәжін бердің.
О, Раббым, Сенен бөлек осыншалық,
Нығметтерді мен үшін әзірлер кім? –
дейді жүрек лүпілін, имандылық пейілмен шүкіршілік сезімдерін ақ қағазға түсіріп. Тағы бір өлеңінде Күләш Ахметова:
Қайырлы өмір Тәңірден тілегенім,
Иманды істен іздермін жүрек емін.
Сабыр күтіп, дақпыртқа бой алдырмай,
Өмір сүру – арманым, міне менің.

Көркем ғұмыр – көргенім жақсылық боп,
Биіктесе біртіндеп жыр еменім,
Сен риза боларсың, білем, елім!
Түзу тірлік Тәңірден тілегенім, – дейді.
Бұл – мына қызылды-жасылды беймаза дүниеде, құндылықтың құлдыраған заманында өмірге оң көзбен қарап, даңқ пен дақпырт ауруына шалдықпай, байлық пен дүниеге қызықпай, ақ пейілді, ары таза, иманы бар адамның айтатын сөзі. Күләш ақынның өмірлік байламы, ұстанған тұғыры.
«Махаббатты қорғауға шақырамын» атты өлеңінде ақын:
Келер, кетер ойыңды сапыра күн,
Айтып айтпай өтеді ақын әнін.
Табиғатқа, адамға деген барлық,
Махаббатты қорғауға шақырамын,– деп күллі әлемге жар салады. Тәтті сезімді, аяулы махаббатты ту ету әркімнің ақ арманы, шаңырақ көтергенде басты мақсаты.
Біз талдап отырған «Махаббат» жинағының келесі «Қайырбек» атты бөлімінде отағасы, ақын Қайырбек Асанов ағамыз ел мен жер тағдыры, Отан болашағы, бал қылықты балаларының келешегі жайлы толғанады. Солай бола тұрғанмен Қайырбек ақын жырларының басым бөлігі өмірлік серігі, жан жары Күләш Ахметоваға арналыпты. Қайрекең «Бағалай біл» атты жырында:
Менің барлық болмысымдағы,
Қуанышым мен қайғымды,
Жақсылыққа жоруыңды өтінемін.
Саған деген алғысымды,
Түгесілмес махаббатымды,
Жан көзімен көруіңді өтінемін, – дейді.
Ал келесі «Сен екеуміз» атты өлеңінде:
Жүргенің де әдемі шай қайнатып,
Жыр оқисың өмірді, елді ойлантып.
Басқа байлық, мансаптың керегі жоқ,
Менің сені тапқаным қандай бақыт?!– деп ағынан жарылады. Қазақ «Жүректен шықпаса, жүрекке жетпейді», деп жатады. Қайрекеңнің мына өлең жолдары шын жүректен айтылған, боямасыз ой-толғанысы.
Елу жылдан астам тынымсыз шығармашылық өмірінде К.Ахметова «Ақ гүлім менің» (1975), «Сен менің бақытымсың» (1977), «Жапырақ – жаздың жүрегі» (1979), «Махаббат жыры» (1980), «Мейірім» (1981), «Ләйлектер қайтып келгенде» (1985), «Арғымақтар даласы» (1987), «Сен жанымда жүрсің» (1989), «Наурыз нұры» (1991), «Күн шыққанда күліп оян» (1996), «Өкініш әні» (1997), «Бақ» (2006), «Құт» (2006), «Махаббат» (2006), «Менің сәулелі сәттерім» (2015), «Орман» (2015) атты және 2021 жылы бес томдық шығармалар жинағын дүниеге әкелді. Кітаптан кітапқа үздіксіз өсумен, жетілумен, толысумен келеді. Мезгіл-мезгіл жалт етіп жан нұрына шарпылған, бойға рух, жанға жігер беретін тартымды, әсем де мөлдір жырлары республикалық газеттерде бой көрсетіп отырады. Бұл – ақын апамыздың әлі де бергенінен берері көп екеніне дәлел бола алады.
Қаламы мен қарым-қабілетіне ғана сүйенген еңбекқор, ізденімпаз Күләшті атақ-даңқ адаспай өзі іздеп тапты. 2006 жылы «Құт» кітабына Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы берілді. 2016 жылы ақынның 70 жасқа толуына байланысты ізгілікті іс-шаралар республикамыздың түкпір-түкпірінде ұйымдастырылды. Бұқаралық ақпарат құралдарында ғалым-филолог Мырзатай Жолдасбековтың «Періште көңіл поэзия» («Egemen Qazaqstan», 23.04.2016ж.), көсемсөзші Қали Сарсенбайдың «Поэзия Күләші» («Алматы ақшамы», 25.05.2016ж.) және де басқа белгілі қаламгерлердің К.Ахметованың шығармашылығына арналған бірнеше мақаласы жарияланды.
2016 жылдың мамырында Алматыдағы Жамбыл Жабаев атындағы жасөспірімдер кітапханасында Күләш Ахметованың өмір жолы мен творчествосына арналған Н.Байырбектің «К.Ахметова» атты эсселер жинағының тұсаукесерінде: «Күләш қоңыр мінезді, өте ерекше жаралған жан. Еш уақытта кеудесін көтеріп, бөтен мінез танытқан емес. Өлеңнің биігін бағындырды, әйел ретінде ошағының берекесін келтіріп, ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Азаматының қас-қабағына да қарай біледі. Табиғат берген таланты – өлеңін де тастамады. Ұзақ жылдар бойы жақсы араластық. Бірге баспаларда қызмет еттік. Соңғы жылдары Таразға қоныс аударды. Әдеби ортадан алыстап қалды. Мен бүгін Күләштің өзін көремін деп келіп едім. Күләш туралы жазу оңай емес. Жалпы ақындар туралы жазу оңай емес. Сондықтан мынау біздің кішкентай ғана қызымыз Назираның (кітап авторы Назира Байырбек – С.О) жүректілігіне тәнті болып отырмын. Күләш та осы Назира сияқты өте нәзік, жаны да нәзік, – депті белгілі жазушы Дулат Исабеков.
Рақаты мен қиындығы мол поэзия әлемінде өз орны бар Күләш Ахметова бір сұхбатында: «Бұл дүниеде бәрі ниетке орай беріледі. Менің пайымдауымша, шын ниеттенген адам қалай да мақсатына жетеді. Менің мақсатым – айласыз, қулық-сұмдықсыз, тыныш тіршілік кешіп, әуелі ұрпақтарыма, жастарға бір нәрсе айту», депті. Ақынның өмірде де, өлеңде де ұстанған ұстанымы осындай. К.Ахметованың шығармашылығына терең бойлаған адам оның кемел ойына, көркем мінезіне таңырқамауы мүмкін емес.
Тараз өңірі бұл күндері алаштың ақын қызы Күләш Ахметованың мерейлі 75 жасқа толуын тойлап жатыр. Қасиетті де құнарлы топыраққа кіндік қаны тамып, киелі Әулиеатадан қанаттанып, бүгіндері қазақ поэзиясының алғы шебінде жүрген, әр шығармасына үлкен жауапкершілікпен қарайтын Күләш апамызға жерлестері дән риза. Адам мына сайқымазақ өмірден өзі іздеген үйлесімін таба алмай, қиындықтарға кезігіп, кейде санын соғып, қапаланып жүреді. Бәлкім, ол сол үйлесімді өмір бақи күтіп, іздеп өтер. Ал Күләш ақын мына өмірден өз орнын, өз бақытын тапқан жан.
Лайым, Алла Тағала ақын Күләш Ахметоваға күш-қуат беріп, ғұмыры ұзақ болып, алға қойған мақсаттары орындала берсін!

Сағындық ОРДАБЕКОВ,
медицина ғылымдарының докторы, профессор,
Тараз қаласы

Leave A Reply

Your email address will not be published.