Қоғам

«Қазаншының» қашанғы өз еркі болады?

Written by Aray2005

Қайбір жылдары отандық сауда нарығын мемлекеттік рәміздеріміздің, есімі ел аузында жүрген ұлы тұлғалардың суреті бейнеленген ішімдіктер, шоколод өнімдері, тіпті іш киімдер жаулап алғаны дүйім жұрттың есінде болар. Алайда өз өнімін өткерудің «тың тәсілін» тапқан кәсіпкерлердің әрекеті жұртшылықтың жаппай наразылығын туындатқан болатын. Қателеспесек көп ұзамай ақша үшін ұлттық намысты аяққа таптаудан тайынбайтын «пысықтарға» заң шеңберінде жаза да қолданылды. Сөйтіп, масқара тірліктің нүктесі қойылып, өзгелерге де сабақ болды деп ойлағанбыз.

Бірақ… Араға жылдар салып одан да сорақысын көз көрді. Бірнеше апта бұрын облыстық мәслихаттың депутаты Мейрамбек Төлепберген «Facebook» желісіндегі парақшасына: «Апырай! Таразда сыра құйылған бөтелкенің жарнама этикетіне қазақтың байырғы руларының байрақ-таңбасын көрген азаматтар дабыл қақты. «Бұл қалай болғаны? Заманында біздің ата-бабамыз сол байрақ-ұран таңбасын көтеріп, қанын да төгіп, жанын да беріп, ел мен жерімізді қорғаған жоқ па?!» деп шырылдайды. Енді тарихи таңбалар мен ру аттарын алкогольді ішімдікке жарнама жасаймыз. Бұған кім жауап береді?» деп жазба қалдырыпты.
Әуелгіде сенер-сенбесімізді білмей, жазбаны ежіктеп қайталап оқып шықтық. Жазбаның астындағы пікірлерге де мұқият көз жүгірттік. Шынымен-ақ «TAŃBA» атауына ие сыра құтыларындағы ру аттары мен таңбалары бейнеленген суретті көргенде сенбеске амалымыз қалмады. Дегенмен кейбір азаматтар секілді «фейк» ақпарат болар деген бір ой жанымызды тыныштандырды. Себебі технология дамыған дәуірде кез келген дүниені қалауымызша жасауға мүмкіндік бар.
Осы орайда көптің талқысына түскен мәселенің анық-қанығына көз жеткізбек ниетте сауда нүктелерін аралауды жөн көрдік. Ең алдымен Тараз қаласындағы Тәуке хан көшесінің бойында орналасқан «SMALL» сауда орталығына арнайы ат басын бұрдық. Адам аяғы үзілмейтін аталған сауда нүктесінен іздегенімізді таппағанымызға қуанып, енді Абай даңғылындағы «SMART» cупермаркетіне бағыт алдық. Өкінішке қарай «қолдан жасалған дүние шығар» деген жорамалымыз мұнда жоққа шықты. Аталған сауда орталығының сөрелерінде ру аттары, таңбалары тайға басқан таңбадай анық көрсетілген «TAŃBA» сыралары самсап тұр.
Сыраны қолымызға алып, құтыдағы тауар туралы мәліметтер көрсетілген бөлігіне назар аудардық. Тауар «CASPIAN BEVERAGE HOLDING» компаниясына тиесілі екен. Өндіріс орны Алматы қаласы, Гоголь көшесі №211 мекенжайында орналасқан. 1964 жылы «Напитки» өндірістік бірлестігі болып құрылған «CASPIAN BEVERAGE HOLDING» акционерлік қоғамы қазіргі таңда түрлі сусын түрлерін өндіреді екен. Компанияның сайтында көрсетілген байланыс нөмірлеріне қоңырау шалып көргенімізбен, тілдесу мүмкін болмады.
Ал ғаламтордан «TAŃBA» сырасына берілген анықтаманы оқығанда тіпті не күлерімізді, не жыларымызды білмедік. Өндіруші кәсіпорын сыра құтысына ру аттарын, таңбаларын бейнелеу арқылы әрбір азамат өзінің шыққан тегін біліп жүруі тиіс екенін айтады. Мұндай сорақылық болар ма? Рас, қай заманда болмасын ата-бабаларымыз балаға ес білген кезінен бастап жеті атасын, руын жаттатып өсірген. Ерігіп, ермек қылғандықтан емес, түп-тұқиянын, шыққан тегін біліп өссін деп, келешегіне алаңдағандықтан. Ал енді сыра арқылы… Айтуға ауыз әрі ақылға да сыймайды емес пе?.
Жалпы елімізде тауарлық белгіні тіркеу үшін уәкілетті органға, яғни Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Ұлттық зияткерлік меншік институтына өтінім беру керек.
Осы ретте облыстық әділет департаментінің зияткерлік меншік құқықтары бөліміне қайырылып, бөлім басшысы Ерлан Баймолдаевтың пікіріне құлақ түрген едік.
– Негізі тауарлық белгісі – бiр заңды немесе жеке тұлғаның тауарларын басқа заңды немесе жеке тұлғаның бiртектес тауарларынан ажырату үшiн қызмет етеді.
Қазақстан Республикасында тауар белгілерін құқықтық қорғау белгiленген тәртiпте оларды тiркеу негiзiнде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына орай тiркеусiз берiледi.
Қазақстан Республикасының зияткерлік меншік саласындағы заңнамаларын қорғау мақсатында жеке және заңды тұлғаларға тексеріс жүргізу Әділет органдарының басты міндеттерінің бірі.
Мәселен «TAMGA» тауарлық белгісін компания директоры арнайы талаптарға сәйкес тіркеді. Одан кейінгісі тауар өндірушінің өз ырқында.
Тауар белгісінің иесі- тауар белгісін өз қалауы бойынша заң нормаларына қайшы емес кез келген тәсiлмен пайдалана алады, – дейді зияткерлік меншік құқықтары бөлімінің басшысы Ерлан Орақбайұлы.
Яғни, сөздің тоқ етері «қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса». Демек егер алдағы уақытта мұнан да сорақысын көріп жатсақ таңқалуға болмайды. Бір қызығы, құты сыртындағы мәліметте сыра «TAŃBA» тауарлық белгісіне ие деп көрсетілгенімен, Әділет министрлігінде «TAMGA» деп тіркелген екен. Екі түрлі атау екіұшты ойға қалдырды.
Ал қоғам мүшелері, облыстық зиялы қауым өкілдері осы тақілеттес мәселелерге қазірден тыйым салыну керектігін, егер тап осылай жалғаса беретін болса соңы жақсылыққа апармайтынын айтады.
– Ашығын айтқанда қазір қоғамда жаға ұстатарлықтай неше түрлі жайттар орын алып жатыр. Жаңалықтардан көріп, баспасөзден оқып, әлеуметтік желіден көзіміз шалып қалғанда өне бойың тітіркеніп кетеді. Бірақ қазір сізден естіп отырған масқараны, ру аттарын, таңбаларын басқа емес, ішімдіктің сыртына бейнелейді деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмеген.
Рас қазір адамдар мол табыс табу үшін ойға кіріп шықпайтын қитұрқылыққа барып жатыр. Сыраға ру аттарын жазып, таңбасын бейнелеу де осы сөзімнің айғағы. Шектен шыққандық, – дейді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев.
«Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы республикалық жалпыұлттық қозғалысы облыстық филиалының төрағасы Қасымхан Төлендиевтің де пікірі Еркінбек Бейсембекұлының ойымен сабақтасып жатыр.
– Алғашында әлеуметтік желіде суреті салынып, қызу талқыға түскенде сене қоймадым. Кейін өз көзіммен көріп, теріме сыймай ашуландым. Тауарды шығарып жатқандар ертеңгі күні құты ішіндегі сырасы ішіліп, қоқысқа лақтырылатынын ойламады ма екен?! Не ойлағаны барын кім білсін? Мүмкін алғашында өз руының атын ғана қойғысы келіп, кейін бөле-жармайын деген оймен өзге руларды да қосып жіберген болар. Қалай болған күнде де жақсы нәрсе емес. Ата-бабамызға құрметі осы ма?! – дейді Қ.Төлендиев.
Біздің қолымыздан бар келетіні, талайды ашындырып, көптің талқысына түскен мәселеге бей-жай қарап қалмай, үн қосу. Бұл ретте мойнымызға артылған жауапкершілік жүгін абыроймен көтере алдық па, алмадық па, білмедік. Оқырман өзі сараптай жатар. Дегенмен, ру аттары таңбаланған сыраны ішіп алып, жастарымыз бір-бірінің жағасынан алмасына кім кепіл? Міне, осы сұрақ «керемет» сусынды шығарушыларды ойландыруы тиіс-ақ.

Талғат НҰРХАНОВ

ПІКІР