Қоғам

«Қазфосфаттықтар» ұлт көшбасшысымен бірге!

Written by Aray2005

Қазақ елінің тәуелсіз мемлекет болып қалыптасуы жолында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сіңірген еңбегі өлшеусіз. Аумалы-төкпелі заманда батыл шешім қабылдап, елді асқан саясаткерлігінің арқасында өркениет көшіне ілестіре білген Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті тақыр жерден қала тұрғызып, оны ілім-білім қуған жастардың, іскер адамдардың тұрағына, тіпті халықаралық деңгейдегі маңызды жиындар өтетін ордаға айналдырды.

Қайнаған тіршілік пен сан түрлі тағдырлар тоғысқан әсем қала Астана бұл күнде бейбітсүйгіш елдің бас қаласы ғана емес, әлем назарын қауіпсіз мекен ретінде өзіне аударып үлгерді. Бір кездері бодандық қамытын киген халқымыз өз алдына ел болғанда болашағымызға даңғыл жол ашқан кім еді?! Еліміз егемендік алған жылдар ішінде мемлекетіміз адам танымастай өзгеріп ғана қоймай, нарықтық экономика, әлемдік саясат, спорт, руханият секілді маңызды салаларда тасымыздың өрге домалап, туымыздың көкте желбіреуіне бірден-бір себепкер болған Нұрсұлтан Әбішұлы екенін ел жақсы біледі. Сондықтан да Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Мемлекет басшысы ретінде өз өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатқаннан кейін, ел тізгінін қолға алған жаңа Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Астана қаласын– Нұр-Сұлтан қаласы деп атау туралы Жарлыққа қол қоюын қазақстандықтар, оның ішінде Жамбыл жұртшылығы да бірауыздан қолдайтындарын аңғартты. Бұған «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Минералды тыңайтқыштар зауыты» алаңында өткен митинг барысында тағы бір мәрте көз жеткізгендей болдық.
Жиында «Жамбыл облысының кәсіподақ орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Мейрамбек Төлепберген сөз сөйлеп, жұртшылықты бас қалаға Тұңғыш Президент есімінің берілуімен құттықтады.
– «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі десе, санамызға бір салмақты ой оралады. Мәселен, кез келген елдің бойтұмары, жүрегі болады десек, «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бүкіл Қазақстанның химия өнеркәсібінің алыбы. Ал Жамбыл облысы десе, елдің есіне «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі түседі. Мұны сөз етіп отырған себебім, Нұрсұлтан Әбішұлы өңірімізге жасаған әрбір жұмыс сапарында осы өндіріс орнына ат басын бұрмай кеткен емес. Өйткені бұл – Қазақстанның экономикасын алға сүйреп отырған бірден-бір кәсіпорын. Сондықтан да мен Қазақстанның Тұңғыш Президенті еліміздің сүйіктісі, барлығымыздың үлгі алатын азаматымыз деп сеніммен айта аламын.
Өткенге көз жүгіртсек, басынан талай нәубетті өткерген қазақ халқы тәуелсіз ел болуды армандап жүргенде бағымызға орай Алла бізге Нұрсұлтандай дара тұлғаны беріп, болашағымызды жарқын етті. Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында шекарамыз шегенделіп, еліміз әлемдегі алпауыт елдермен иық тірестіре алатындай дәрежеге жетті. Әлем қазақ деген ұлттың бар екенін білді. Мәселен, 1980 жылы Жақсылық Үшкемпіров Олимпиада чемпионы болғанда, қазақ деген ұлт тізімге 68-болып жазылған екен. Ол кезде бізді ешкімнің білмегені, елемегені баршаға аян. Ал қазір Қазақ елі, қазақ ұлты Нұрсұлтан Әбішұлының есімімен тығыз байланысты. Себебі Елбасы Арқа төсінен ару қала салдырып, бас шаһар бүгінде әлемдегі ең таңдаулы 10 қаланың қатарынан көрінді. «Тарихты тарихи тұлғалар ғана жасайды» дейтін болсақ, сол тұлға Тұңғыш Президентіміз. Сол себепті Астана қаласының Нұр-Сұлтан деп аталуын орынды деп ойлаймын, – деді Мейрамбек Мылтықбайұлы.
Келесі кезекте «Қазфосфат» бастауыш партия ұйымының және жастар одағы орталығының төрағалары Талғат Рысқұлов пен Абзал Қонысбаев, аммофос цехының технолог шебері Болат Көптілеуов сөз сөйлеп, зауыт ұжымының тарихи шешімге бірауыздан қолдау білдіретіндерін жеткізді. Одан бөлек «Днепр» украин мәдени орталығының мүшесі Федор Клименко Астананың әлемдік деңгейдегі мәселелерді шешуде маңызы, беделі айрықша екенін тілге тиек етіп, жаңа Президенттің әділетті шешім жасағанына, бұл Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқы алдындағы елеулі еңбегіне берілген лайықты баға екеніне тоқталды. Жиын барысында облыстық филармония мен қалалық мәдениет үйінің әншілері концерттік бағдарлама ұсынды.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

ПІКІР