«Қазфосфаттың» 2 460 жұмысшысы екпе салдырды

0 4

Облыстағы ірі кәсіпорындардың бірі «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қызметкерлерге жаппай екпе салдырту науқанын бастап кетті.

«Қазфосфат» компаниясында жұмыскерлерін вакциналау науқаны 17 наурыздан басталған. Қазір екпе салу жұмыстары кәсіпорын ғимаратында жүргізіліп жатыр. Вакциналау жұмыстарын бастамас бұрын медицина қызметкерлері ұжыммен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бүгінгі таңда компанияда 2 460 жұмыскер ерікті түрде екпе алды. Бұл көрсеткіш жұмыскерлердің жалпы көлемінің 39,4 пайызын құрайды.
Зауыт жұмысшыларының ыңғайына қарай 18 көш­пелі екпе салу бригадасы құрылды. Вакциналарды сақтау және тасымалдау үшін арнайы тоңазыту жабдығы қарастырылған. Медицина қызметкерлері кәсіпорынға күн сайын 80 екпе дозасын жеткізіп отыр.

– Коронавирус инфекциясына қарсы вакцина салу алдында зауыттың әр қызметкерінің қан қысымы мен жүрек соғуы тексеріледі. Егер барлық көрсеткіштер қалыпта болса, онда екпе салуға болады. Екпе салынған соң пациент 30 минутқа дәрігерлер қарауына жіберіледі. Бүгінгі таңда бізде ірі ұйымдардың бірінші жетекшілері вакцина алуда белсенділік танытып жатыр, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас эпидемиологы Гүлфайра Мырзабекова.
Күні кеше Жаңа Жамбыл фосфор зауытында 790 адам екпе алды.
«Қазфосфат» ЖШС-ның бас директоры, Еңбек Ері Мұқаш Ескендіровтің екпе салдыртуды өзінен бастауы қызметкерлерге мотивация болды. Мұқаш Зұлқарнайұлы әріптестерін қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырды.
– Мен облысқа вакцина келген алғашқы күннен бастап екпе салдырттым. Хал-жағдайым жақсы. Мені қолдап, компанияның қалған басшылары да вакциналауды бастап кетті. Бизнес-қоғамдастықты вакциналау процесін бастауға шақырамын. Біріншіден, біз өзіміз және қызметкерлерді қорғаймыз, екіншіден, қоғам вирустан тезірек құтылады, – деді кәсіпорын басшысы.
Өңірде иммунитет көтеру кампаниясын ұйымдастыру үшін демалыссыз жұмыс істейтін 36 екпе пункті ашылды. Жыл соңына дейін облыста 600 мыңнан астам тұрғынға екпе салу жоспарланған.
Осы ретте Жамбыл облысы індеттің таралу қарқыны бойынша «жасыл» аймақтан «сары» аймаққа ауысты. Қауіпті инфекцияға соңғы аптада 277 адам шалдықты, бұл өткен аптамен салыстырғанда 110 жағдайға артық көрсеткіш.

«ARAI»-ақпарат

Leave A Reply

Your email address will not be published.