Экономика

«Қазфосфаттың» қарышты қадамы

Written by Aray2005

Жыл сайын мамыр айының соңғы жексенбісінде химия өнеркәсібінің өкілдері Химиктер күнін атап өтеді. Жасыратыны жоқ, химия өндірісінсіз адамзат бүгінгі даму деңгейіне жете алмайтын еді. Жалпы, химия өнімдері кен, металлургия, ауыр және жеңіл өнеркәсіп, фармацевтика, құрылыс және тамақ өнеркәсібінің түрлі салаларында сұранысқа ие. Ал біздің өңірде еліміздегі химия саласының жүрегі саналатын «Қазфосфат» ЖШС республикадағы бірегей өндірістік құрылым.

Жамбыл және Түркістан облыстарындағы бірқатар химиялық кәсіпорындарды біріктіретін серіктестіктің өндірістік нысандары «Қаратау» тау-кен өңдеу кешені, Жаңа Жамбыл фосфор зауыты, Минералдық тыңайтқыштар зауыты, Теміржол көлігі кешені, Шымкент қаласындағы синтетикалық жуу заттарын шығаратын зауыттары тірлігін тіктеп, өнім өндіруде. Жалпы, бұл өндіріс ошақтары минералдық шикізат өндіру, байыту және өңдеу, олардың негізінде өнеркәсіптік өнім мен халық тұтынатын тауарлар шығарумен айналысады. Сондай-ақ геологиялық барлау жұмыстарын жүргізіп, минералдық тыңайтқыштар, сары фосфор және оның қосылыстарын да өндіреді. Негізгі бағыттарынан басқа «Қазфосфат» ЖШС фосфор саласындағы кәсіпорындардың құрылымын дамытуға, өндірістік процестерін жетілдіруге, қуаттылығын арттыруға бағытталған үлкен істер атқаруда. Бұл іс-шаралар Қаратау фосфорит алабының табиғи қорларын тиімді пайдалануды қамтамасыз етеді.
ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың ең басты қағидасы– халқымыздың тұрмыс-тіршілігіне, әл-ауқатын арттыруға оң әсер ететін экономиканың түрлі салаларын дамыту. Сондықтан ол өзінің өткен жылғы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында осы мәселелерге кеңінен тоқталып, оны шешуді тапсырған болатын. Елбасының аталған Жолдаудағы тапсырмасына сай, компанияда жұмысшылардың әлеуметтік жауапкершілігі әрқашан дамудың негізгі көрсеткіштерінің бірі болып саналады. Осы орайда компания басшылығы үшін жұмыспен қамту, жалақының өсуі, жұмысшылар мен олардың отбасыларының денсаулығы мен әл-ауқатын басты назарда ұстап келеді. Мәселен, өткен жылы жұмысшылардың жалақысы 2017 жылға қарағанда 13,4 пайызға артқан. Ал биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл көрсеткіш орта есеппен тағы 10 пайызға көбейіпті.
– Бүгінде «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің балансында бірқатар әлеуметтік нысандар бар. Оларды дамыту және жетілдіру үшін тек 2018 жылдың өзінде 453,8 миллион теңге жұмсалды. Сондай-ақ 2011 жылдан бастап 52 тұрғын үй учаскесінде жас қызметкерлерге арналған жатақхана пайдалануға берілді. Жыл сайын 2 000-ға жуық жұмысшы мен олардың отбасылары арнайы диспансерде демалады. Ал жазғы маусымда
1 000 балаға арналған «Жұлдыз» денсаулық сақтау лагері жұмыс істейді. Аталған жерде жұмысшыларымыздың балаларының демалуына барлық жағдай жасалған. Бұдан өзге Тараз және Жаңатас қалаларында спорттық кешендер мен алаңдар бар. Бұл қызметкерлердің бос уақыттарын тиімді пайдалануы үшін өте тиімді. Сонымен қатар компания кәсіподақ ұйымдарымен белсенді түрде жұмыс істейді. Өз кезегінде жұмыс беруші кәсіподақ қызметкерлерін өз өкілеттіктерінің мерзімі аяқталғаннан кейін бұрынғы немесе баламалы жұмысын қамтамасыз етуге кепілдік береді. Еңбекшілердің әлеуметтік және еңбек кепілдіктерін қамтамасыз ету мақсатында қолайлы еңбек жағдайларын жасау үшін өткен жылы «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі және еңбек ұжымы арасында жаңа ұжымдық шартқа қол қойылды. Мұның барлығы жұмысшылардың еш алаңсыз жұмыс атқаруы үшін жасалынып жатқан жағдай, – дейді серіктестіктің бас директоры Мұқаш Ескендіров.
Ел аумағында Д.Менделеев кестесінің барлық дерлік элементтері бар. Оның ішінде біздің өңірдің де әлеуеті жоғары. Бұл осы саладағы қызметкерлердің жұмысты жемісті етіп, әрі қарай терең ғылыми зерттеулерді жалғастырулары қажет-ақ. Сондықтан компания өз қызметкерлеріне барынша көңіл бөліп, ілкімді іс тындыруына жол ашып отыр. Қызметкерлер заңнамада қосымша мерекелер, медициналық және профилактикалық тамақтану, сүт, киім, жеке қорғаныс құралдары түріндегі барлық жеңілдіктерді алады екен. Компания барлық салаларда өндіріске жұмыскерлерді көлікпен тасымалдау бойынша шығынды да өз мойындарына алған. Өткен жылы осы шараға 220 миллион теңгеден астам қаржы бөлініпті. Сондай-ақ қызметкерлерге материалдық көмек те көрсетіледі. Бұл бағытта жыл сайын 166 миллион теңгеден астам қаржы қарастырылады.
– Басты мақсатымыз – бізде қызмет атқаратын азаматтардың әлеуметтік қауіпсіздігі мен әл-ауқаты. Бұл қоғамдағы тұрақтылықтың кепілі. Біз барлық қазақстандықтардың әл-ауқатының артып, өндіріс ошақтарындағы еңбек қауіпсіздігінің қамтамасыз етілуі мемлекетіміздің ең маңызды міндеті болып қала беретінін білеміз. Компания осы мәселеде толық жауапкершілікті сезінеді және өз қызметкерлері мен олардың отбасыларының әл-ауқатын сақтау және арттыру үшін барлық күш-жігерін жұмсайды, – дейді Мұқаш Зұлқарнайұлы.
Сондай-ақ компания жұмыс жасаймын деген жастарға мол мүмкіндіктерді қарастырып отыр. Бүгінде онда 6 000 қызметкер жұмыс істейтін болса, олардың қатарында жастардың алатын үлес салмағы айтарлықтай. Нақтырақ айтқанда, кәсіпорындағы жұмысшылардың 34 пайызы жасы 35-ке дейінгі жастарды құрайды. Яғни 2 174 жас серіктестік кәсіпорындарында тұрақты жұмыспен қамтылған. Болашақ жастардың қолында екенін жете түсінетін серіктестік басшылығы 2011 жылы белсенді жастар қозғалысын қалыптастырып, жас мамандардың басын қосып біріктіру мақсатында Жастар одағын құрған. «Артқа қарай шегінбе, орныңда қалма, тек қана алға!!!» атты ұраны бар ол ұйым жастардың бос уақытын тиімді пайдалану мен химия саласы бойынша білімдерін жетілдіру бағытында ілкімді істерді атқаруда. Одақ төрайымы Диана Аралбаеваның айтуынша, ұйым биылғы Жастар жылына орай бірқатар шараны іске асырыпты. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстары жалғаса бермек екен.
– Одақ тарапынан жастарды жатақханаға орналастыру мәселелері бойынша да ілкімді істер жасалынуда. Расында, өз ісінің шебері болып, уақыт өте келе қызмет сатысы да жоғарылайды. Бұл тұрғыда оларға ең әуелі білім қажет. Сондықтан Одақ тарапынан жұмысшы жастарды жоғары білім алуға шақырып, оның жолдарын көрсетеміз. Елбасының өзі биылғы жылды біздерге еншілеп бергеннен кейін жоспарсыз отырған жараспайды. Компанияның бас директоры Мұқаш Зұлқарнайұлының басшылығымен серіктестік жастары арасында үлкен мега жоба өткен болатын. «Болашақ біздің қолымызда!» деп аталған жобаның жеңімпаздары анықталып, марапатталды, – дейді Д.Аралбаева.
Кезінде Елбасы Н.Назарбаевтың өзі үлкен сенім артып, жұмысы жүйеленіп кетуіне барынша мемлекеттік қолдау көрсеткен өңірдегі фосфор өндірісінің ошағы «Қазфосфат» бүгінде алға нық қадам басып келеді.

Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ

ПІКІР