Жастар.kz

«Казфосфаттың» жас өнертапқыштары

Written by Aray2005

Ел іші болған соң өңірімізде ойы озық, қиялы ұшқыр жастардың болмауы мүмкін емес. Осыны ескерген «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Жастар жылына орай өндіріс саласында жүрген озық ойлы, өнертапқыштық қасиеті бар жасы 35-ке дейінгі азаматтар арасында «Болашақ біздің қолымызда» атты конкурс өткізді.

Серіктестікте 6 223 адам еңбек етсе, оның 2 167-сі 18-35 аралығындағы жастар. Конкурстың алғашқы кезеңінде осы компанияда жұмыс істейтін 70-ке жуық жас байқаудың бірінші кезеңінде өздерінің 59 креативті жобаларын ұсынып, соның ішінде 35-і ақтық сынға өткен болатын. Кеше аталған серіктестіктің Минералды тыңайтқыш зауытында финалға өткендер өз жобаларын арнайы құрылған комиссия алдында қорғады. Аталған комиссияның және «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басқарма төрағасы Мақсұтбек Есенов бұл Жастар жылына арналған ауқымды жоба екенін айта келе, ақтық айналымға шыққандарға сәттілік тіледі.
– Жобаның мақсаты – компанияда еңбек ететін жастардың өзін-өзі дамытуына жағдай жасау. Көшбасшылық қабілетін арттырып, іскерлік белсенділігін, қарым-қабілетін, жобалау дағдыларын қалыптастыру және шығармашылық ұжымда әдіс-тәсілдерін жетілдіріп, идеяларын қанаттандыру. Бұдан бөлек жастардың идеясы арқылы қоғамдағы немесе компаниядағы техникалық, экономикалық, әлеуметтік секілді сан түрлі саладағы өзекті мәселелерді шешу. Осы конкурстың арқасында жастар тек қызметкер болып қана қоймай, өзекті мәселелерді шешуде басшылық қабілетке ифе екенін де көрсете алатынына сенімдімін, – дейді комиссия төрағасының орынбасары, «Қазфосфат» ЖШС-ның бас директоры Мұқаш Ескендіров.
Өздерінің креативті идеялары мен ұтымды ұсыныстарын көптің талқысына салған өнертапқыштың бірі – «Қазфосфат» ЖШС Минералды тыңайтқыш зауыты бас энергетигінің орынбасары Абзал Қонысбаев. Ол өз жобасында өндіріс орнындағы жүк көтергіш механизмдердегі пайдаланылатын сымдарды алып тастап, оның орнына қабылдағыш және жібергіш сигналдарды енгізу арқылы механизмді пультпен басқару ұсынылғанын айтады.
– Конкурста жастар экологиялық, әлеуметтік, техникалық, электрлік, механикалық және өндірістік салалар бойынша өз жобаларын қорғап жатыр. Негізінен, менің жобам «Сымсыз басқару» деп аталады. Бұл жүк көтергіш заттарды пульт арқылы алыстан басқару. Аталған жаңа құрылғы алғаш Минералды тыңайтқыш зауытында қолданылып, қазір өңірдегі өндіріс орындарының сексеннен астам нүктелерінде пайдалануға енгізіліп үлгерді. Осы құрылғы арқылы 600-900 келіні тартатын жүкті ашық вагондарға артуға болады. Бұл өз кезегінде еңбек өнімділігін арттыратыны анық, – дейді Абзал Қамбарұлы.
Конкурс нәтижесінде І орынды Жаңа Жамбыл фосфор зауыты өндіріс бөлімінің инженері Роман Сырцов жеңіп алып, 300 мың теңге жүлде қорымен марапатталды. Ал ІІ орын Минералды тыңайтқыш зауытының лаборанты Вера Далингерге бұйырып, 200 мың теңге қаржылай сыйлыққа ие болды. «Қаратау» тау-кен өндірісінің бақылау-өлшеу құрылғылары және автоматика бөлімінің басшысы Нұргелді Саттарханов ІІІ орынға лайық деп танылып, 100 мың теңге иемденді. Жаңа Жамбыл фосфор зауытының лаборанты Ақтолқын Дәулетова «Үздік әлеуметтік жоба» және «Қазфосфат» ЖШС Тараз офисінің бағдарламашы-кеңесшісі Әнел Ержанова «Әлеуметтік маңызы бар жоба» аталымдары бойынша марапатталып, оларға да 100 мың теңгеден берілді.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

ПІКІР