Қажырлы еңбекке – лайықты марапат

0 5

Кеше «Еріктілер ерлігі еленеді» атты қалалық волонтер жастармен кездесу өтіп, жиында еріктілердің ата-аналарына құрмет көрсетілді. Кездесуге қала әкімінің орынбасары Алмас Садубаев, облыстық жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Арайлым Абдуалиева қатысты.

Жиынды ашқан Тараз қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Абзал Есіркепов былтыр Волонтер жылы аясында облыс орталығында бірқатар жұмыстар атқарылғанын тілге тиек етіп, осы бағыттағы алдағы жоспарларымен бөлісті. Өз кезегінде қала әкімінің орынбасары Алмас Садубаев Тараз қаласындағы қоғамдық жұмыстардың бел ортасынан табылатын еріктілердің жұмысын жоғары бағалап, ата-аналарына алғысын білдірді.
– Өткен жыл ешкімге оңайға тиген жоқ. Қауіпті вируспен күрес барысында волонтерлер алғы шепте жүріп, мұқтаж жандарға қол ұшын беріп, түрлі қиындықпен күресе білді. Әлемді жайлаған індет қайырым мен мейірімнің қаншалықты маңызды екенін анық көрсетті. Бұл тұрғыда еріктілердің еңбегі ерен. Олар өткен жылы екі мың отбасыны азық-түлікпен қамтамасыз етті. Сондай-ақ 300 отбасыға түрлі әлеуметтік көмектер көрсетті, – деген А.Садубаев волонтерлерге қала әкімдігі тарапынан қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Ал облыстық жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Арайлым Абдуалиева төтенше жағдай мен карантин кезінде волонтерлер қауіптің бел ортасында жүріп, халыққа азық-түлік тасығанын атап өтті. Сонымен қатар дәрі тапшылығы сезілгенде де еріктілер мониторинг жасап, дәрі-дәрмек бағасының қалыпты болуына атсалысқанын сөз етті.
Мұнан соң Алмас Кәдірбекұлы бірқатар еріктілердің ата-аналарына құрмет көрсетіп, алғыс хаттармен марапаттады. Сондай-ақ «Жалын» еріктілер қозғалысының көшбасшысы Данагүл Сауытбек, «Қазақстан студенттер Альянсының» көшбасшысы Дильназ Бейсекина, «Темірқазық» еріктілер қозғалысының көшбасшысы Азамат Намелбек «Үздік көшбасшы» номинациясымен марапатталса, Мейіркүл Бестерек, Нұрсая Сағымбек, Гүлназ Кенжебековалар «Үздік волонтер» ретінде танылды. Бұдан өзге бірқатар еріктілерге де алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етілді.
Жиын соңында Азамат Намелбек есімді волонтердің анасы Гүлбану Даукулова сөз алып, ерікті жастардың болашағынан үлкен үміт күтетінін айтып, қала әкімдігіне алғысын жеткізді.

Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.