Сұхбат

«Қазір тек өз фабрикамызда тігілген киімдерді киемін»

Written by Aray2005

«Адам көркі – шүберек» дейді дана қазақ. Расында да сәнді киім кез келген жанның ажарын ашып тұратындығы сөзсіз. Бұл тұрғыда қыз-келіншектердің қызығушылығы ерекше. Нәзікжандылар әрбір жаңа маусым сайын гардеробына өзгеріс енгізгісі келіп тұратындығы жасырын емес. Осы орайда отандық кәсіпорындар да көпшіліктің талғамына қарай жұмыс істеуге күш салуда. Соның бірі — Тараз қаласында ашылған «Bakonya» М.В.А. сән фабрикасы. Біз фабрика басшысы Бағдат Майлыбаевамен сұхбат барысында киім үлгілеріне қатысты көп жайтқа қанықтық.

– Бағдат Асаубайқызы, өзіңіз негізін қалаған «Bakonya» М.В.А. сән фабрикасының ашылғанына 1 жылдан асты. Сіз бір сұхбатыңызда сән фабрикасын Алматы секілді үлкен мегаполистерден емес, Тараз­дан ашуыңызға туған жеріңіздің дамуына үлес қоссам деген ниетіңіз себеп болғанын айтыпсыз. Үмітіңіз қаншалықты ақталды? Тараздық қыз-келіншектердің сұранысына кәсіпорын ұсынатын тауарлар сай келіп отыр ма?
– Расында, фабриканың ашылғанына 1,5 жылға жуық уақыт өтті. Өкінішке қарай, әлі күнге дейін кәсіпорнымызды ательемен шатастырып жүргендер баршылық екен. Себебі бізге жеке тапсырыспен киім тіктіргісі келетіндер жиі бас сұғады. Өз кезегімізде біз ателье емес, фабрика екенімізді айтып, түсіндіреміз. Әрине, маған тұтынушыға керек киімін пішіп, тігіп беру қиындық тудырмайды. Дегенмен біздің алға қойып отырған мақсатымыз бөлек. Өйткені бізде әрбір киім өзінше ерекшелігімен тігіледі. Оның үлгісін жасағанда тапсырыс берушінің жасын, тұрмыс салтын ескеруге тырысамыз. Бірқатар тұтынушылар дайын көйлекті таңдап, оның неге үлкен өлшемдегі үлгісі жоқ екенін сұрап жатады. Ал ол кісінің қалауы түсіп тұрған киімі үлкен өлшемде тігілсе, ол сәнін де, әрін де жоғалтады. Сондықтан жеке фабрика болғанымен, жеке тапсырыстарды қабылдауды дұрыс көремін.
Ал сұрағыңызға келер болсақ, көпшілігі алматылықтардың талғамы жоғары әрі тұтынушылар санының да көптігін айтып, неліктен мұндай фабриканы ірі қаладан ашпағанымды сұрап жатады. Ата-анамның берген тәрбиесімен қанға сіңген қасиет шығар, мен адам әуелі өзін, өзінің жақындарын, отбасын, туған жерін жақсы көруі керек деп есептеймін. Өзім Сарысу ауданының тумасы болғандықтан туған жеріме бүйрегім бұрып тұрады. Бұрындары әкем ауылға жиі барып, жақындарына соғып тұрса, мен жастықпен ол кісіні түсінбей жататынмын. Енді жас келе өзім де сондай болдым. Сол себепті кәсіпкерліктегі алғашқы қадамымды сүйікті қалам – Тараздан бастағым келді.
– Кәсіпорындағы жұмыс тобы, яғни сәнді киімді дүниеге әкелетін тігіншілер туралы қысқаша айтып өтсеңіз…
– Бүгінде фабрикада 15-ке жуық ісмер жұмыс жасауда. Ал жалпы өнеркәсіп орны 150 адамға арналған. Яғни фабрикамыздың әлеуетін алдағы уақытта сонша адамға кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Бұл үшін атқарылар жұмыс әлі көп. Десе де мақсатымызға жету жолында тынбай еңбек ететініміз айқын. Бұл тұрғыда мемлекет тарапынан отандық өнім өндірушіні насихаттауға көмек болса дейміз…
– Киім тігу ісімен айналысып келе жатқан уақыт ішінде саланың қыр-сырын меңгеріп үлгердіңіз. Осы тұста жиі алдыңыздан шығатын, сізді алаңдататын мәселелер бар ма?
– Байқасаңыз, қазіргі таңда киім-кешек дүкендері көп. Сол сауда орындарында 2-5 мың теңге аралығындағы киімдер толып тұр. Алайда жұртшылық бұл киімдердің бағасы не себепті арзан болып тұрғанына бас қатыра бермейді. Өйткені қазіргі уақытта халық жиі шалдығатын аллергияның туындауына киген киіміңіздің материалының сапасыздығы себеп болуы мүмкін екенін бірі білсе, бірі біле бермейді. Ендеше, сол дүкендердегі арзан өнімнің адамның өміріне қауіп төндірмесіне кім кепіл? Оған ешкім бас ауыртып жатқан жоқ. Киім тігу саласында жүргендіктен мені осы бір мәселе алаңдатады.
Алайда таяқтың екі ұшы бар ғой. Шындығына келгенде, қарапайым халықтың қымбаттау киім алуға шамалары келмейді. Бір жағынан сондай қаржыға арзан киімдер сатып, халықтың қажеттіліктерін өтеп жатқан саудагерлерге де алғыс айтқым келеді.
Қазақта «Арзанның сорпасы татымас» деген сөз бар. Мәселен, мен жеке фабрикам бола тұра өзіме 2 мың теңгеге киім тігіп кие алмаймын. Өйткені ол өз құнын ақтамайды. Айталық, бір көйлекке жоқ дегенде 3 метр мата кетеді. Оның метрін кем дегенде базардан 2000 теңгеге сатып алдым дейік. Оны тігу керек. Фурнитурасы және бар. Оның салығы, тіккен адамдардың айлық жалақысы дегендей мәселелер де жеткілікті. Бұл шығындардың барлығын қоссақ, 2 мың емес, 10 мың теңгеден де асып кетеді. Міне, шебердің қолынан шығатын сапалы киімнің қымбат болуына осы жайт та себеп болып жатады. Сол себепті бағасы жоғары болса да, сапалы киім алуға ұмтылуды үйренген жөн шығар. Яғни киім кию мәдениетін үйрену керек.
Осы тұста туындайтын тағы бір мәселе бар. Күнделікті киім үлгілерінің жаңа, әдемі түрлерін іздеп жүретіндіктен көп нәрсеге жіті мән беріп қарайтыным жасырын емес. Мысалы, көшеде киімі өзіне аса жарасымды қыздарды көзім шалса, жақындап барып киімнің сапасы мен сол киімге қолданылған шикізатты көріп алуға тырысамын. Алайда зер салып қарасаң, арзан әрі жайсыз, денеге зиянды матадан тігілгені көзге ұрып тұрады. Бұл да адамның киіну мәдениетін жетілдіруіне, өзін өзі сыйлауға үйренуіне келіп тірелетін жайт.
– Бүгінде өз өнімін қазақстандықтарға ұсынып отыратын отандық сән фабрикалары мен дизайнерлер көп. Әсіресе әлеуметтік желідегі жарнамаларынан көз сүрінеді. Ал сіз ұсынатын киімдердің ерекшелігі қандай? Тұтынушылар сіздің өнімдердің қандай ерекшелігін бағалап жатады?
– Жоғарыда айтқандай, мен киімдерімнің маталарына ерекше мән беремін. Қоғамда нәзікжандылардың жұмысы көзге көрінбегенімен ауыр болып келеді. Ол мейлі кеңседе жұмыс істесін, базарда тұрсын, болмаса үйде балаларын қарап отырсын. Үнемі қозғалыста болғандықтан оларға денесіне жайлы, демалып тұратын матадан тігілген киімдер киіп жүру керек. Мен осыны ылғи ескеріп отырамын.
Сол себепті пайдаланылатын маталарды Қытайдан, Дубайдан арнайы барып алып келемін. Әсіресе Қытайдың Гуанчжоу қаласында маталардың түр-түрі бар. Өйткені ол Ұлы Жібек жолы кезеңінен мата өндірісінің қанат жайған жері. Сонан соң маталарды көзбен көріп, қолмен ұстап таңдап алғанды жөн көремін. Мысалы, Дубайда мата сататын тұрақты саудагер танысымыз бар. Ол кісі маған сапарға шықпай-ақ керекті тауарға ғаламтор арқылы тапсырыс беруіме болатынын айтып жатады. Шынымды айтсам, бұл маған да жеңіл. Алайда тігілген киімнің сапалылығы мен жайлылығына жауап беретін болғандықтан, бұлай жүрдім-бардым қарауға дәтім шыдамайды. Сонда ғана өз тауарларым үшін ұялмай, тұтынушыларыма сенімді түрде ұсына аламын.
– Іс бастаған соң ілгерілетпесе тағы болмай­ды. Тағы қандай тың бастамаларды қолға алып жатырсыздар?
– Айта кетер жайт, қазіргі таңда киімдер жиынтығына тоқыманы қосып жатырмыз. Яғни тоқыманы шифонмен біріктіріп тігеміз. Кейде барқыт пен шифонды үйлестіріп те ұсынып жатамыз. Ол нұсқалардың да өз ерекшеліктері бар. Әрине, мұндай эксперименттер оңайға түспейді. Бірақ тігіншілерім қалыптасып, түрлі киім үлгілерін жасап шығаруда. Біздің ерекшелігіміз де сонда деп ойлаймын.
Сонымен қатар биыл 3 жастан 7 жасқа дейінгі қыз балаларға арнап жаңа коллекция қостық. Ашылғанымызға 1 жыл толуына орай Нұр-Сұлтан қаласынан жаңа дүкен аштық. Оның іске кіріскеніне көп болмаса да, назар аударып жатқандар жетерлік.
Түрлі көрмелерге шақыруға ұсыныстар түсіп жатады. Біразына қатысып үлгердік. Мәселен, жуырда бізді Италияға көрсетілімге шақырды. Мәскеуге әйгілі «Mercedes Benz» компаниясының сән көрсетіліміне шақырту алдық. Бүгінде дайындық үстіндеміз. Көрмедегі сөрелерге киімді арнайы ілгіштерге іліп қоямыз. Олардың әрқайсысы ақылы. Бірақ бізге қосымша ілгіштерді тегін береді. Себебі олар біздің киімнің сапасы мен бағасына қызығушылық танытып жатады.
Жалпы, бізде тігілген киімнің бағалары 5 мың мен 80 мың теңгенің көлемінде. Бізде тойға немесе үйге киетін көйлектер, халаттар, көрпе-төсек жабдықтары бар. Бүгінгі таңда ер азаматтарға да киімдерді тігуге өте көп сұраныс түсіп жатыр. Бұл сұраныстарды алдағы уақытта ескеретін боламыз.
– Фабрикада тігілген киімдеріңізді өзіңіз киесіз бе?
– Расын айту керек, мен бұрындары киімді «Прага» сынды қымбат дүкендерден алып киетінмін. Ондағы көйлек-көншектердің бағасы әжептәуір қымбат. Себебі ол дүкенде сатылатын дүниелер – «Gucci», «Dolce Gabbana» сынды негізі қаланғанына ғасырлар өткен брендтердің киімі. Олардың қарапайым бір жейдесінің өзі аспандап тұр. Қазір сол кезді ойлап, неге сонша ысырап еттім екен деп ойланамын. Өйткені ондағы киімдердің бағасы шарықтап тұрғанымен, сапасы біздің киімдермен бірдей еді. Қазіргі таңда мен барлық киімді осы өзімнің фабрикамнан киемін. Тіпті жақын туыстарым, әулетіміздің қыз-келіншектері осы «Bakonya» М.В.А. қазақстандық брендінің тұрақты тұтынушылары.
Халықты тарту үшін алдымен киімдерді өзім киіп сендіруім керек. Өзімде фабрика бола тұра басқа брендті кисем, әділетсіздік болар еді. Менің гардеробымнан «Bakonya» М.В.А. сән үйінің қыстық пальтоларын да көре аласыздар.
– Ал шоу-бизнес өкілдерімен жұмыс жасайсыздар ма?
– Шоу-бизнес өкілдерімен жұмыс жасауға қарсымын. Кейбір әріптестеріміз әнші-әртістерге киімдерін сыйлап, өз-өздерін жарнамалатып жатады. Менің жаным ондайды қаламайды. Бәлкім, онымды басқалар сараңдыққа жатқызар. Мен қарапайым халықтың менің тауарымды өздері келіп таңдап, тұтынғанын жөн көремін. Олардың алғысы мен үшін маңыздырақ.
– Бұл сұрақты қоймай кетсем болмас. Биылғы көктем, жаз маусымында қандай киімдер мен түстер сәнде болмақ?
– Жалпы қазіргі таңда әлемдік сәнгерлер адамға жайлы, ыңғайлы киімдерді киюді басты назарға алады. Қазір байқасаңыздар, көп қыз-келіншектер өздеріне өлшемі үлкен, кең киімдерді киіп жүреді. Яғни бүгінгі таңда денеге жұмсақ, кең, емін-еркін қозғалуға қолайлы киімдер сәнде болмақ. Ал түске келер болсақ, ашық және «неон», яғни көзге ұрып тұратын қанық түстер сәнде болады.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Айжан Өзбекова

ПІКІР