Қазір жұмыссыз жүретін кез емес

0 0

Кез келген мемлекеттегі жұмыссыздық мәселесінің белең алуы қоғамда үлкен дүрбелең тудырады. Өйткені жұмыссыздықтың көбеюі елдегі кедейшілік деңгейінің артуына түрткі болатын басты себеп. Ал халқын кедейлік жайлаған елде болашақ болмайтыны белгілі. Сол себепті мемлекетіміз елдегі жұмыссыздық деңгейін төмендетуді елімізде жүргізілетін саясаттың басым бағыты ретінде қарастырып, сәт сайын сан түрлі бағдарламалар қабылдап, оның жүйелі түрде жүзеге асырылуына күш салып келеді. Соның бірі – «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы.

Аталған бағдарлама «Жол картасы», «Жұмыспен қамту -2020» деген секілді атауларға ие болғанымен оның түпкілікті мәні жұртшылықтың тұрғылықты жерде жұмыспен қамтылуына ықпал ету арқылы елдегі кедейшілiкке қарсы күрес жүргiзуді көздейді. Тарқата айтқанда, осы бағдарлама арқылы бүгінде мемлекетіміздегі кез келген елдімекендер мен қалаларда орналасқан нысандарға әлеуметтік-мәдени инфрақұрылым жүйелері секілді тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарына, автомобиль жолдары мен тротуарларға, бөгеттер мен дамбаларға, көпірлерге, арналарға, су шаруашылығы нысандары мен құрылысына күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп немесе жаңасы салынып жатыр. Сонымен қоса аулалар мен көшелерді, саябақтарды, скверлерді абаттандырып, жарықтандыру және көгалдандыру жұмыстары қолға алынған. Бұл жұмыстар негізінен жергілікті тұрғындарды тарту арқылы жүзеге асырылады. Облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламар басқармасының бөлім басшысы Әлия Сапашева биыл аталған бағдарлама бойынша өңірде құны 61 миллион 167 мың теңге болатын қаржыға 831 жобаны жүзеге асыру көзделгенін айтады. Соның ішінде 826 жобаның жұмысы басталып, кейбірінің құрылысы аяқталыпты.
– Аталған бағдарламаның арқасында бүгінде өңірімізде жұмыссыздық мəселесі біртіндеп болса да өз шешімін тауып келеді Мәселен биылдың өзінде өңірде 19 мың 599 жұмыс орнын құру, оның ішінде 9 мың 850 жамбылдық азаматты жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа тарту жоспарланған еді. Бүгінде нақты 16 мың 435 адам жұмысқа тартылса, оның ішінде 8 мың 462-сі жұмысқа жол картасы арқылы орналасты. Жыл аяғына дейін тағы бес жобаны жүзеге асыру арқылы қалған азаматтарды жұмыспен қамтитын боламыз, – деді ол.
Бүгінде бағдарлама бойынша Тараз қаласы және барлық ауданда жұмыс ырғақты жүргізілуде. Соның ішінде ең көп жоба Қордай ауданында жүзеге асырылмақ. Бұл ауданда барлығы 144 жобаның жұмысы жүргізіліп жатыр.
Бұдан бөлек Сарысу ауданы, Жаңатас қаласындағы 2-ықшамауданы бойынша № 24 үйді қайта қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатқаны белгілі. Шағын қаладағы бұл нысан бойынша 114 адам жергілікті жерден жұмысқа тартылыпты. Құрылыс жұмыстары «AKM Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан жүргізіліп жатыр. Осы тектес бұл ауданда биыл 24 жобаны жүзеге асыру көзделген. Жуалы ауданында да барлығы 28 жоба бойынша жұмыс жүргізу қызу қолға алыныпты. Жуалы ауданы әкімінің бас инспекторы Мұрат Мәжитов 1 жоба бір ауданда бес, бір ауданда он нысанды қамтуы мүмкін екенін айтады. Ол бағдарлама бойынша ауданда осы жылы жұмысқа тартылуы тиіс 865 адамның 433-і жергілікті тұрғын болуы шарт екенін, бүгінде 260 жуалылық жұмыспен қамту орталығы арқылы еңбек дүбіріне араласқанын сөз етті. Мердігерлер өздеріне тиесілі қаржының 30 пайызын алып үлгерген. Қалған қаражат жұмыс толық аяқталғанда олардың есепшотына аударылатын көрінеді.
Әр отбасының жағдайының жақсарып, ел экономикасының қалыптасуына, әсіресе, жұртшылықты еңбекпен қамтуда оң ықпалын тигізетін осындай бағдарламалардың бұқараға берері мол. Бағдарламаға қатысудың басым мүмкіндіктері ауылдағы жұмыссыз ағайынға тиесілі екенін де айта кеткен жөн. Мемлекеттік қолдаудың осындай түрлері барда базбіреулердің «жұмыс жоқ» деп қол қусырып қарап отыруы бекершілік. Сондықтан жұмыссыз жүрген немесе жұмыс орны қысқарған, мамандығы маңыздылығын жойған, жұмысын ауыстыруды қалайтын, тіпті бизнеспен айналысқысы келгендердің жергілікті жердегі жұмыспен қамту орталықтарына қайырылуы қажет. Мемлекет әр азаматқа қол ұшын созуға қай уақытта да дайын.

Н.Болатұлы

Leave A Reply

Your email address will not be published.